Ресей президенті Владимир Путин жыл сайын өтетін баспасөз мәслихатында АҚШ, НАТО және Киев жайлы айтты. Оның сөздерін қысқаша "Мейрамдардан кейін көре жатармыз" деп түйіндеуге болады.
23 желтоқсанда өткен іс-шара шамамен төрт сағатқа созылды. Онда Ресейдің Украинамен шекарада әскерін көбейткені, Вашингтон мен Батыс әскери альянсына қойған "қауіпсіздік кепілдігі" жөніндегі талаптары басты назарда болды. Ресей Батысқа қойған талаптары жуырда орындалмаса, Украинаға басып кіретінін астарлап айтып, сес көрсетіп келеді.
Ресейдің шабуыл жасау қаупін сейілтпек болған сөзінде Путин Ресей Мәскеу қойған талаптарға осы күнге дейін "жағымды реакция байқағанын" айтты. Ресей 1991 жылы Совет одағы мен коммунизм құлаған соң Орталық және Шығыс Еуропада құрылған қауіпсіздік инфрақұрылымын түбегейлі өзгертуді талап етіп отыр. Ал АҚШ ресми өкілдері талаптардың кейбірі орынсыз екенін айтып жатыр.
"Америкалық әріптестеріміз осы пікірталасты, осы келіссөздерді алдағы жылдың басында бастауға дайын екенін айтты" деді Путин. "Тура солай болады деп үміттенемін".
Оның бұл сөзі бір апта бұрын сыртқы істер министрі орынбасарының Батыс реакциясы жайлы айтқандарына мүлдем қарама-қайшы келеді. Бұл енді дипломатия бірінші орынға шығатынын көрсететіндей.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кремльге жақын арналар соғыс қаупін ойнатып жатыр. Орыс халқына мұның әсері бола ма?Путин "қаңтарда АҚШ-пен өтетін келіссөздерге оптимизм танытып, бұған дейінгі агрессиялы ұстанымынан аздап сақтанып отырған сияқты" деді Ақ үй ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей, Украина, Еуразия жөніндегі бұрынғы директоры Уильям Кортни Азаттыққа баспасөз мәслихатынан соң. Ол бұрындары Совет одағымен болған қорғаныс жайлы келіссөздерге қатысқан.
"Қазір Кремльде немесе саяси элита арасында соғыс бастаудың қаншалық парасатты шешім екені талқыланып жатса, таң қалмаймын" деді коммерциялық емес RAND корпорациясының бас ғылыми қызметкері Кортни. "Экономикалық тұрғыдан қарағанда, экономика жөніндегі кеңесшілер бұл әрекеттерінің салдары қиын болатынын айтып жатқан болуы керек".
Путин елдегі және шетелдегі аудиторияға Мәскеудің қауіпсіздік талаптарының орындалуын ұзақ күте алмайтынын айтуға мықтап бекінгендей көрінді.
"Сіздер кешеуілдетпей бізге кепілдік беруге тиістісіздер. Дереу!" деді Путин Ұлыбританияның Sky News телеарнасы қойған сұраққа жауап беріп отырып.
Владимир Путин Ресейдің әрекеті "келіссөздің қалай өтетініне емес, Ресейге қауіпсіздік кепілін толық қанағаттандырғанына" байланысты болатынын айтты. Осылайша ол Мәскеу келіссөздердің өткенімен немесе әскери санын көбейтумен қанағаттанып қалмайтынын байқатты.
Ол Мәскеудің басты талаптарының бірін қайталап, "Оларға НАТО-ның шығыс жаққа қарай кеңеюі орынсыз екенін нақты ұғындырдық" деді.
Батыс ресми өкілдері бұл ұстанымды орынсыз санайды. Себебі Ресейде НАТО-ға Украина немесе басқа кез келген елдің кіруіне шектеу қоятын вето құқығы жоқ.
Путин келіссөз өткізуге келісу Кремль талаптарын жеңілдететінін немесе Киев пен НАТО-ға қатысты ұстанымын өзгертетінін білдірмейтінін көрсетуге бар күшін салды. Ол негізсіз және дәлелсіз аргументтерін ұрандатып қайталай берді. Батыс Украинаны Ресейді құрту үшін плацдарм ретінде пайдаланғысы келеді деген сияқты болжамдар айтты.
Владимир Путин кемінде екі рет Украинаның егемен ел болу құқығына күмән келтірді. Ол бұрын да осылай істейтін еді.
Ол Ресей талаптарындағы негізгі мәселені ашулы екпінмен қайталап, НАТО 1990-жылдары бұрынғы Варшава келісімі мүшелерін немесе бұрынғы совет республикаларын ұйымға қабылдамайтынын айтып Мәскеуді алдады деді.
Баспасөз мәслихатында Путин Украинаның демократиялық жолмен таңдалған президенті Владимир Зеленскийдің үкіметін тағы да сынады. Виктор Янукович билігі Батыс қолдаған "қанды мемлекеттік төңкеріс" нәтижесінде құлады деген негізсіз мәлімдеме жасады. 2014 жылы Киевте болған наразылықтардан бірнеше ай өткен соң Мәскеу қолдаған Виктор Янукович Украинадан қашып кеткен еді.
Ол мұны Киев пен Батысқа қысым көрсетуін жалғастырып, Мәскеу келіссөздердің нәтижелі болуына үміттенетінін ұқтыру үшін айтқан болуы мүмкін.
Осы мәселені талқылаған саясаттанушылар мен сарапшылардың кейбірі Ресей "қауіпсіздік кепілдігі" талаптары мен келіссөздерді Украинаға соғыс ашса, Батысты кінәлау үшін сылтауратып отыр дейді. Ал басқа сарапшылар Украина шекарасы мен Ресей бақылап отырған Қырым түбегіндегі әскер санын 100 мыңға жеткізу арқылы Киев пен Батысқа қойған талаптарының бір бөлігін болса да орындата алады дейді.
"Шегінерге жол жоқ жерге жеттік немесе жетейін деп қалдық деп ойламаймын" деді 22 желтоқсанда АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Джон Хербст.
"Путин қажет деп тапса, саясатын күрт өзгерте алатынына еш күмәнім жоқ" деді Вашингтондағы Атлант кеңесінің қызметкері Хербст. "Путин сес көрсету арқылы талаптарын орындату үшін ойнап отыр".
Путин жыл сайын желтоқсанда дәстүрлі баспасөз мәслихатын өткізеді. Бұл жолы шара Ресей лидерінің мақсатына толық жауап бергендей көрінді. Ол көбіне шетелге қоқан-лоқы көрсету арқылы халықтың қолдауына ие болғысы келеді немесе назарды ішкі проблемадан басқа жаққа бұрады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өткен сайлауда Кремльді Қырым аннексиясы құтқарды. Биыл қалай болады?Путин баспасөз мәслихатын әдеттегідей экономика жайлы сұрақтардан бастады. Бірнеше журналист Совет одағы құлаған соң отыз жылда, Путин билікке келген 22 жылда шешілмеген өмір сапасы мәселелері жайлы сұрады.
Сонымен қатар "Мәскеу немесе Санкт-Петербургтен басқа қай қалада өмір сүрер едің?" деген де дәстүрлі сұрақтар болды.
Бірақ 35-тен астам сұрақтың кемінде үшеуі Украина туралы болды.
Путин Украина жайлы көп арандату сөздерін айтып, жұртты оның пиғылы жайлы алаңдатып қойды. Мәскеу Украинадағы Қырым түбегін бақылауға алып, 2014 жылдан бері елдің шығысындағы екі облысты ұстап отырған сепаратистерді қолдап келеді.
БАСҚА НЕ АЙТЫЛДЫ?
Путин Украина, НАТО, Батысқа талаптарын қайталап, Кремльдің Алексей Навальныйдың улануы мен түрмеге түсуі, азаматтық қоғамды мен кейінгі кездері күрт күшейген өзгеше ойлайтындарды басып-жаншу секілді мәселелерге ұстанымын қайта айтты.
Ол Ресейде түрмедегі зорлық-зомбылық туралы жаңалықтарды, 2006 жылы өлтірілген журналист Анна Политковская мен 2015 жылы өлтірілген оппозицияшыл саясаткер Борис Немцов жайлы үстірт қана айтып өтті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин Қазақстанды "орыс тілінде сөйлейтін ел" деп атадыОл сарапшылар былтыр жоққа шығарған бірнеше болжамды еш дәлелсіз қайта жасады. Ол Кремльдің Навальный секілді қарсыластары Ресейге "іштен" зиян тигізгісі келетін сыртқы күштердің құралы екенін, түрмедегі жағдай Батыс елдерінен кем емесін, саяси астармен өлтірілген адамдардың өлімінде әділдікке жету үшін мемлекет көп нәрсе істегенін, Ресейдің "шетел агенттері" деп танылған адамдар мен топтарға көзқарасы АҚШ пен Ұлыбритания секілді Батыс елдеріне қарағанда деспоттық сипатта емес екенін айтты.