2015 жылы шыққан ІІ Елизавета туралы кітапта сол кездегі премьер-министр Дэвид Кэмерон оның "кербездігіне, адамгершілігіне, адалдығына" бас иетінін айтқан. Бұл еңбек оның Ұлыбритания тарихындағы тақта ең көп отырған монарх атануына орай жазылған.
"Саясат үздіксіз өзгеріп жатқанда, ол бізді дауылдардан қорғап, бойымызға сенімділік ұялатқан тұрақты зәкір болды" деп жазған Кэмерон кітаптың алғысөзінде.
Ұлт бірлігі мен тұрақтылықтың символына айналған патшайым 96 жасында көз жұмды. Оның кезінде патша институты Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі саяси және әлеуметтік қиындықтарды еңсере алды.
Елизавета II 70 жыл тақта болғандағы жеңістер мен қиындықтар кезінде борышын ұмытпағаны үшін Ұлыбританияда ғана емес, одан тыс жерлерде де сыйлы тұлға болып қалатыны сөзсіз.
"ТАҚТАН ҮМІТКЕР ЕМЕС ХАНШАЙЫМ"
Елизавета 1926 жылғы 21 сәуірде дүниеге келгенде, оның патшайым болатынын ешкім күткен жоқ. Оның әкесі Альберт таққа үміткерлер тізімінде екінші адам болған еді.
Елизавета 1936 жылға дейін қарапайым өмір сүрді. Сол жылы Эдуард VIII ажырасқан әйелге үйлену үшін тақтан бас тартты да, тәж оның әкесіне бұйырды. Осылайша әкесі Альберт Георг VI атанды.
Әкесінен кейін таққа отыруы керек Елизавета мен оның сіңлісі Маргарет Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Виндзор сарайында, қауіпсіз жерде тұрды.
1947 жылы ол алыс туысы лейтенант Филипп Маунбеттенге тұрмысқа шықты. Бір жылдан соң тұңғышы Чарьлз, 1950 жылы Анна, 1960 жылы Эндрю, 1964 жылы Эдвард деген балалары дүниеге келді.
1952 жылы әкесі көз жұмған соң таққа отырып, ІІ Елизавета атанды. Британия монархы атанғанда ол 25 жаста еді.
Ол кездері Ұлыбритания премьер-министрі Уинстон Черчилль, АҚШ президенті Гарри Трумэн еді. Ал Совет одағын Иосиф Сталин басқаратын.
1953 жылғы 2 маусымда өткен оның тәж кию салтанатын тікелей эфирден бүкіл әлем тамашалады. Бұл әлем телеарналары алғаш көрсеткен ең ірі халықаралық шара болды.
РЕКОРД ЖАҢАРТҚАН МОНАРХ
Таққа отырғаннан кейін 60 жылдан соң, 2015 жылы ол Ұлыбритания тарихындағы тақта ең көп отырған монарх атанды. Бұған дейін ең ұзақ отырған монарх Виктория патшайым болған еді.
Сонымен қатар ол Ұлыбритания, Австралия, Канада, Жаңа Зеландия және Достастық елдерінің 12 мүшесіне конституциялық монарх болды, 120-дан астам елге сапарлады. Бұл оны ең көп саяхаттаған монарх қылды.
Елизавета ІІ Ұлыбританияның 15 премьер-министрін тағайындаған. Көз жұмарынан екі күн бұрын ол бұл қызметке Лиз Трассты қойды. Патшайым әлемдегі ең танымал адамдармен, оның ішінде АҚШ-тың он үш президентімен кездескен.
ӨЗГЕРМЕЛІ ЗАМАНДАҒЫ ӨЗГЕРМЕЙТІН СИМВОЛ
Елизавета II Ұлыбританияда ғана емес, бүкіл әлемде түбегейлі өзгеріс болып жатқанда таққа отырды.
Жаһандық деколонизация процесі аясында Британия империясы ең ірі колонияларға тәуелсіздік бере бастады. Ал коммунистік блок пен Батыс елдері арасындағы шиеленіс қырғи-қабақ соғысқа ұласты.
Ұлыбритания мен басқа елдерде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін экономика мен әлеуметтік жағдай жақсарды.
Кейінгі жылдары баспасөз құралдарындағы жаңалықтар патша отбасына көптің назарын аударды. Бұл олардың қоғаммен және баспасөз құралдарымен байланысын түбегейлі өзгертті.
Елизаветаның күйеуі Филипп 2021 жылы көз жұмды. Екеуінің некесі берік болды. Ал олардың қызы Анна күйеуімен, ұлдары Чарльз бен Эндрю әйелдерімен ажырасып кетті. Осы оқиғалар болған 1992 жылды ол "ең жаман жыл" деп атаған.
Бес жылдан кейін Парижде Чарльздің әйелі Диана Спенсер қаза тапты. Елизавета патшайым Уэльс ханшайымының қазасына эмоция таныта қоймағаны үшін сынға қалды.
Баспасөз құралдарының назарына іліккеніне қарамастан, ІІ Елизавета Британияның үнемі өзгеріп отырған қоғамындағы өзгермейтін тұлға болды және патша институтының абыройын сақтап қала алды.
Ондаған жыл бойы патшайым шыдамдылық танытып, борышын сезінетінін көрсетті. Бұл оған тәж кию рәсіміндегі "Өмір бойы, шын жүрегіммен сенімдеріңізге лайық болуға тырысамын" деген уәдесін орындауға септігін тигізгендей.