Ресей президенті Владимир Путин Мәскеу түбіндегі резиденцияда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті деп хабарлады Кремль сайты.
Кремльдің хабарламасында бір сөйлем және бір суреттен басқа ақпарат жоқ.
"Ново-Огаревте Владимир Путин Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті" деп жазылған хабарламада.
Ресей президентінің кеңсесі 13 желтоқсан күнгі кездесуде Путин мен Назарбаевтың нені талқылағанын жазбады.
Назарбаевтың ресми сайты да экс-президенттің Ресейге сапары жөнінде ақпарат жарияламады. Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай да аккаунтында ештеңе жазбады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дубайдағы Қазақстан: Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарыҚазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда қызметін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырып, отставкаға кеткен. Алайда ол Қанды Қаңтарға дейін өз ықпалын сақтап қалды. Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев өзіне берілген көптеген артықшылықтардан айырылып, айналасындағы адамдардың кейбірі қызметінен кетіп, кейбірі сотталды.
Ақпарат құралдары Нұрсұлтан Назарбаевтың Путинмен кездескенін соңғы рет 2023 жылы желтоқсанда хабарлаған.
Назарбаев былтыр жарық көрген "Менің өмірім. Бодандықтан Бостандыққа" атты мемуарында Ресей президенті Владимир Путиннің кітаптарына бірнеше рет сілтеме жасап, оның өзін "сөзге берік, достыққа адал адам" деп мақтаған. Мемуарында Назарбаев 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіргеніне Батысты айыптай сөйлеген.
Қаңтар оқиғасынан бері ықпалы әлсіреген Назарбаев Ресей басшысымен бірнеше рет кездескен.