«ЖЕТЕР, ЕНДІ БОСАТУ КЕРЕК»
Eurasianet.org сайтына сілтеме жасаған Ұлыбританияның Guardian газеті «Қазақстанның 75 жастағы президенті мемлекеттік қызметшілерге 63 жастан кейін зейнет демалысына кетуді ұсынды» деген мақала жариялады.
«Қазақстанның 75 жастағы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еш бүкпесіз мемлекеттік қызметшілерді 25 жыл қызмет атқарғаннан кейін қызметтен кетіп, жастарға орын босатуға шақырды. Ал 25 жылдан бері елді үздіксіз билеп келе жатқан президенттің өзі қызметтен дереу кететіні жайлы әлдебір жоспарын жариялаған жоқ» деп жазады Guardian басылымы.
Мақалада Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып отырғаны, 2010 жылы оған «Ұлт көшбасшысы» мәртебесін берген заң қабылданған соң ол президент сайлауына ғұмырының аяғына дейін шектеусіз түсе беру құқығыне ие болғаны, бір адам президенттікке екі мерзімнен артыққа сайланбауы тиіс деген конституциялық шектеудің оған қатысы жоғы туралы жазылған.
«Үкімет отырысында Назарбаев оның елінде қызметке жабысып, өмір бойы айырылмай отыратындарға орын жоқ екенін ескертті. Жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілер орныма адам табылмайды деп ойламасын деді ол. […] Қаржы министрі Бақыт Сұлтановты қызметінен аламын деп айбарланған Назарбаев берекені кетіріп, оның мұрасына кесірі тиетін қаржы дағдарысынан шығу жолдарын үкімет іздеуі тиіс деп мәлімдеді» деп жазады Guardian.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАЛА
Американың WSB-TV сайты канадалық отбасы асырап алған төрт жасар қазақстандық бала туралы жазған. Биологиялық әке- шешесі бас тартып, асырап алуға бергеннен кейін туғанына небәрі 20 күн болған әрі іштен оң қолсыз туған Кирилл балалар үйіне түскен.
Кириллдің жаңа отбасы – Канаданың Ньюфаундланд және Лабрадор штатының Парадайз қалашығында тұратын Даг пен Лесли Фейси үш жылға созылған бала асырап алу процесінен өтіп, баланы қыркүйекте үйлеріне әкелген. Ол жерде Кирилл жаңа атасы Крис Фейсимен танысты. Дагтың әкесі де іштен оң қолсыз туған.
Криспен кездескенге дейін бала оң қолы жоқ өзі сияқты жандарды ешқашан көрмеген. Оны асырап алған әкесінің айтуынша, Кирилл мен оның атасы Кристің арасында бірден «айрықша байланыс» орнап, тіпті екеуі «амандасудың өзгеше тәсілін тапты» деп жазады WSB-TV.
Кирилл келгелі шаңырағында шаттық орнағанын айтқан 40 жастағы Даг «қапысыз жақсы көріп, мәпелеп тәрбиелеуге болатын кішкентай баламен табысқанымызға шексіз бақыттымыз» дейді. Әкесінің айтуынша, Кирилл – «ақылды, мейірімді әрі зерек бала», оған кітап оқыған, ойыншықтарымен ойнаған ұнайды және ол алғашқы рождество мерекесін тағатсыздана күтіп жүр.
ҮЗІЛГЕН САЯХАТ
Ұлыбританияның This is the Westcountry ақпараттық сайтының хабарлауынша, Қазақстанның Ақтөбе қаласы маңында жол апатына ұшырай жаздағаннан кейін британдық жасөспірім Эд Праттің жер шарын айналып шығу мақсатындағы саяхатын үзуіне тура келген.
19 жастағы Эд Пратт жер шарын жалғыз дөңгелекті велосипедпен аралап шыққан алғашқы адам ретінде тарихта қалуды ойлап әрі School In A Bag қайырымдылық ұйымына көмектесу үшін Англияның оңтүстік-батысындағы туған қаласы – Карри Райвелден саяхатқа аттанған. Ұзақ сапарын наурызда бастаған Эд Пратт нөсерлеткен жауынға, күннің суықтығы мен жолдың ауырлығына қарамастан Еуропаны кесіп өтіп, Орталық Азия елдеріне жеткен.
Бірақ жас жігіт Ақтөбе қаласына таяу тұстағы лайсаң жолда апатқа ұшырай жаздаған – қапталдағы жолмен келе жатқан көлік қарсы бетке шығып кетіп, өзінен оза берген көлікпен соқтығысқан. Сәтін салғанда, жас жігіт жалғыз дөңгелекті велосипедінен секіріп түсіп, жол жиегіне домалап үлгерген. Таяу маңдағы жанармай бекетіне жетіп, сәл есін жиған Эд Пратт саяхатын келесі жылы күн райы түзелетін уақытқа дейін тоқтата тұруды ұйғарған. Сайттың хабарлауынша, Эд Пратт биыл Бішкекте қыстап шықпақ.