"Қазақмыс" ереуілдеген кеншілермен келісімге келгенін хабарлады

Ұлытау облысындағы "Қазақмыс" шахтасы.

"Қазақмыс" компаниясы ереуілдеген Оңтүстік Жезқазған кенішінің жұмысшыларымен "өзара қолайлы келісімге" келгенін хабарлады. Жұмыс берушінің хабарлауынша, Ұлытау облысында ереуілдеген жұмысшылар 13-жалақыға қосымша 30 пайыз үстемақы қосуға, сонымен бірге тоқсан сайынғы сыйақы мен жалақыны инфляция деңгейіне қарай индекстеуге (2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 8,5 пайыз) келіскен.

"Қазақмыс" корпорациясының басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриевтің сөзінше, ереуілшілерге "ешқандай сын-ескертпе жоқ".

Сәтбаев қаласында "Қазақмыс" компаниясының жұмысшылары 17 желтоқсанда ереуілге шығып, жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен. Олар жалақыны екі есе арттыруды талап еткен. Ереуілді "Қазақмыстың" Жамбыл облысы, Балқаштағы бөлімшелері де қолдаған. Жұмыс беруші компания жұмысшылармен келіссөз жүргізе бастағанын хабарлаған.

Жуырда ереуілшілер президентке видеомәлімдеме жасап, "өздерін адам санамайтынын" айтып шағымданған. Олар жұмысшылар арасынан құрылған бастама топ өкілдерінің қысымға ұшырағанын хабарлаған. Кеншілер қоғамдық тәртіпті бұзбағанын, тек әлеуметтік талаптар қойып отырғанын айтқан.

Ал "Қазақмыс" компаниясы басшылар мен күштік құрылым өкілдерінің жұмысшыларға қысым жасамағанын айтып, ақпаратты жоққа шығарған.

20 желтоқсанда түнде ҚазТАГ агенттігі келіссөзден кейін ереуіл аяқталғанын, кеншілер шахтадан кеткенін хабарлады.

"Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper. Оны миллиардер Владимир Ким (Forbes оның байлығын 3,6 млрд доллар деп бағалайды) және Эдуард Огайға (Forbes мәліметінше, 800 млн доллар) тиесілі Kazakhmys Holding Limited басқарады.

"Қазақмыс" корпорациясы Қазақстанның орталығында мыс өндіреді, кен байыту фабрикалары бар және Ұлытау облысындағы негізгі салық төлеуші әрі жұмыс беруші болып саналады. Корпорация мәліметінше, оның үш өндіріс алаңында (Балқаш, Жезқазған, Қарағанды) шамамен 37 мың адам жұмыс істейді.