Ресейлік "Вагнер" жалдамалы әскер тобының басшысы Евгений Пригожин отырған көліктің қасында селфи жасап тұрған адам. Ростов, Ресей, 24 маусым, 2023 жыл.
Жалдамалы сарбаздарын Мәскеудегі әскери басшылықты орнынан кетіру үшін жорыққа бастап шыққан Пригожин 24 сағаттан кейін шешімін күрт өзгертіп, Беларуське кететін болды. Кремль "қантөгіске бармау" үшін онымен мәміле жасасып, Пригожиннің үстінен қозғалған қылмыстық іс жабылатынын жариялады.
Ростов көшесінде "Вагнер" жеке меншік әскери компаниясының жалдамалы жауынгерлері мінген әскери көліктің алдында суретке түсіп жатқан адамдар.
Пригожин мен ол басқаратын "Вагнер" тобының "Әділдік жорығы" жиырма жылдан астам уақыт мемлекет басқарып отырған президент Владимир Путиннің билігіне төнген ең зор қауіп болды.
Ростов көшесінде "Вагнер" жеке меншік әскери компаниясының соғыс техникасының алдында тұрып суретке түсіп жатқан жігіттер.
23 маусымда "Вагнер" тобының жалдамалы жауынгерлері Ресей армиясы Оңтүстік әскери округінің әкімшілік орталығын басып алу мақсатымен Украинадан шығып, Ресей жеріне кірді. Пригожин қоластындағы сарбаздар орналасқан Украина аумағындағы лагерьге "тылдан" зымыран шабуылы жасалғанын мәлімдеп, оған Ресей қарулы күштерін айыптады.
"Вагнер" тобының жауынгерлері Ростовтағы Оңтүстік әскери округі штабынан өз базасына қайтқалы жатыр.
Пригожин Ресей қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды адамдарына қарсы "әділдік жорығына" әскерін өзі бастап баратынын мәлімдегеннен кейін Ресей федерациялық қауіпсіздік қызметі оның үстінен "қарулы бүлікке айдап салғаны" үшін қылмыстық іс қозғалғанын жария еткен.
Ростовтағы әскери штаб маңында "Вагнер" тобының туын көтеріп, оған қолдау білдіріп тұрған адамдар.
Кремль Пригожинмен мәмілеге келуіне Беларусь билеушісі Александр Лукашенко араағайындық жасап, көмектескенін мәлімдеді. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин мен Лукашенко "Вагнер" жеке меншік тобы басшысының қауіпсіздігіне кепілдік бергенін хабарлады.
Ростов қаласынан шығып кетуге бұйрық күтіп әскери көлікте отырған жалдамалы сарбаздарға қолдау білдіріп жатқан жергілікті адамдар.
Бүйіріне "Ростов" деп жазылған, "Вагнер" жалдамалы сарбаздар тобының әскери техникасының қасында Ресей мемлекеттік туын ұстап тұрған жас жігіт.
Ростов көшесінде әскери танкінің үстінде отырған "Вагнер" тобының жалдамалы жауынгерлері.
"Вагнер" жалдамалы әскер тобының жауынгерімен құшақтасып суретке түсіп тұрған әйел.
"Вагнер" тобының мүшелері Ростовтан кетуге дайындалып жатыр.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бүлікке қатысқан жалдамалы жауынгерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын, ал бүлікке қосылмағандарға Қорғаныс министрлігі келісім-шартқа отыруды ұсынатынын мәлімдеді.
Ростовтағы Оңтүстік әскери округі штабынан кетіп жатқан "Вагнер" тобына қолдау білдіріп, Ресей мемлекеттік туын бұлғап тұрған адам.
Ростовтағы Оңтүстік әскери округі штабынан көлікке мініп кетіп бара жатқан "Вагнер" жалдамалы әскер тобының жетекшісі Евгений Пригожин қолдау білдірген адамның қолын қысып, күле қарап отыр.
Ресейде 20 жылдан астам уақыт мемлекетті басқарып отырған президент Владимир Путиннің билігіне аса үлкен қауіп төндіріп, бүкіл елді 24 сағат бойы әрі-сәрі жағдайда ұстап, азамат соғысы жақындағандай әсер қалдырған, қол астындағы жалдамалы әскерін бастап Мәскеуге жорыққа аттанатынын мәлімдеген Евгений Пригожин аяқ астынан райынан қайтып, кері шегінді.