Қазақстанда атом энергетикасы агенттігі құрылғаны 18 наурызда белгілі болды. Бұл туралы тиісті жарлыққа ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.
Ақорда таратқан ақпаратта жаңа агенттік уран өндіру, атом энергиясын пайдалану, радиациялық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады, оған қоса Семей ядролық қауіпсіздік аймағының дамуына жауапты болады деп жазылған. Агенттік сондай-ақ өзіне Энергетика министрлігінен берілетін өкілеттіктері мен міндеттері аясында оның заңды мирасқоры болмақ. Президент үкіметке Энергетика министрлігінің штат саны мен тиісті ведомстволық ұйымдардың ресурстарын қайта бөлуді міндеттеді.
Агенттік басшылығына бұған дейін Қазақстанның энергетика министрі болып істеген Алмасадам Сәтқалиев тағайындалды. Ол министр қызметін 2023 жылдың сәуірінен бері атқарып келген.
Атом энергетикасы агенттігі құрылатынын президент Тоқаев 14 наурызда Ұлттық құрылтай отырысында жария еткен. Сол жиында Қазақстанда үш атом электр станциясын салу қажет деп мәлімдеген. Президент "ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы барын" айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үкімет АЭС салу келісіміне жақында қол қоймақ. Оны кім салады?Қазақстан үкіметі биыл ақпанда елдегі бірінші атом электр станциясы салынатын орын ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Балқаш көліне жақын жер ресми түрде бекітілгенін жария еткен. Үкімет шешіміне оған дейін, 2024 жылғы 30 желтоқсанда қол қойылып қойған.
Қазақстан билігі АЭС салу туралы шешімді былтыр қабылдады. Ол шешімді қабылдамас бұрын елде референдум өткізілді. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.
Экологтардың көбі елде АЭС салуға қарсы. Олар атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген аймақтағы Балқаш көліне АЭС кері әсер етеді деп есептейді. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартады. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.
Қазақстан билігі бұған дейін АЭС құрылысын бірнеше елдің басын біріктіретін консорциум салатын болады, ал консорциумды таңдау 2025 жылдың бірінші жартысында шешіледі деп мәлімдеген. Ресми Астана алғашқы атом станциясының құрылысына қатысуға Ресейдің, Қытайдың, Оңтүстік Кореяның және Францияның компанияларының өтініштері қарастырылады деп айтқан.