Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы 2 сәуірде Қылмыстық кодекске электр энергиясын заңсыз пайдаланғандарға жауапкершілікті күшейтетін түзетулер енгізген. Мұны елдің энергетика және су ресурстары министрлігінің хабарламасына сүйеніп "Азия Плюс" агенттігі хабарлады.
Ақпаратта заңға енгізілген түзетулер жобасын ел президенті Эмомали Рахмонның тапсырмасы бойынша әділет министрлігі әзірлегені жазылған. Рахмон 27 наурызда өткен үкімет отырысында электр энергиясы тиімсіз және шектен тыс пайдаланатындар барын айтып, электр қуатын заңсыз пайдаланған және ақысын төлемегендерді қылмыстық жауапқа тарту тәртібін енгізуді тапсырған.
Депутаттарға жобаны таныстырған әділет министрі Музаффар Ашуриён кейбір тұтынушы электр құнын төлемеу үшін есептегіш құралдардың көрсеткішін өзгертеді немесе ол құрылғыны айналып өтіп тоқ көзіне қосылады деп мәлімдеген.
"Соның кесірінен республика экономикасы елеулі зиян шегеді", – деген министр.
Қабылданған заң өзгерісі электр энергиясын пайдалану ережелері мен нормаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейді. Ол үшін Тәжікстанның Қылмыстық кодексіне "Алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы мүліктік зиян келтіру" деген бапқа түзетулер енгізіледі.
Осы баптағы жаза түрлері арасында айыппұлдан өзге, үш жыл мерзімге дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, ал егер қылмыс ірі көлемде жасалса, қамау мерзімі алты жылға дейін ұзармақ. Бұдан бөлек, егер қылмыс аса ірі көлемде жасалса немесе қылмысты ұйымдасқан қылмыстық топ я қылмыстық қауымдастық жасаған болса, алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге түрме жазасы берілуі мүмкін.
Тәжікстан билігі жұртты электр энергиясын тұтынғанымен ақшасын төлемей қояды я заңсыз қосылып алады деп жиі айыптайды. "Барки Точик" мемлекеттік энергетика холдингінің мәліметі бойынша, 2025 жылдың басында халықтың электр қуатына қарызы 1,7 миллиард сомони (155 миллион доллардан астам) болған. Бұған дейін Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосының журналистерімен сөйлескен тәжікстандықтар биллингтік есептегіштер енгізілгелі бері өздері тұтынған электрдің ақысын уақытында төлейтінін, өйтпесе компания бірден жарықты өшіріп тастайтынын айтқан. Сондай-ақ, сарапшылар холдинг келтірген деректердің шынайылығына күмән келтіріп, мәселе азаматтардың қарызында емес, энергетика саласы тиімді басқарылмай отырғандығында деген.
Бұған қоса, аты-жөнін жарияламауды сұраған энергетикалық бақылау қызметкерлері Озоди тілшісімен әңгімеде, электр ақысына төленбеген қарыздардың негізгі бөлігі қарапайым азаматтарға емес, жоғары лауазымды шенеуніктермен байланысы бар ірі компанияларға тиесілі екенін айтқан.