Қазақстанда Наурыз мерекесі тойланып жатыр

Астанадағы Наурыз мерекесіне байланысты концерт. 21 наурыз, 2025 жыл

Астанадағы Наурыз мерекесіне байланысты концерт. 21 наурыз, 2025 жыл

Қазақстанда Наурыз мерекесі басталды. Елдің барлық аймағында мерекелік концерт, қоғамдық шаралар өтіп жатыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы "Expo" көрме орталығындағы этноауылда халықты мерекемен құттықтады.

– Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда Наурыз былтырдан бастап жаңа тұжырымдама аясында он күн аталып өте бастады. Оларға "Көрісу күні", "Шаңырақ күні", "Қайырымдылық күні" сияқты атаулар берілген. Бұған байланысты Тоқаев қазақтарда "Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың ерекше дәстүрі бар" екенін айтты және мерекені "ұлтына, дініне қарамастан ел болып тойлауға" шақырды.

Астана, Алматы сияқты ірі қалалардың орталық алаңдарында мерекеге байланысты мәдени, спорттық шаралар өтіп жатыр. Мереке 25 наурызға дейін жалғасады.

Мейрамда АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин, Қытай басшысы Си Цзиньпин және көршілес елдердің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеделхат жолдап, Қазақстанды құттықтады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Трамп жеделхатында "екі ел алда қауіпсіздік, экономика және басқа салаларда жаңа жетістіктерге жететініне сенім" білдіріп, "АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын әрдайым қолдайды" деген.

Ал Путиннің хатында "Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында өзара тиімді байланыстарды одан әрі арттыру үшін ортақ күш біріктіретінімізге сенімдімін" деп жазылған.

Си Цзиньпин "Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға баса мән беремін. Сізбен берік достығымды мақтан тұтамын. Қытай мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достықты нығайтып, екі елдің мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігін тереңдету үшін күш-жігерімізді біріктіруге дайынмын" деді.

  • 1926 жылы Наурыз ескінің қалдығы деп танылып, мереке тізімінен алып тасталған. Кейін 1988 жылы мейрам қайта тойлана бастады.
  • 1991 жылы Наурыз ресми түрде мереке қатарына қосылып, ол туралы президент жарлығы шықты. 10 жылдан соң, 2001 жылы Наурыз мемлекеттік мереке деп танылып, 22 наурыз демалыс күні болып жарияланды.
  • 2009 жылдан бастап Наурыз мерекесі қатарынан үш күн – 21, 22, 23 наурызда тойланатын болды.