Путин "чайлдфри насихатына" тыйым салу туралы заңға қол қойды

Ресей президенті Владимир Путин сенбі күні "чайлдфри насихатына" (бала туудан бас тарту) тыйым салу туралы заңға қол қойды.

Бірнеше заңға түзету енгізілді, арасында әкімшілік кодекс те бар. Онда бұған дейін тыйым салынған "ЛГБТ насихаты" мен "жынысты өзгерту" тіркестерінің жанына "бала туудан бас тартуды насихаттау" деген тіркес қосылған.

Жоғарыда аталған әрекеттерді насихаттағандарға 100 мың рубльге дейін айыппұл салынбақ, ал егер мәселе интернет арқылы насихат жөнінде болса, онда айыппұл 400 мың рубльге дейін артады. Заңды тұлғаларға 5 млн рубльге дейін айыппұл салынуы ықтимал, бұған қоса олардың қызметі тоқтатылуы мүмкін.

"Бала туудан бас тартуды насихаттаған" сайттарды Роскомнадзор тыйым салынған ақпарат жариялаған бірыңғай реестрге енгізеді, ал фильмдерге прокат төлқұжаты берілмейді.

Дегенмен құжатта монахтық өмір салтын ұстану және некесіз өмір сүру антын ұстану чайлдфриді насихаттауға кірмейтіні атап өтілген.

Путин мен өзге де билік өкілдері халық санын арттыруға бағытталған шараларды қолдау қажеттігін бірнеше рет айтқан. Көп бала туу бұл дәстүрлі құндылық екенін атап өтіп, мемлекет мұны қорғайтынын мәлімдеген.

Дегенмен федерация кеңесінің бірқатар мүшелері мұны заң жүзінде бекіту қажеттігіне күмән келтірген. Федерация кеңесінің конституциялық заңнама және мемлекет құрылымы комитетінің жетекшісі Андрей Клишас құқықтық реттеуді артық санайтынын және заң қабылданғаннан кейін оның орындалуында "қарама-қайшылықтар" туындауы мүмкін екенін айтқан. Алайда ол құжатқа дауыс беруден бас тартқан.

Сенбі күні Путин сонымен бірге Украинадағы соғысқа қатысқандардың 10 млн рубльге дейінгі несиелерін кешіруге мүмкіндік беретін заң жобасы мен жынысты өзгертуге рұқсат берген ел азаматтарына Ресей балаларын бағып алуға тыйым салатын жобаға қол қойды.