3 сәуірде Қазақстан сауда және интеграция министрлігі АҚШ президенті жариялаған баж салығына реакция білдірді. Бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің 185 елінен келетін импорттық тауарларға, арасында Қазақстан да бар, баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Көбінің мөлшері 10 пайыздан көп. Қазақстаннан АҚШ-қа баратын тауарларға 27% баж салығы енгізілмек.
Министрліктің мәлімдеуінше, Трамп айтқан жаңа тариф Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың едәуір бөлігіне әсері болмайды. Өйткені олар “АҚШ әкімшілігінің нормативтік актілерінде көзделген ерекшеліктер тізіміне енгізілген”.
“Қабылданған тарифтік шаралар Қазақстанның АҚШ-қа жалпы экспортының тек 4,8%-ына ғана әсер етеді. Үкімет Қазақстанға қатысты қосымша баждарды қолданбау мүмкіндігін талқылау үшін АҚШ тарапымен консультациялар жүргізуге ниетті” деп жазылған ресми хабарламада.
Ведомствоның айтуынша, Қазақстаннан АҚШ-қа негізінен шикі мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа және өзге де тауар экспортталады.
"Бұл санаттағы өнімдер АҚШ президентінің «Тауар саудасындағы маңызды және тұрақты тапшылықты жою мақсатында өзара тариф арқылы импортты реттеу туралы» жарлығы бойынша ерекшеліктер тізіміне енгізілген тауарлардың 92 % құрайды" деп жазылған ведомство хабарламасында.
Трамп жариялаған баж салығы Қазақстаннан АҚШ-қа баратын төмендегідей тауарларға қатысты:
- фосфор (2024 жылы экспорт көлемі 15,9 млн АҚШ доллары)
- ферросилиций (12,7 млн АҚШ доллары)
- линзалар (4,1 млн АҚШ доллары)
- бидай клейковинасы (4 млн АҚШ доллары)
- аммоний нитраты (2,4 млн АҚШ доллары);
2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасында тауар айналымы $4,2 млрд болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 4%-ға артық (4,1 млрд АҚШ доллары). Қазақстанның АҚШ-қа экспорт көлемі 2024 жылы 30,6%-ға артып, $2 млрд жетсе, АҚШ-тан Қазақстанға импорт көлемі $2,2 млрд болған.
Қазақстандық сарапшылар АҚШ-тың баж салығын енгізетіні жөнінде мәлімдемесін әртүрлі бағалап жатыр.