Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитеті шетелден қаржы алатын жеке азаматтар мен заңды тұлғалардың тізімін жаңартты.
Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы шетелден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдар мен ақпарат құралдары, компаниялар 27,2 млрд теңге алғаны жөнінде есеп берген. 2023-2024 жылдары 295 адам мен заңды тұлға есеп тапсырған.
Олардың 118-і шетелден қаржыны тұрақты түрде алып отырады. 96-сы - ауық-ауық алады, 81-і тек бір рет қана қаржы алған. Тізімде Қазақстанға танымал құқық қорғау ұйымдары, журналистер және блогерлер бар.
Мұндай тізім 2023 жылғы 1 қаңтарда қабылданған Салық кодексіне енген түзетулерге сәйкес жарияланып келеді.
Тізім алғаш рет 2023 жылы жарияланған кезде құқық қорғаушылар мен сарапшылар оны ресейлік "шетел агенттерінің" тізіміне ұқсатқан. Ресейде оны билікті сынайтын тәуелсіз журналистер мен белсенділерге қарсы қысым құралы ретінде пайдаланады.
Қазақстан мемлекеттік кіріс комитеті бұған дейін мұндай қадам "үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарға деген қоғам сенімін арттыруға бағытталған" деп мәлімдеген еді. Алайда сарапшылар мұны азаматтық қоғамға қысым деп санайды.
Халықаралық Transparency International ұйымы "бұл қадам Қазақстанда тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғамның дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін" деп алаңдаушылық білдірген.
Кей қазақстандық құқық қорғаушылардың айтуынша, билік жариялаған тізім толық емес, себебі онда шетелден қаржы алатын мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар туралы ақпарат жоқ. Қаржы министрлігі мемлекеттік органдар ашық жұмыс істегендіктен бұған қажеттілік жоқ, ақшаның жұмсалуын ресми сайттары арқылы көруге болады деген.
"Эксклюзив" журналының жазуынша, 2023 жылы тізім алғаш жарияланған кезде бірнеше күннен кейін одан ресейлік "Газпромбанктің" Қазақстандағы өкілдігін алып тастаған. Қаржы министрлігі "есептен қате кеткен болуы мүмкін" деп себебін сол күйі нақты түсіндіре алмаған.