Қызылорда соты оқушы қызды жыныстық құлдықта ұстады деп айыпталған 9 адамға үкім оқыды. Сотталушының төртеуі кәмелет жасқа толмаған.
Сотталушылар 11 сынып оқушысын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі және ақша бопсалады деп танылды. Оларға 4 жыл 8 ай мен 7,5 жыл аралығында түрме жазасы берілді.
Процесс жабық есік жағдайында өтті, себебі зардап шеккендер мен кейбір сотталушылар кәмелет жасқа толмаған.
Соттың хабарлауынша, сотталушылардың кінәсін оқушының жауабы, заттай айғақтар, видеожазба, WhatsApp-тағы хабарлама алмасулар, банк қағазы, сараптама нәтижесі дәлелдеген.
- Оқушы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі, ірі көлемде ақша бопсалады, қинады деп айыптаған кәмелет жасқа толмаған үш адам 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
- Тағы бір жасөспірім ақша бопсалау бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 ай түрмеге кесілді. Ақша бопсалауға көмектесті деп айыпталған екі ересек сотталушыға дәл осындай түрме жазасы берілді.
- Сот үш адамның әрқайсысын кәмелетке толмаған баланы жезөкшелікпен айналысуға тартты және бір топ адаммен бопсалады деген айыппен жеті жарым жылға бас бостандығынан айырды.
Бұл - қоғамда резонанс тудырған іс бойынша шыққан басты үкім. Бұған дейін өзге процестер аясында осы қылмысқа қатысы бар Қызылорданың бірнеше тұрғынына үкім шыққан. 2024 жылы қарашада ақша бопсалау бойынша айып тағылған 21 жастағы ер адамға үкім оқылды. Ол 4,5 жыл түрмеге кесілді.
Желтоқсанда тағы бір ер адам 6 жыл 7 айға сотталды. Оған оқушыны жезөкшелік пен алаяқтық бабы бойынша айып тағылды. Сол айда кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікке тартты деген айыппен екі әйелге жеке-жеке үкім шықты. Біреуі – 4 жыл, екіншісі 4,5 жыл түрмеге кесілді.
Алты ай бойы сыныптастары, туыстары мен таныстары жыныстық құлдықта ұстаған қызылордалық оқушы қыздың оқиғасы былтыр күзде жұртшылыққа белгілі болып, қоғамда резонанс тудырды. Анасының айтуынша, олар оқушының телефонын тартып алып, оның атынан ата-анасына хат жазып, отбасылық чаттарға кіріп, интимдік жазбаларды жібереміз деп қорқытқан. Зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін NeMolchiKZ қорының хабарлауынша, қылмыскерлер қызды "ата-анаңды өлтіреміз" деп қорқытып, тәнін саудалаған, қызға есірткі еккен. Жәбірленуші олардан қорқып, бұл жөнінде ата-анасына тіс жармаған.
Оқушының анасының сөзінше, қызының жыныстық құлдыққа түскенін білгеннен кейін полицияға жүгінген, алайда ол жақта оған "балаңды арнайы интернатқа береміз, ата-ана құқығынан айырамыз" деп қоқан-лоқы жасаған. NeMolchiKZ қорының айтуынша, іс көпке жария болғаннан кейін ғана алға жылжыған. Бұл ақпарат БАҚ-та жарияланғанға дейін күдіктілер бостандықта жүрген; қоғамдық резонанстан кейін олар қамауға алынды.