Құқық қорғаушы: адвокаттар полицияға Қаржаубай Нұрымовты ұстаңдар деп айтқан жоқ

Қаржаубай Нұрымов Азаттыққа сұхбат беріп тұр. Алматы облысы, 9 желтоқсан, 2024 жыл.

Құқық қорғаушы Айтбек Амангелді Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы жағдайға байланысты бұған дейін полиция берген кей ақпаратты жоққа шығарды. Айтуынша, Шерзат Полат отбасының адвокаттары Қаржаубай Нұрымовты ұстаңдар деп полицияға өтініш жасамаған.

Полиция 10 желтоқсанда Нұрымовты "туыстары мен адвокаттарының өтініші бойынша" ұстағанын айтқан еді.

Сол күні Алматы облысының полициясы Нұрымов "прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмесін елемей, өзін агрессивті ұстады, айналасына қауіп төндіріп, суицид жасаймын деп қорқытты. Полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, айналасына да қауіп төндірді" деген хабар таратқан.

Сейсенбі күні кешке Нұрымовты полиция ұстап, алып кеткен еді. Кейін Нұрымов әкімшілік соттың шешімі бойынша 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынды. Қамауда отырғандардың бірін билік Қазақстаннан депортациялауы мүмкін.

Your browser doesn’t support HTML5

Шерзаттың әкесі және полиция, адам құқығы күні – AzatNEWS | 10.12.2024

Құқық қорғаушы Айтбек Амангелді Instagram-дағы парақшасында "адвокаттардың ешқайсы Қаржаубайды ұстау керек деп мәлімдеген жоқ" деді.

Бұған қоса, ол желіде тарап кеткен Нұрымов пен марқұм інісі Нұрғанат Ғайыпбаевтың соңғы рет бір-біріне мессенджермен жазған хатын жариялауға отбасы тарапынан рұқсат берілмеді деді.

"Қаржаубайдың отбасы және адвокаттары оның Нұрғанатпен жазысқан хатын пабликтер мен ақпарат көздерінде жария қылуға келісті деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Отбасынан, адвокаттарынан ешкім екеуара жазысқан хатты жария етуге рұқсат бермеді", – деді құқық қорғаушы Айтбек Амангелді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шерзаттың отбасы: Нұрғанаттың өлемін деген ниеті болмаған

9 желтоқсанда Талғар қаласы маңынан Нұрғанат Ғайыпбаевтың мәйіті табылған. Кейінірек полиция алдын ала сот-медицина сараптамасы "Ғайыпбаев суицидтен қайтыс болған" деген қорытынды шығарғанын хабарлады. Ал марқұмның отбасы оның "өзіне өзі қол салғанына" сенбейді.

Алматы облысы полициясы Ғайыпбаев өлерінің алдында туысына өзіне қол жұмсайтыны туралы хат жібергені анықталды деп, хаттың скринін қоса жариялаған. Кейін хат скрині Нұрымовтың TikTok-парақшасында да шықты.

Нұрымов әкімшілік қамауға алынар алдында марқұм інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты жерлеген еді. 10 желтоқсанда туыстары Нұрғанат Ғайыпбаевты Алматы облысы Азат ауылындағы үйінен ақтық сапарға шығарып салған. Алдымен ұлынан, енді інісінен айырылған Қаржаубай Нұрымов көпшілік алдында журналистермен кездесуді, істі әділ тергеуді талап еткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Талғарда полиция Шерзат Полаттың әкесін ұстады