Ұлын бақта жерледі, үйі қатты бүлінген. Бейбіт елдің тағдырын тәлкекке салған соғыс
60 жастағы Ирина ұлы Романның моласының басында тұр. Оның ұлы Украинаның шығысындағы Долгенькое ауылындағы үйінің бағына жерленген. Роман 39 жасында Ресей әскерінің шабуылы салдарынан қаза тапқан
Ресей күштері Украинаға басып кіргеннен кейін, 2022 жылы сәуірде Ирина мен күйеуі үй-жайын тастап, Житомир қаласында тұратын тағы бір ұлына бассауғалап барған. Ресей әскері шегінгеннен кейін өз мекеніне оралған ерлі-зайыпты үйі қатты бүлінгенін көрген. Хабар-ошарсыз кеткен ұлының сүйегін соғыс кезінде қираған көрші үйдің орнынан тапқан.
Ирина мен жұбайы қираған үйінің жертөлесінде тұрып көрмек болған, бірақ қыс қатты болған соң олар ауылдан кетуге мәжбүр болған.
Биыл көктемде өздерінің мекеніне оралған Ирина мен күйеуі ресейлік басқыншылар шабуылынан бүлінген үйінің ішінде үш гранатаға байланған тұзақ құрылғанын көрген. Бірақ бұл ерлі-зайыптыны тоқтата алмаған: екеуі бір кездері ұлдарын өсіріп, жеткізген шаңырағын қайта қалпына келтіруге кіріскен.
Ирина бес ұлы бірге түскен суретті көрсетіп тұр. Роман (оң жақтан екінші) анасының түсіне енеді. Иринаның тағы бір ұлы қазір әскерде қызмет атқарып жүр.
Ерлі-зайыпты бүлінген үйді ешкімнің көмегінсіз, өз күшімен жөндеп жатқандықтан ол көп уақыт алады. Киев билігі соғыс салдарынан үйі зардап шеккен немесе қираған отбасыларға көмектесу үшін арнайы бағдарлама әзірледі.
Ирина соғыс ойрандап кеткен үйді жөндеу күйеуі екеуіне қиынға соғатынын біледі. Оның үстіне қауіпті де – алыста болып жатқан жарылыстарды үнемі естиді.
Ерлі-зайыпты немерелері келгенде қуанып қалады. Балалар гүлдеген бақта асыр салып, алаңсыз аунап-қунап ойнағанды жақсы көреді.
Ресей әскері шегінгеннен кейін Украинаның шығысындағы туған ауылына оралған Ирина ырыс ошағы болған үйінің қатты бүлінгенін көрген. Көрші үйдің қирандысының астынан ұлының сүйегін тапқан. Ирина мен күйеуі басына түскен қайғы-қасіретке мойымай, қайсарлық танытып, ертеңіне жігермен қарайды.