Қазақстанда рэпер Моргенштерннің концерті өтпейтін болды

Рэпер Моргенштерн (Әлішер Валеев)

Қазақстанда 7-8 желтоқсанда Алматы мен Астанада өтеді деп жоспарланған рэпер Моргенштерннің (шын аты Әлішер Валеев) екі концерті өтпейтін болды. Шараны ұйымдастырған Concerts.prod бұған "техникалық ақау" себеп болғанын айтты.

Моргенштерн Instagram-дағы парақшасында "ғажап нәрсе болмады" деп жазып, видео да тіркеп қойған. "Бір күні көрісеміз деп үміттенемін" деді рэпер.

Бұл Моргенштерннің Қазақстандағы алғашқы концерті болған. Биыл сәуірде де үш концерт жоспарлап, кейін шегерген. Рэпер мұны "қауіпсіздікпен" түсіндірген. Ол "мемлекеттегі біреу" қауіпсіздігіне кепілдік берсе, Қазақстанда концерт өткізетінін айтқан еді.

Қыркүйекте Ресейде Моргенштерге "шетел агенті" міндеттемелерін орындамау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Рэперді 2022 жылы мамырда Ресей әділет министрлігі "шетел агенттері" тізіміне енгізген. Ол әлеуметтік желіде жазбалары мен видеоларын "шетел агенті" деген белгісіз жариялаған.

Моргенштерн Ресейден тергеу комитеті оны "есірткі саудалады" деп айыптағаннан кейін 2021 жылы қарашада кеткен.