Ресейде патша билігі тұсында танымал фотограф болған Сергей Прокудин-Горский осыдан ғасырдан астам уақыт бұрын Өзбекстанға барған сапарында Орталық Азияның тыныс-тіршілігін бейнелейтін таңғажайып түрлі-түсті суреттер түсірген.
Бірақ бірнеше аптаға созылған сапарының басты мақсаты орындалмады. Күн тұтылар сәтте үйірілген қалың бұлт көкті жапты. Әйткенмен сапары сәтсіз болған жоқ.
Прокудин-Горский Германияда жасалған түрлі-түсті фото түсіретін камерасымен сол кездегі Самарқан мен Бұхараның көшелері мен тарихи орындарын аралап, бұрынғыдан мүлде бөлек, түрлі-түсті суретке түсіріп алды.
Прокудин-Горский түрлі-түсті фотоға түсірудің жаңа әдісін тапты. Бұрын әр объектіні үш түсті (көк, қызыл, жасыл) фильтрді қолданып, үш рет фотоға түсіргеннен кейін, бәрін біріктіріп түрлі-түсті сурет шығарып келген. Ал Прокудин-Горский құрастырған сенсибилизатордың көмегімен камераның бром мен күмістен жасалған бөлігі барлық түсті ажырата алатын болды..
Прокудин-Горский патшалық Ресей империясы тұсында қазіргі Өзбекстан аумағына үш рет сапармен барған. Өзбекстан жері ол кезде Түркістан генерал-губернаторлығына қарайтын.
Прокудин-Горский Орталық Азияға алғаш рет 1907 жылы күннің тұтылуын суретке түсіріп алу мақсатымен барған еді. Патшадан Ресей империясын фотоға түсіру туралы тапсырма алғаннан кейін фотограф 1911 жылы осы аймаққа екінші және үшінші рет сапармен келген.
Прокудин-Горскийдің 200-ден астам фотоны қашан түсіргені белгісіз. Бірақ қолына салтанат қылышын ұстаған Бұхара ішкі істер министрі бейнеленген мынадай суреттерге қарағанда, бұл фотолар 1911 жылғы сапарында түсіргенге ұқсайды. Өйткені мұндай фотоларды түсіру үшін билік иелері отырған үйге кіруге рұқсатың болуы керек. Осы сапарында фотографтың қолында патшаның берген хаты болған.
Бұл фото 1842 жылы Бұхара әмірінің бұйрығымен басы алынған екі британ офицері азапталған зынданнан бірнеше метр жерде түсірілген.
Бұхарада алым-салық төлемеген немесе біреуге берешегін қайтара алмаған тұрғындарды түрмеге отырғызған. Бірақ оларды қарызын өтеп біткенше жұмыс істеу үшін түрмеден бір мезгіл шығарып тұрған.
Жергілікті тарихшының Азаттық радиосына айтуынша, бұл ғимарат 1920-жылдары большевиктер қалаға басып кіргенде қиратылған.
1917 жылғы большевиктер революциясынан кейін Сергей Прокудин-Горский Ресейден қашып, ақыр соңында Парижге біржола тұрақтады. Горский 1944 жылы қайтыс болған соң, көп ұзамай АҚШ Конгресінің кітапханасы марқұмның туыстарынан танымал фотографтың 1902 суретін сатып алды. Олардың арасында Орталық Азияда түсірілген 200-ден аса фото бар.