"Нұр-Сұлтан дабыл қақты". Назарбаевтың коронавирус жұқтыруы және індеттің өршуі

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 10 наурыз 2020 жыл.

Осы аптада халықаралық басылымдар Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтырғаны және елде инфекцияның жылдам тарап жатқаны туралы жазды.

НАЗАРБАЕВ «ҚАНДАЙ ҮЛГІ КӨРСЕТЕДІ»?

Қазақстанда коронавирустың жаңа түрін жұқтырған мыңдаған адамның бірі – елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев деп жазады Вашингтонда шығатын Diplomat басылымы. 79 жастағы Назарбаевтың баспасөз қызметі оның соңғы сынамасынан COVID-19 табылғанын хабарлады және «алаңдауға негіз жоқ» екенін, экс-президенттің «қашықтан жұмыс істеп жатқанын» айтты.

«Былтыр Назарбаевтың орнына осы қызметке келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс барысында көбіне маскамен суретке түсіп жүр, ал Назарбаев олай істемеді» деп жазады мақала авторы.

AFP агенттігінің Орталық Азиядағы тілшісі Крис Риклтон Twitter-дегі жазбасында 3 маусымда жарияланған фотода «Нұрсұлтан Маскасызбаев» (Nursultan Nomaskabayev) Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Мұхаммед әл-Жабердің қолын алып тұр, екеуінде де маска жоқ. «Ол Қазақстанның басқа азаматтарына, әсіресе өзі сияқты «үлкен қауіп» төнген топқа қандай үлгі көрсетеді?» деп жазды Крис Риклтон.

Назарбаев – Қазақстан шенділері арасында дерт жұқтырғандардың алғашқысы емес. 6 маусымда Тоқаевтың баспасөз хатшысы Facebook-те COVID-19 сынамасының оң болып шыққанын хабарлаған. Бір аптадан соң денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дерттің симптомы бар формасымен ауырғанын айтты. Ал 17 маусымда парламенттің төменгі палатасының спикері Нұрлан Нығматуллин коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді.

«AFP агенттігінің хабарлауынша, жақында Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталу күні құрметіне 24 маусымда Мәскеуде өтетін әскери парадқа қатысу жөніндегі шақыруын қабыл алған. Бұл сапар бола ма, жоқ па, әлі белгісіз, себебі вирус екі елде де тарап жатыр» деп жазады Diplomat.

АУРУ КІМНЕН ЖҰҚТЫ?

Британияда шығатын Independent басылымы әлемде вирустың таралуына қатысты хроникасында Нұрсұлтан Назарбаевтың ауру жұқтырғанына назар аударған. Басылым Назарбаевты «өткен жылы президент қызметінен ресми түрде кеткен, бірақ ықпалы күшті Қауіпсіздік кеңесінің басшысы әрі «елбасы» титулын сақтап қалған» деп сипаттайды.

«Назарбаевтың жеке басына табыну бәсеңдейтін емес, астана да, қалалардағы басты көшелер де оның атымен аталады» деп жазады автор.

Independent-тің жазуынша, апта басында америкалық әрі ресейлік журналист Михаил Идов Лос-Анжелестен Мәскеуге Голливудтағы документалист Оливер Стоунмен бір рейсте ұшып келгенін айтқан. Британ басылымы Стоунды «автократтар туралы фильм түсіретін режиссер» деп атайды (Мәскеу Қырымды аннексиялап алып, Ресей мен Батыс арасы нашарлаған соң Стоун Ресей басшысы Путин туралы фильм түсірген). Идов сол сапардан соң одан коронавирус табылғанын Twitter-де жазды. Оның айтуынша, Стоун Мәскеуден соң Қазақстанға барған болуы мүмкін, себебі оған «Назарбаевтың мұрасы жөніндегі хрестоматиялық жоба үшін» экс-президенттен сұхбат алу жөнінде «тапсырыс түскен».

Елде коронавирус табылғалы бері (наурыз айынан бері) Назарбаев халық алдына сирек шығып жүр. Оның баспасөз қызметі келіссөздер мен кездесулер туралы хабар таратқанда негізінен архивтегі суреттерді пайдаланған, бұл «елбасының» жағдайы туралы түрлі қаңқу сөзді көбейткен.

Алайда Назарбаевтың ауру жұқтырғаны туралы ақпараттан соң оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай маусымның басынан экс-президенттің «жұмыс графигі ерекше тығыз болғанын», оның екіжақты келіссөздер жүргізіп, ресми тұлғалармен кездескенін хабарлады. Үкібайдың айтуынша, экс-президент «отандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне сұхбат берген» және оның қатысуымен «телетүсірілім ұйымдастыруға 40-қа жуық адам қатысқан, олардың арасында шетел азаматтары да бар». Сол шетелдіктер арасында Оливер Стоун да бар ма, баспасөз хатшысы ол туралы ештеңе айтпады.

ІНДЕТ ДЕНДЕП БАРАДЫ

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайтында жарық көрген «Назарбаевқа коронавирус диагнозы қойылды» атты мақалада «былтыр отставкаға кетсе де елеулі өкілетін сақтап қалған» 79 жастағы бұрынғы президенттің дерт жұқтыруы «Қазақстандағы індеттің ауқымынан хабар берсе керек» деген тұжырым жасалады.

«Наурызда енгізілген [карантиннің] жеңілдетілуі инфекцияның қайта өршуіне алып келді» деп жазады Eurasianet.org.

Ресми дерек бойынша Қазақстанда 25 мыңнан астам адам вирус жұқтырған, бірақ елдің денсаулық сақтау министрлігінің статистикасында 16 мыңнан астам адам ауырды деп көрсетілген. Оның себебі билік 3 маусымнан бері «ауру жұқтырған, бірақ симптомы жоқ» кісілерді негізгі санаққа қоспайды. Министрліктің хабарлауынша, статистикада тек емделуді қажет ететін адамдар ғана есепке алынады.

Назарбаевтан коронавирус табылғаны туралы ақпаратты France-Presse агенттігі де жазды. «Келер айда 80 жасқа толатын Назарбаев отыз жылға жуық уақыт Қазақстан президенті қызметін атқарды, тек өткен жылы ғана билікті өзі таңдаған ізбасары – Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізіп берді. Ол Орталық Азияның осы бір авторитарлық еліндегі ықпалды позицияларын сақтап, Қауіпсіздік кеңесінің және биліктегі партияның төрағасы болып отыр. Конституция бойынша оның «елбасы» деген мәртебесі және бар, бұл оған ерекше артықшылық береді» деп жазады агенттік.

France-Presse Айдос Үкібайдың сөзін келтіреді, оның айтуынша, уайымдауға негіз жоқ. Yahoo.com сайты AFP-ның осы материалын көшіріп басқан. Сол мақаланың астында пікір қалдырған бір кісі «Өзі 79-да болса, уайымдауға негіз жоқ па?» деп таңқала сауал тастаған.

Британдық Reuters агенттігі жариялаған «Қазақстан COVID-19 бойынша шектеуді күшейтпек, бұрынғы президент дерт жұқтырды» деген ақпаратта осы демалыс күндері карантиннің күшейетінін хабарлаған. 20-21 маусымда елдің ірі қалаларындағы сауда орталықтары, базарлар мен парктер жабылады.

«Өткен аптада карантин босаңсыған соң 19 миллион халқы бар елде вирус тез тарай бастады» деп жазған Reuters төтенше жағдайды алып тастаған тұста Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 5 мыңдай болғанын еске салады.

Видео: COVID-19 жұқтырғандарды жедел жәрдем әкетпейді. Ауруханалар "лық толы" (17 маусым 2020 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

COVID-19 жұқтырғандарды жедел жәрдем әкетпейді. Ауруханалар "лық толы"

Reuters жариялаған «Коронавирус Қазақстан элитасына соққы болды, астанада дабыл қағылды» деп аталған басқа бір мақалада Нұр-Сұлтанда жоғары шенді тұлғалардың бір тобы COVID-19 жұқтырды делінеді. Осы аптада шенеуніктер хабарлағанындай, қаладағы инфекциялық стационарлар 90 пайыз толып тұр.

Нұр-Сұлтанның денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова астанада соңғы бірнеше аптада ахуал біршама нашарлап кетті деді. Ауруханаларды COVID-19 жұқтырған науқастарды қабылдау үшін қайта жабдықтап жатыр деп жазады Reuters. 1,2 миллион халқы бар қалада қазірдің өзінде дәрігерлер және басқа да медицина қызметкерлері жетіспейді.

Сәуле Қисықова 17 маусымда «Қала тұрғындарының көбі коронавирус инфекциясы бойынша жағдайды жете түсінбей отыр. Бейқам әрекеттеріңіздің кесірінен медицина қызметкерлері мен төсектер жетпей қалуы мүмкін. Салғырттық науқастар дәлізде жақтан, өкпені тыныстандыру аппараттары мен медицина қызметкерлері жетіспеген Италия сценариінің қайталануына алып келмеуі тиіс» деді.

Астана тұрғындары Қисықованың сөзіне құлақ асты ма, белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда жүзден аса адамнан вирус шыққан. Ал қала тұрғындары жекеменшік екі зертхана ПТР тестілеуді тоқтатқандықтан, вирусқа анализ тапсыру мүмкін емесін айтып шағымданып жатыр.

Есесіне Қисықованың сөзіне Италия дипломаттары құлақ салған. Италияның Қазақстандағы елшілігі жергілікті шенеуніктің пікірі көңілдеріне жақпағанын айтты. Елшілік өкілі Tengrinews.kz ақпарат сайтында эпидемия бұрқ еткенде Италия үкіметі бірден медициналық шараларды қолға алып, экономиканы демеуге кірісті деп жазды. «Басқа елдерден айырмашылығы – Италияда жағдай ешқашан бақылаудан шыққан жоқ» деді Италияның Қазақстандағы елшісі Паскуале д'Авино. Елшінің қай елдерді тұспалдап тұрғаны белгісіз.