Валерий Решетняк совет заманында екі "әлемде" өмір сүрді. Құжат бойынша қатардағы киевтік инженер қолы боста Совет одағындағы қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігін суретке түсірумен әуестенді.
"Әріптестерімнің ешқайсысы немен айналысатынымды білген жоқ. Бұл өзгеше ойлаудың бір түрі еді", - дейді Решетняк.
(Совет одағы әлі де тұрғанда бұл суреттер еш жерде жарияланбай, көрмеге де қойылмас еді дейді ол.
"Жұрт күндердің күнінде жұрт суреттерге көз жүгіртіп, өз өмірін есіне алар деп ойлаушы едім, оның аңғалдық екен, қателесіппін", - дейді Решетняк.
Решетняктың фотолары советтік қатаң цензура сәл босаңсыған 1980 жылдардағы қайта құру кезеңіне дейін еш жерде жарияланбаған.
Содан бері оның фотосуреттері Киев пен Мәскеуде, Дания мен АҚШ-та көрмеге қойылды. Совет одағы тараған соң Решетняк фото түсіруді негізгі кәсібіне айналдырып, коммерциялық тапсырыстар орындады, студенттерге дәріс оқыды.
Азаттықтың Украин қызметіне жақында берген сұхбатында Валерий Решетняк 1977-1990 жылдар аралығында түсірген ең жақсы деген фотоларына қатысты кей жайтты есіне түсірді.
"Сумы облысында мектептен қайтып келе жатқан ауыл мұғалімі. Мен де мектепке осылай баратынмын. Көшеде шам болмайтын, сондықтан біз қараңғыда жол табу үшін қалта шамын алып жүретінбіз. Бірақ батарея да үнемі бола бермейтін, сондықтан кейде сіріңке жағып, оны алақанымызбен желден көлегейлеп жүретін едік. Бұл жол қазір де осындай жағдайда, оны жөндейін десе ауылда тұратын адам аз".
"Сол жақтағы – "элиталық" жолаушы көлігі. Бұл ат-шанамен тек колхоз басшысы не компартияның жергілікті "көсемдері" жүретін. Қарапайым жұрт науқасты ауруханаға апару сияқты ең бір қысылтаяң шақта ғана шанаға мінетін. Қыста бұдан басқа көлік те болмаған. Жолдың бәрін қар басып, мұз қатып жататын. Оң жақта – керосин толы канистрлерді шанаға салып, сүйреп келе жатқан әйел жол-жөнекей тоқтап, әлдекіммен сөйлесіп тұр. Ол дүкеннен үйдегі шамына құятын керосин сатып алған".
"Донбасс. Осы бір алып зауытқа кіргенімізде үстіне жүн күпәйке, брезент етік киген мына кісі алдымыздан аяқ астынан шыға келді. Сол сәтте менде бұл зауытта құлдар жұмыс істейді-ау деген сезім пайда болды".
"Балалар бес қаруы бойында, үнемі соғысқа "сақадай сай" жүретін. Совет одағындағы идеологиялық білімнің негізі осы еді. Жай ойыншық аз, ал әскери ойыншық көп болатын. Зер салып қарасаңыз, сол жақта жатқан пулеметпен қоса беренді көлікті де көресіз".
"Совет одағында "Ас атасы - нан" деген сөз болатын. Фотодағы адамдардың бәрі 1932-33 жылдардағы аштықтан аман қалған. Совет заманында Голодоморды тек ең жақын деген адамдар өз арасында ғана сөз ететін. Әкем мен әріптесім адамжегіштің жемтігі болуға шақ қалғанын айтып бергені бар".
"Мынау – кез келген жүк тасуға арналған кәдімгі арба. Нан таситын кезде брезентін алып тастап, лас арбаға бөлкелерді осылай тастай салатын. Ол кезде бұл қалыпты жағдай еді".
"1960 жылдардың ортасында шаруалардың бәрі дерлік нан салуды доғарды. Мына ауылдағы наубайхана да жабылып қалған. Сондықтан тұрғындарға нанды басқа жақтан әкелетін. Жүк көлігі нанды тас жолмен жеткізеді, содан соң оны ат-арбаға, қыста шанаға тиеп, ауылдың әр жеріндегі дүкендерге таратады. Жүк көлігі ауыл жолымен жүре алмайтын".
"Отағасы екі ұлы және әйелімен егістікте жұмыс істеп жүр. Ауыл әйелінің өмірі ер азаматтыкінен де ауыр болған. Үй тіршілігі де, егіс жұмысының тауқыметі де әйелдің мойнында еді".
"Беларуста "жойылған" ауылдың соңғы тұрғындары. Бір кездері Совет өкіметі ұстап тұруға келмейді деген ауылдың тұрғындарын басқа жаққа көшірген. Мына отбасы "болашағы жоқ" сондай ауылдан көшкісі келмей қалып қойған. Олар ақтық демі таусылғанша туған жерінде болуға бел буған".
"Беларустағы ұмыт қалған ауыл тұрғынына (оң жақта) анда-санда қонақ келіп тұратын. Бала күнгі досы оған арзанқол, дәмі өте нашар, бірақ қызуы бірден басқа шабатын совет шарабын ала келген".
"Ауыл балалары мүмкін болса қалаға кеткісі келетін. Ата-анасының күс басып, мүйізденген қолын көріп өскен олар қара жұмыстың қандай ауыр екенін жақсы білген. Бірақ 1974 жылы ауылдан кету мүлде мүмкін емес еді, себебі шаруаларға жол жүру билетін бермейтін. Бұл кәдімгі құлдық сияқты еді. Тіпті бір шаруасымен қалаға бару үшін де арнайы рұқсат алуы керек болатын. Балаларға билет алу үшін ебін тауып, тиісті адамдардың қолайына жағу керек еді. Ауылдан кете алғандардың көбі қалада жатақхананы паналайтын".
"Киевтегі №5 жатақхана. Жұмысшылардың көбі ауылдан келген, қалада өз баспанасы жоқ. Совет мекемелері оларға арнап арзан жатақтар салған. Ұзын дәліз, 4-6 керуеттен қойылған бөлмелер, бәріне ортақ бір ас бөлмесі, әр қабатта бір әжетхана. Әдетте бірінші қабатта не жертөледе жалғыз душ болатын. Бұл уақытша баспана саналғанымен, қайта құру кезеңінде көп адамның мемлекеттен пәтер алуға уақыты жетпеді, сондықтан жатақханада ұзақ тұрақтаудан басқа амалы жоқ еді".
"Мына суреттегі бала қазір ересек адамға айналған, бірақ әлі күнге жатақхананың осы бөлмесінде бала-шағасымен тұрып жатыр. Анасы мен қарындасы көрші бөлмеде тұрады. Ал суретте сорпа ішіп отырған әкесі басқа әйелмен кетіп қалған".
"Львовта жергілікті басшының қабылдауына кіру үшін кезек күтіп отырған тұрғындар. Бұл кісілер мәселемді шешуге көмектесетін адам кезігіп қала ма деген үмітпен кеңсеге белгіленген уақыттан ерте келген. Алайда осындай төзімділігіне қарамастан, келгендердің көбі ештеңе шеше алмай қайтатын".
"СССР-да қарапайым адамдарға арналған заттың бәрі қат еді. Керек дүниені алып қалу үшін қажет кісімен таныс болуың керек. Бірақ кейде, әсіресе мемлекеттік мереке қарсаңында "ғажайыптар" да болып тұратын. Керек тауар дүкеннің "артқы есігінен" сатылатын. Әлдебір пысықайлар жұрттың алдын орап кетпек болған кезде ұзын-сонар кезекте тұрғандар арасында төбелес те жиі болып тұратын".
"Қайта құру кезеңінің соңғы шағы. "Киев сән үйі" америкалық "бизнесменге" – ортада отырған төбесі қасқа адамға арнап сән үлгілерін көрсетті. Олар барын салып, жалғыз шетелдік қонаққа жапырыла қызмет етті. Бірақ кейін бұл кісі жай "философ" және бұрынғы хиппи болып шықты".
Валерий Решетняктың басқа суреттерін мына жерден көруге болады.