Түркіменстанның теңіз жағасындағы қымбат курорты жазғы демалысқа қажеттің бәрін ұсынады. Тек теңіз ғана жоқ. Ұзақ жылдардан бері Каспийдің су деңгейі төмендеп келеді. Бұл әлемдегі оқшау мемлекеттің беткеұстар туристік орнын теңізсіз қалдырды.
Аваза 2007-2017 жылдары Түркіменстанның өкілетті тұлғалары мен мемлекеттік қызметкерлеріне арналған демалыс орны ретінде қыруар қаржыға салынған. Енді бұл мекен Каспий теңізіндегі су деңгейінің күрт төмендеуінен зардап шегіп отыр.
БҰРЫН ШОМЫЛҒАН ЖАҒАЖАЙДА ҚАЗІР ҚҰМ МЕН ТАС ЖАТЫР
Азаттық маусымда әйелі мен екі баласын алып, Авазаға демалуға барған Мергенмен (аты өзгертілді) сөйлесті. Отбасы үш жылда бірінші рет демалысқа шыққан, бірақ үйге көңілсіз оралған.
— Үш жыл бұрын шомылған жағажайдың орнында қазір құм мен тас қана жатыр. Теңіз 25–30 метрге алыстап кеткен, — дейді ол.
Аваза — Түркіменстандағы ондаған қонақ үй мен аквапаркі бар жалғыз жағажай курорты. Тамызда демалыс орнына президент Сердар Бердімұхамедов пен басқа да жоғары шенді шенеуніктер келіп демалып кеткен. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер де өз қызметкерлерін осында демалысқа жібереді.
Бірақ олардың демалыс орнынан Мерген сияқты көңілі қалды ма, жоқ әлде риза болып кетті ме, белгісіз.
— Теңізде ондаған метрге дейін барсаңыз да, су тізеден аспайды», — дейді ол. — Үш жыл бұрын cу мойынға дейін жететін.
Каспий теңізі көп жылдан бері тартылып келеді.
Мұны Ресейдегі гидроэнергетикалық жобалар әсерінен Жайық және Еділ өзендері суының азаюымен және қардың аз жаууымен түсіндіруге болады.
Түркіменстан — бұл мәселені мойындамаған Каспий жағалауындағы жалғыз мемлекет.
Авазаға барған кез келген адам айлақтың соңына дейін барса да, теңізге жете алмайтынын байқайды. Су таяз болғандықтан, Мергеннің отбасы демалыстың бәрін жағажайда серуендеп өткізген.
2024 жылы шілдеде Авазаға барған Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі қонақ үйлер бұрын жағалау болған жерден алыста жасанды жағажай салғанын, бірақ соның өзінде 100 метрге дейін жүрсең де, су тізеден аспайтынын байқады.
Түркіменстан Авазаның дамуына қанша ақша жұмсалғаны жайлы деректер жарияламаған. Биліктегі дереккөз қымбат қонақ үйлердің кейбірі 40-50 миллион долларға түскен дейді.
Су деңгейінің төмендеуі 15 шақырым жерде орналасқан Түркменбашы портына да әсер еткен. 2018 жылы салтанатты түрде ашылған нысан — Түркіменстандағы ең жаңа порт. Бірақ қазір ондағы су да тым таяз.
— Порт маңында теңіз түбін тереңдетуге кіріскен. Гидросорғымен құм қаза бастады. Теңіз түбін тереңдету жұмыстары порт айналасында ғана емес, Әзербайжанға баратын жолдағы теңізде де жүріп жатыр. Ресейден теңіз түбін тереңдету жұмыстары үшін қымбат техника сатып алынды, — дейді осы жұмыстың басы-қасында жүрген, аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген маман.
2018 жылы өкілетті тұлғалар Түркменбашы портынан жылына 17 миллион тонна жүк пен 300 000 жолаушы өтеді деп хабарлаған. Содан бері билік порттағы жүк пен жолаушылар тасымалы жайлы деректер жарияламады.
Порттың өткізу қабілеті оны сыртқы әлемнен оқшау Түркіменстанның сыртқы саудадағы маңызды каналына айналдырар еді.
Бірақ енді кемелер 2 километр жердегі ескі портқа жіберіледі.
— Олар ескі портқа жаңасынан 2 кран апарып қойған, — дейді маман. — Қазірге дейін ескі порт шағын жолаушылар кемелері үшін ғана пайдаланылып келді.
Мерген мен әйелі Каспийдегі демалыстан үйлеріне оралғанда, теңіздің болашағын ойлап алаңдаған.
— Мәселе шешілмесе, немерелеріміз Каспий теңізін көрер ме екен?” “Теңізден 100, тіпті, 1000 метр алыстап кететін Авазада демала ма?” деп ойладық. Үйге бір-бірімізге осындай сұрақтар қойып оралдық, — дейді ол.