Қазақстандық блогерлер желіде ұтыс ойынын өткізсе жазаланатыны жайлы ескерту алған

Көрнекі сурет.

Қазақстандық блогерлерге әлеуметтік желілерде ұтыс ойынын ұйымдастырғаны үшін айыппұл арқалайтыны туралы ескертілді. Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттық сауалға осылай жауап берген деп жазды "Информбюро" басылымы.

Қазақстандық блогерлерге әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын өткізу заңсыз екендігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр хабарлаған вице-министр. Ол интернет кеңістігі күні-түні бақылауда екенін айтып, ондағы мақсат – құқық бұзу фактілерін анықтау деп түсіндірген.

Қазіргі заңда лотерея ұйымдастырып өткізуге құқығы бар операторлар ғана ондай ұтыс ойынын ұйымдастыра алатынын, ал өзгелерге ондай ойын өткізуге тыйым салынғанын еске салды. Қазақстанда лотерея ұйымдастыру құқығына ие жалғыз оператор бар – "Сәтті Жұлдыз" акционерлік қоғамы, оған ұтыс ойындарын өткізу құқы 15 жыл мерзімге берілген. Заңсыз ойын ұйымдастырушыларды жауапқа тартумен ойын бизнесі мен лотереяларды реттеу комитеті айналысады.

Құқық бұзғандарға 7,8 миллион теңгеге (қазіргі бағаммен 15600 доллар) дейінгі мөлшерде айыппұл салынып, табыстары тәркіленуі мүмкін.

Үкіметтің дерегінше, биылғы жылдың басынан бастап мониторинг барысында 1870 интернет алаяқтық оқиғасы анықталған. Оның ішінде әлеуметтік желілерде 389 факт тіркелген, 1480 интернет ресурс пен сілтемелері бұғатталған. Интернет-казино қызметіне қатысты 8616 факт әшкереленген, оның 6399-ы әлеуметтік желілерде анықталған, 2195 интернет-ресурс пен сілтеме бұғатталған.

2024 жылдың ақпан айынан бері 113 адам жауапқа тартылып, салынған айыппұлдың жиынтық мөлшері 50 миллион теңгеден асқан.

2023 жылдан бастап Қазақстанның заңнамасына "жалған ақпарат таратқаны үшін" жауапқа тарту көзделген бап енгізілді. Бұл бап бойынша блогерлер мен журналистерге қарсы бірсыпыра әкімшілік іс қозғалған.