ҚМГ Болгариядағы мұнай өңдеу зауытын сатып алу байқауына қатысып жатқанын растады

"Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы Болгариядағы ресейлік "Лукойл" компаниясының мұнай өңдеу зауытын сатып алу бойынша байқауға қатысып жатқанын растады. Компания өкілдері мұны "Власть" басылымына айтқан.

"Қазмұнайгазды" Болгариядағы "Лукойл Нефтохим Бургас" мұнай өңдеу зауытын сатып алу бойынша байқауға қатысуға "Лукойл" шақырған болатын. Жай-жапсары талқыланып жатыр" деді компания өкілдері.

Румыниядағы "Вега" және "Петромидиа" зауыттарында да "Қазмұнайгаздың" үлесі (ондағы ҚМГ-ның үлесі 54,63%) барын алға тартқан ҚМГ компания осылайша халықаралық энергетика нарығындағы мүмкіндіктерін арттырғысы келетінін жеткізген.

Бұған дейін бірнеше дереккөзге сүйенген Bloomberg "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы ресейлік "Лукойлға" тиесілі Болгариядағы мұнай өңдеу зауытын салып алуды жоспарлап отырғанын жазған еді. Келісім мұнай саудасына маманданған Vitol Group холдингінің қатысуымен өтуі мүмкін деп айтылады.

Ақпаратқа қарағанда, сату процесі шамамен бір айға созылады, ал активтің құны шамамен 1 млрд доллар болуы мүмкін. "Лукойл Нефтохим Бургас" кәсіпорнының негізгі акционері Litasco SA Батыс санкциясына ілінбеген, алайда сатушылар ақшаны Ресейден аудармау туралы шарт қойған.

Ақпаратқа қарағанда, зауыт ресейлік мұнайды өңдеуге бейімделіп жасалған. Ал Қазақстан мұнайының сапасы да Ресей мұнайына ұқсас. Мақала авторының жазуынша, ҚМГ ұсынысы қабылданған жағдайда ол өте қолайлы шартпен зауытты қазақстандық мұнайымен қамтамасыз етуге уәде берген.

Мұнай өңдеу зауытының ҚМГ-ға сатылатыны жөнінде ақпарат 2023 жылы Болгария Украинадағы соғысқа байланысты Ресей мұнайына тыйым салу жөнінде шешім қабылдағаннан кейін айтыла бастаған. Осыдан кейін Болгария Қазақстан мұнайын тасымалдауды күрт арттырған деп жазды басылымдар.