Қақтығыс, күш қолдану, адам өлімі. Беларусь президент сайлауынан кейінгі екінші түн
Беларусьте президент сайлауының ресми қорытындысына наразылар 10 тамыз күні кеште тағы да қарсылық акциясына шықты. Бірақ полиция жасағы оларды метродан шыға бергенде, көшеден ұстап әкетіп жатты.
Витебск пен Могилев қалаларында да полиция қарсылық акциясына шыққан азаматтарды ұстады. Гроднода наразыларды қала орталығындағы Совет алаңынан ығыстырып тастаған соң, жүздеген адам басқа жерге жиналды. Брест қоласында жүзге жуық адам көшеге шықты.
Минскідегі "Пушкин" метро станциясы мен Дзержинский даңғылында автокөліктер жолды жапты, көшедегі наразыларға қолдау танытып, белгі берді.
"Настоящее время" телеарнасының тілшілері Минскідегі "Юбилейная" қонақүйі маңында полицияның жасөспірімдер мен велосипедшілерді ұстағаны туралы хабарлады.
Минск пен өзге қалаларда қарсылық акциясы жалғасып жатқан тұста, Беларусь тергеу комитеті дүйсенбіге қараған түні болған наразылықтардан кейін 21 қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімдеді.
Дүйсенбінің кешінде ел астанасы Минскімен қоса өзге қалаларда да президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспейтіндер наразылық акциясына шықты. Брест, Пинск қалаларында полиция наразыларды тарату үшін резеңке оқ қолданып, су шашты.
Минскідегі Дзержинский даңғылында полиция наразыларды резеңке таяқпен ұрып, кейбірін топ арасынан жұлқып, сүйреп шығарып, алып кетті.
Бұл фотода көңіліңізге ауыр әсер қалдыруы мүмкін көрініс (жаралы адамның қанға боялған бейнесі) барын ескертеміз! Сағат 21:00-ден кейін Минскіде полиция жасағы демонстранттарға қарсы дыбысты жарқылдақ граната, қолдана бастады, наразылар жарықшақ тиіп, зардап шеккендер барын айтады.
Минскіде наразылық акциясына шыққандар білек айқастырып, "Зорлық-зомбылыққа жол жоқ! Біз біргеміз!" деген жазуы бар плакат ұстап, Кальварский көшесіндегі жолды жауып тұрды. Полиция жасағы оларға резеңке оқ жаудырды.
Минскіде "Аврора" кинотеатрының қасында дә жанына полицияның дыбысты жарқылдақ гранатасы түсіп, жолаушы тасымалдайтын автобус жүргізушісі жараланды. "Пушкин" метро станциясы маңында зардап шеккендер бары хабарланды.
Беларусь ішкі істер министрлігі дүйсенбі күні кешке бір адамның қаза болғанын хабарлады. Ресми ақпаратта 11 тамызда сағат 23:00 шамасында Притыцкий көшесінде полицияның арнаулы жасағына лақтырмақшы болған белгісіз зат қолында жарылған азаматтың мерт болғаны айтылған.
"Настоящее время" телеарнасының тілшісі полицияның наразыларға қарсы жас ағызатын газ шашқанын хабарлады.
Дүйсенбінің кешінде Минскінің Притыцкий көшесінде бірнеше мың адам жиналды. Куәгерлердің сөзінше, полиция оларды тарату үшін жарқылдақ граната қолданып, жас ағызатын газ шашқан.
Sputnik пен "Еврорадио" наразылар "Пушкин" метро станциясы маңында полиция жасағына "Молотов коктейлін" лақтырды деп хабарлады. Наразыларға медициналық жедел жәрдем көлігімен барған милиционерлер оларды ұстаған деп жазды "Белсат" пен "Медиазона" басылымдары.