Нұрлан Байбазаров вице-премьер - ұлттық экономика министрі қызметінен босатылды. Сенбі күні Ақорда сайтында тиісті жарлық жарияланды.
49 жастағы шенеуніктің отставкаға кету себебі айтылмайды.
Байбазаров бұл қызметке биыл ақпанда тағайындалған. Оған дейін "Бәйтерек" ұлттық холдингін басқарған. 2022-2023 жылдары "Қазақстанның даму банкіне" жетекшілік еткен. 2016-2022 жылдары "Өнеркәсіпті дамыту қорын" басқарған.
Қазан айында Байбазаров 2025 жылы болжам бойынша, жалпы ішкі өнім өсуі 5.6 пайыз болады деп мәлімдеген. Осыған дейін үкіметке ЖІӨ өсімін 6 пайыздан кем қылмау жөнінде тапсырма берілген еді.
Үкімет мәліметінше, биыл қаңтар мен қараша айларында ЖІӨ 4,4 пайыз болған. Үкімет мұны мұнай өндірісінің болжам бойынша көрсеткішіне жетпеуімен байланыстырған.
Сенбі күні вице-премьер Серік Жұманғарин ұлттық экономика министрі болып тағайындалғаны да белгілі болды.
55 жастағы Серік Жұманғарин 2023 жылдың қыркүйегінен бері премьер-министрдің орынбасары болған. 2022-2023 жылдары вице-премьер – сауда және интеграция министрі қызметін атқарған. 2020-2022 жылдары бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жетекшілік еткен. Оған дейін Еуразия экономика комиссиясының бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқасын басқарған.
Қазақстан билігі экономиканы әртараптандыру қажеттігін, өңдеу саласын дамыту керектігін көп жылдардан бері айтып келеді, алайда мемлекет бюджеті мұнай мен өзге де шикізат экспортына едәуір дәрежеде тәуелді.