Туабітті церебралды сал ауруы мен эпилепсия диагнозы қойылған Мейірім Әлиасқарованың өмірі онсыз да сынаққа толы болатын.
Екі жарым жыл бұрын Мейірімді көршісі зорлады. Ол кезде Мейірім 16 жаста, ал көршісі одан жарты ғасыр үлкен еді. Оқиға Қырғызстанның солтүстік-шығысындағы Курменты ауылында болған. Бұл жағдай жасөспірім қыздың өмірін одан сайын ауырлатты.
Көршісі зорлаған Мейірімнің аяғы ауыр болып қалған. Құрсағына операция жасап алған бала өлі туды. Осыдан соң жасөспірім қыздың ұстамасы жиілеп, қан қысымы көтеріліп, үрейге бой алдыратын болған.
"Оған дейін Мейірімде алты айға дейін [эпилепсиялық] ұстамасы болмайтын. Енді айына 2-4 мәрте ұстап қалады", – деді қыздың туысы Жыпар Жігітекова.
Оның айтуынша, зорлық көргеннен кейін Мейірім күйзеліске түсіп, адамдардан бойын аулақ салатын болған.
"Ұстамасы да ауырлай бастады. Әр ұстамадан кейін 10-15 күн төсектен тұрмай, ас ішпей жатып қалады. Бұрын бір аптада жақсы болып кететін. Мінезі тұйықталып, адамдармен сөйлеспейтін болды, ешкіммен араласқысы келмейді", – деді Жыпар.
Мейірімнің көршісі, 66 жастағы Дүйсенәлі Адықов жасөспірім қызды зорлағаны үшін сот үкімімен 11 жыл 3 айға түрмеге қамалды. 30 қазанда сот Адыковтың соңғы аппелляциясын қанағаттандырмай тастады.
Мейірім Әлиасқарованың ісі Қырғызстан билігін елде жиі кездесетін жасөспірімдерге қарсы жыныстық зорлық пен басқа да қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуға итермелеген бірнеше оқиғаның бірі болды.
Үкімет мүгедек адамдарға зорлық көрсеткендерге жеке қатаң жаза қолдануды енгізуді жоспарлап отыр.
Қырғызстан заңында бала зорлаған қылмыскерді өмір бойына түрмеге қамау жазасы белгіленген.
Мамырда Қырғызстан 60 жастағы және одан үлкен адамдарға жасөспірімдерге қарсы жасаған қылмысы үшін ең қатаң жаза кесуге тыйым салатын ережені алып тастады.
Оған дейін Қырғызстан педофилия үшін істің қайта қаралу мерзімін алып тастап, осы баппен істі болғандарға амнистия жариялауға немесе оларды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салды.
Қаңтарда мемлекет құқық қорғау органдарына тараптар соттан тыс өзара келісімге келсе де, істі жабуға тыйым салатын заң қабылдады. Орталық Азияда қылмыскер мен жәбірленушіні өзара келістіріп, істі сотқа жеткізбей жауып тастау — қалыпты жағдай.
Заңды қолдаушылар мұндай тәжірибе жәбірленушілердің әділдікке қол жеткізуіне мүмкіндік бермейтінін алға тартады.
ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ҚАРСЫ ЖҮЗДЕГЕН ҚЫЛМЫС
Ресми статистикаға сәйкес, жасөспірімдерге, оның ішінде мүгедек балаларға қарсы жыныстық зорлық пен басқа да қылмыс түрлері Қырғыстанда қалыпты құбылысқа айналған.
Бас прокуратура 2023 жылы жасөспірімдерге қарсы жасалған 406 ауыр және аса ауыр қылмыс тіркеген. Оның 160-ы – зорлау бабы бойынша қозғалған істер.
Маусым айында Жалал-Абад облысының полициясы көпқабатты тұрғын үйдің ауласында 4 жасар қызды зорлады деген күдікпен 35 жастағы ер адамды ұстаған.
Тамызда Ош қаласында кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен ер кісі ұсталды. Полицияның хабарлауынша, 14 жастағы жәбірленуші зорлықшыдан жүкті болып, бала туған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зорлық көріп, бала көтерген жасөспірім қыздардың жан жарасыБір айдан кейін солтүстік-шығыстағы Түп ауданының (Әлиасқарованың туған жері) полициясы тағы бір мүгедек қыздың зорланғанын хабарлады. Қазір аталған факті бойынша тергеу жүріп жатыр.
Бала құқығын қорғаушылар лигасының басшысы Назгүл Тұрдыбекова "Қырғызстанда мүгедек балаларға шабуыл жасаушылар көбіне "олар әлжуаз, өздерін қорғай алмайды, ойын дұрыс жеткізе алмағандықтан, сөзіне ешкім сенбейді" деп ойлайды" деді.
Тұрдыбекова сондай-ақ жасөспірім мүгедек балалардың үйін аралап, олардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көріп, ата-аналарға мүгедек бала күтіміне мұқият болу керегін түсіндіретін арнайы әлеуметтік қызметкерлер жетпейтінін алға тартты.
Қырғыздардың көбі кәмелет жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық зорлық саны ресми деректен әлдеқайда көп, өйткені балалар әдетте зорлық көргенін түсінбейді немесе біреуге айтуға қорқады дейді.
Көп жағдайда отбасылар консервативті елдегі "масқараға қалудан" именіп, жасалған қылмысты полицияға хабарламай іштен тынады.
Әлиасқарованың отбасы қылмысты жасырмай, әділдік жолында күресуді ұйғарған. Қазір қылмыскер түрмеде болса да, отбасы Мейірім енді ешқашан қалыпты өмірге орала алмауы мүмкін деп алаңдайды.
Мейірімнің әкесі, зағип жан Әлиасқар Жігітеков әлжуаз қызын қылмыскерден қорғай алмағанына өкінеді.
"Осы қайғылы жағдай болмаса, қызым біреуді кезіктіріп, тұрмысқа шығар ма еді?!", – деп күйзелді ол. – [Зорлықшы] қызымның өмірін күл-талқан қылды".