"Босаңсуға әлі ерте, науқасқа лық толды". Петербургтегі коронавирус жұққандар жатқан ауруханадан репортаж

Covid-19 вирусы жұққан науқастарды емдейтін аурухананың "қызыл аймағында" жүрген медицина қызметкерлері.

Ресейде маусым айында коронавирус қайта өршіді. Елде күнделікті анықталатын Covid жұқтырғандар көрсеткіші кейінгі үш айдағы ең жоғарғы деңгейге жетті. Ірі қалалардағы жағдай да мәз емес. Санкт-Петербургтегі коронавирус жұқтырғандарды емдейтін ауруханадағы ахуалға куә болған "Настоящее время" арнасының тілшісі әзірлеген репортажды ұсынамыз.

Мамырдағы мейрамдардан кейін Санкт-Петербургтегі коронавирус инфекциясы жұққан адамдарды емдейтін ауруханаға науқастар көптеп түсе бастады. Маусымның екінші аптасының басында қаладағы қайта мамандандырылған Покровская ауруханасының алдында ұзын-сонар кезекте тұрған жедел жәрдем көліктері жиі байқалды. "Ленэкспо" көрмесінің тағы бір павильоны Covid бөлімшесі ретінде жұмысын бастады. "Балтиец" пен "Заря" обсерваторларында тиісінше 350 және 600 орындық бөлімшелер әзірленген. Соғыс ардагерлеріне арналған госпиталь да Covid жұқтырғандарға көмек көрсету режиміне көшіп жатыр.

"Настоящее время" тілшісі Санкт-Петербургтегі Мариинск ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміндегі дәрігерлер және науқастармен "қызыл аймақта" бірнеше ауысым бойы бірге болды. Сырқаттардың хал-жағдайын бақылады, науқастар және оларды емдейтін дәрігерлермен әңімелесті. Сырқаттар вирусты қалай жұқтырғаны, оның әсері жайлы, ал дәрігерлер "тұтқиылдан шабуылдайтын" агрессивті вируспен күрес, аптасына жеті күн бойы жұмыс істейтіні жөнінде және күнде көріп жүрсе де, ажалға еті үйрене алмағанын айтып берді.

17 маусымнан бастап Мариинск ауруханасы коронавирус жұқтырып алған науқастарды емдеуге қайтадан толық көшеді. Себебі қазір жалғыз ғана бөлімше барлық науқасты қабылдап үлгере алмай жатыр.

"Мен ауруханада ауырып қалдым, – дейді Андрей Леонидович, – өзім тамырыма операция жасатуға келгем, оңалту кезінде жөтеле бастадым, қызуым көтерілді. Компьютерлік томография (КТ) жасап, өкпемнің екі жағы да қабынғанын анықтады. Бұрын мен мүлдем қорықпайтынмын – эпидемия кезінде де жұмыс істегем, бәрі жақсы болды. Бірақ сәл босаңсып кеттім, енді міне, қазір осында жатырмын".

Андрей Леонидович Марсель Прустың шығармасы жайлы айтып жатыр.

Андрей Леонидович 71 жаста. Ауруханаға өте ауыр халде түскен, сондықтан ол тек терезенің жанындағы кереуетінде жата беруге тырысады. Айтуынша, бұл жерде "тұнжыр ойға берілмейді, керісінше, жаймашуақ күнді, көк аспанды, көкте қалықтаған түрлі пішіндегі бұлтты көріп, оны әлденеге ұқсатады".

Андрей Леонидович оқып жатқан Марсель Прустың кітабы.

"(Маған) өкпеге арналған гимнастика жасау керек дейді, бірақ мен әлі күнге дейін бойымдағы күш-қуатымды үнемдеуге тырысам, әлім жеткен кезде Прустың "Сванға қарай" атты шығармасын оқимын. Онда болмысы біздің түсінігімізбен қиюласа бермейтін француз ақсүйектері жайлы оқиға баяндалған. Ауруханада жатқанда әдетте мұндай нәрсені мүлде сюрреалистік оқиға ретінде қабылдайсың".

Жұқпалы ауру бөлімшесіндегі палата.

"Ауыр науқастарға арналған бөлімше"

Жұма. Мамыр айының соңы. Таңертең әдеттегідей жеке қорғаныс құралдарын (ЖҚҚ) кигеннен кейін дәрігер ауруханада жатқан науқастарды аралауға шығады.

Емдік дене жаттығуын жасататын дәрігер науқастың дерегін телефонға СМС-хатқа теріп отыр, кейін оны сырқаттың құжатына енгізеді. Пневмонияны емдеуде қолданылатын гимнастиканың мақсаты - тыныс алу жүйесінің жұмысын жақсартып, өкпені "керу".

"Жаздың басында жақын арада басталатын аптапты ойлап мезі боласыз. ЖҚҚ-ның тіпті өз ерекшелігі бар" дейді дәрігерлердің бірі. Оның сөзінше, ЖҚҚ-ға балама жоқ, себебі "вирусты қайта жұқтыру қаупі бар, жаңа штамдар пайда болып жатыр, вакцина алмаған адамның ауырмайтындығына ешкім кепілдік бермейді".

Бөлімшеде дәрігерлер індеттің нешінші толқыны екенін санауды қойғанға ұқсайды: барлығы тек қыбырлап жұмыс істей беруге бейімделген. Мұнда жатқан науқас аз емес – 85 адам. Тек ескі ғимараттың төбесі биік болғандықтан аурухананың науқасқа толы екені онша сезілмейді.

88 жастағы науқасқа жаттығу жасатып тұрған дәрігер. "Саламатсыз ба! Сіз ең жайдары дәрігерсіз. Сізді күттім. Маған көмегіңіз зор болды" дейді палатаға енген дәрігерді күлімсірей қарсы алған науқас. Екі күннен соң қарт әйелді ауруханадан үйіне шығарды.

"Мен күнделікті жұмысқа шығамын. Демалыссыз істеп жүрмін, – дейді бөлімше меңгерушісі Михаил Митичкин. – Тәулік бойы үнемі байланыста болуымыз қажет. Басқа амал жоқ. Біздің бөлімшеде ауыр науқастар емделеді, жеңіл науқастар мұнда мүлде жатпайды – оларды сауыққаннан кейін шығарамыз немесе ауруханаға не обсерваторға жібереміз. Өкінішке қарай, созылмалы дерті жоқ болса да ауыр халде түскендер бар. 40-50 жастағыларға ажал қаупі төнеді. Бірде біз бірнеше ай бойы бір науқасты аман алып қалу үшін барлық ресурсымыз пен тәжірибемізді салып күрестік, соның ішінде ЭКMO (экстракорпоральды мембраналық оксигенация – қанды оттегімен қанықтырудың инвазивтік әдісі) қолдандық, сонда да ол адамды ажалдан құтқара алмадық".

Жұқпалы ауру бөлімшесінде жатқан науқас.

Бөлімше меңгерушісі Санкт-Петербургте індеттің үшінші толқыны басталуы мүмкін дейді және жұртты коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға үндейді: "Тиісті ұжымдық иммунитет орныққанға дейін бетпердені шешуге ерте. Вакцина салдырып алу керек, аурудан оңалған адамға өзіндегі антидене мөлшерін анықтап алу қажет. Мен айтар едім: адамдар пандемияға дейін міндетті вакциналар салдырған кезде, сирек жағдайды есепке алмағанда, ешкім ол вакцинаны қай жерде, кім өндіргені, клиникалық зерттеу кезеңі және шетелдік аналогтары жайлы сұрамайтын. Ресейлік вакцина, қолда бар мәліметтерге сәйкес, шетелдік вакцинадан кем емес. Егер бұл саланың маманы болмасаң, оны қаралауға тырысудың не қажеті бар?! Вакцина алуға келіп, дәрігерге қитұрқы сұрақтар қоятын адамдарды көрсететін видео көп. Ондай не үшін қажет?"

Оттегіні қажетсінетін науқастар өкпені жасанды жолмен желдететін аппараттың көмегін пайдаланады. Татьяна Анатольевна арнайы аппараттың көмегімен дем алып жатыр. Ол екі минуттан артық шыдай алмайтынын айтады.

Татьяна Анатольевна Hi-Flow аппаратының көмегімен тыныстап жатыр.

"Халім нашарлағасын 11 мамырда жедел жәрдем шақырдым. Тексере келе, Covid жұқтырып алғанымды анықтады, сол күні кешке маған оттегі берді. Келесі күні таңертең тыныстай алмайтынымды айтып едім, олар мені Hi-Flow (өкпені жасанды жолмен желдететін) аппаратына қосты. Өзім ешқашан суық тиіп ауырып көрмегенмін, сондықтан бұл ауру да маған жоламас, кәдуілгі тұмаудың аса жұқпалы түрі ғана шығар деп ойлағанмын. Бірақ бұл болжамға көнбейтін әрі агрессивті инфекция болып шықты. Қазір едәуір тәуірмін, бірақ қажытты. Өзімді бөгде біреулердің бағып-қағып, қарауына етім үйренбеген адам едім. Үнемі өз басымды өзім күтіп, бөтен ешкімге ауыртпалық салмауға тырысатынмын".

“Мұндағы әрбір дәрігер кемінде бір туысынан айрылған. Менің әжем көз жұмды, – дейді дәрігер Дарья Семенюк. – Ол мен жұмыс істейтін бөлімшеде жатты, қолымда жатып жан тапсырды. Ауыр тиді, ажалдан алып қала алмағаныма өзімді кінәлі, туыстардың алдында жауапты сезіндім. Уды у қайтарады демекші, демалыс алмай жұмыс істедім. Қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға, қате жібермеуге тырыстым".

Бөлімшеге үнемі реаниматологтар келіп, науқастардың халын біліп, жай-күйін бақылайды. Реанимацияға, яғни қарқынды терапияға ауысу, "кейбір жағынан алғанда, аса жақсы идея емес" деп түсіндіреді меңгеруші.

Компьютерлік томографиядан өтуге келген науқасқа жәрдемдесіп тұрған санитар.

"Адам жалаңаш жатады, туыстарымен сөйлесе алмайды, өз ыңғайымен отыра да алмайды – мүлде табиғи емес жағдайда болады. Психологиялық стресс факторы ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде бұл өте маңызды. Екінші мәселе – микрофлора. Коронавирус инфекциясы жұққан науқасқа әр ауруханада кездесетін ауруханаішілік бактерияларды жұқтыру қаупі төнеді. Олардың ең көп жиналатын жері – жансақтау (реанимация) бөлімі. Онда әлгіндей инфекцияны жұқтыру қаупі өзге бөлімшелерге қарағанда бірнеше есе жоғары. Ол өте жаман инфекция, оны жұқтырғандар арасында өлім жиі болады".

Компьютерлік томографиядан өтіп жатқан науқас.

"Палаталар ешқашан бос болмайды". Реаниматологтар

Егер дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан науқастың жағдайы "нашарласа", оны ғимараттың екінші қабатында орналасқан үш бөлікте 18 орыны бар реанимация және қарқынды терапия бөліміне (РИТБ) ауыстырады.

Жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесі.

"Палаталар ешқашан бос болмайды, – дейді РИТБ меңгерушісі Алексей Мамонов. – Реанимацияға ауыр халде келген жұқпалы ауруға шалдыққан науқастардың арасында өлім-жітім 45-тен 55 пайызға дейін барады. Мұндай жағдай әсіресе ординатураның екінші жылында оқып жатқан жас практикант дәрігерлерге қиын. Олардың өлімге еті үйреніп бара жатыр, дегенмен, әдеттегі ауруханада тыныш заманда мұндай көрсеткіш адам сенгісіз оқиға саналады және өте сирек кездеседі".

Науқасқа дәрі егіп жатқан мейіргер.

Елена Дмитриева – РИТБ-да жұмыс істейді. Ол анестезиология және реаниматология (АжР) мамандығы бойынша ақылы ординатурада оқиды. "Екі жыл үшін - 450 мың [рубль төлеймін]. Биыл және өткен жылы AжР мамандығы бойынша тегін орын болмады, тек мақсатты түрде бөлінген орындар болды" дейді ол. Бүгін Еленаның осы бөлімшедегі соңғы жұмыс күні.

Инемен антикоагулянт (қанды сұйылтатын препарат) салғаннан кейін науқастың денесі осылай көгеріп қалады. Бұл препаратты коронавирус пневмониясы асқынғанда жиі пайда болатын тромбоздың (ұйыған қанның түйіндісі) алдын алу үшін қолданады.

"Педиатрмын, өз мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді, – дейді неліктен бұл жерден кетуді ұйғарғанын түсіндірген Елена. – Мұнда желтоқсан айынан бастап жұмыс істедім. Науқастардың көзімен қарағанда бұл өте қиын. "Балалармен" жұмыс істегенімде өлім-жітімнің көрсеткішінің аздығына бойым үйренген. Ал мұнда ауруы асқынған адамдар және көбіне ересектер жатады – балалардан гөрі солар осы аурудан қатты қиналады. Ұжым жақсы болса, жұмысы қиын бөлімшеге үйреніп кетесіз. Бірақ өлімге етім үйренбей-ақ қойды. Көңілім құлазиды. Ең бастысы, сөйлесіп, мұңыңды шағатын адамдар – отбасың, дос-жараның болғаны жақсы. Әзіл-қалжың да көп көмектеседі. Ал мұндағы әзіл – ол шынында да зілдей ауыр әзіл".

Жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесі.

Еленаның пікірімен тағы бір AжР дәрігері Екатерина Давыденко да келіседі: "Егер әзілдеуді қойсақ, өмірден дәм кетеді. Егер қолдағы барлық ресурсыңызды сарқып болған соң не істей алатыныңызды білмесеңіз – бұл анық қиын жайт болады. Науқастарға бірте-бірте іш тартып кетесіз, екіжүзді боп, немкеттілікке салынуға дәтің бармайды. Денсаулығы қалпына кеп, сауыққандардың – олар жадымда сақталып қалды – бар екеніне қарамастан, өзім көмектесе алмағандарды көбірек еске аламын. Ауруханадан шыққан науқастардың көшеде сөмкесін арқалып, үйіне кетіп бара жатқан сәтін көргенде (өлім-жітім) көрсеткішінің жүйкеңе салмақ салар әсері сәл де болса әлсірейді".

Жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде жатқан науқас.

– 45 жастағы бір ер адам бізде екі ай жатты, – деп еске алады Елена жақсы бір оқиғаны. – Оны емдеу үнемі қатты мазалайтын жайт болды. Кезекшілікті атқарып шығып, таңертең қайтып бара жатқанда қарайсың: науқастың жағдайында оң динамика байқалады, ол өздігінен дем алады. Екі күннен кейін қайтып келгенде көргенің жүрегіңді ауыртады: қайтадан оттегі аппаратының көмегімен дем алып, қызуы қатты көтеріліп жатады. Асты-үстіне түсіп, есің шығады. Ол өте қатты ауырды, бірақ өмір үшін қаһармандықпен күресті. Оған бәріміздің жанымыз ашыды.

– Жаңа жыл қарсаңында оны "оливиешкамен" тамақтандырдық, – деп әңгімесін жалғастырды Екатерина. – Бір күн бұрын ол: "Қазір үйде болсам ғой, шіркін, қандай рахат болар еді: онда барлығы (неше түрлі дәмді) салат даярлауға кіріседі" деді. Медбике оған оливье алып келді. Ол ыдыстан жеді. Өзін бақытты жан сезінді. Содан кейін оны бөлімшеге шығарды. Ол бәріміздің аты-жөнімізді білетін.

"Қызыл аймақтағы" науқасқа көмек көрсетіп жатқан медицина қызметкерлері.

Екі қыз да түскі үзілісі бар, он екі сағаттық еңбек режимі аясындағы жұмысына айына 16-17 ауысыммен шығады.

"Сіз не жұмысқа келесіз, не оны тастайсыз, – дейді Екатерина. – Шаршау бойда жинақтала береді, демалсаңыз бойда қайтадан күш пайда болады, сосын одан әрі жұмыс істейсіз. Осылайша бір жыл өтті. Барлығы ерекше болды. Қазір бәрі қалыпты өмірге орала бастады, бірақ, меніңше, адамдар ертерек босаңсып, бейқам күйге берілді. Міне енді тағы да бөлімшеміз науқасқа лық толы, ал біздегі – реанимация бөлімшесі. Мен Covid бітсе екен деп армандаймын".

– Қала сыртынан үй сатып алуды армандаймын. Отбасымды, балаларымды ойлауым керек. Қазір тек әйтеуір ертең ұйқымды бір қандырармын деген ойдан өзгеге мұрша жоқ, – дейді Елена.

"Егде әйел қайтыс болды, ал баласы ауруханаға түсіп, дәл сол төсекке жатты". Науқастар

"Бізде ерлі-зайыптылар бірге жатпаған бірде-бір апта болған жоқ. Бұл үнемі болып тұратын жағдай. Егер оларды бір палатаға жатқызуға мүмкіндігіміз болса, солай істейміз" дейді дәрігерлер.

Мамандығы отоларинголог Татьяна Георгиевна өзі жатқан палатадағы екі кереуеттің бірінде отыр. Ол ұзақ уақытқа кереуетінен кете алмайды, себебі арнайы түтікше (канюлалар) арқылы оттегімен тыныс алады.

Татьяна Георгиевна.

"Бұл жай ғана қан құрамында оттегінің жетіспеушілігі, – деп түсіндіреді ол. – Мен мұнда келген кезде оттегі көрсеткіші өте төмен болды – 80. Кеше оттегімен тыныс алмасам да 90 болды, ол әлі тым төмен, сізде кем дегенде 94 болу керек, әйтпесе көзің бұлдырап, басың айналады. Барлық дәрігерлер тәрізді мен де аяғына дейін отырдым: біз өзіміз ауыра алмаймыз (себебі ауырған елге көмектесуіміз керек). Өткен жұмада халім мүлде нашарлап кетті, іс жүзінде есімнен тандым, содан кейін ауруханаға баруым керегін түсіндім".

Мариинск ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне науқасты жедел жәрдеммен тікелей жеткізеді немесе басқа бөлімде емделіп жатқан науқасқа коронавирус жұқса, оны осында ауыстырады.

Үш күннен кейін Татьяна Георгиевнаның күйеуі де Мариинскідегі ауруханаға түсті. Таяуда оны бөлімшеден үйіне шығарды.

"Оның ауруы жеңіл болды, бірақ жұбайымды қатты уайымдадым. Мен соны ғана ойлаймын. Мен ол кезде көп қозғала алмайтынмын, бірақ ол қажет кезде маған кеп тұрды: қызым екі пакетті бір пакет етіп сәлемдеме беріп жіберіпті, біз соны бөлістік" дейді науқас.

Татьяна Георгиевна компьютерлік томографиядан өтуге аурухананың басқа ғимаратына көлікпен бара жатыр. "Қоғамдық көлікте бетперде тағып жүру керегін ептеп айтып көрдім. Әркім әртүрлі қабылдады. "Кетші әрі", "өзің тақ" дегендер болды. Кейбірі ештеңе демей, үнсіз қалды. Жұрт шаршаған, өзін еркіндігі шектелген жан сезінеді, оны түсінемін. Ал қауіп-қатерді жете түйсінбей, оба емес қой, мейлі дейтіндер де бар".

1990-жылдардың басында Татьяна Георгиевна сол Мариинск ауруханасында дәрігер ретінде алғаш рет жұмысқа кіріскен (ол кезде бұл мекеме Куйбышев атындағы аурухана деп аталған).

"Мені ешнәрсемен қорқыта алмайсыз: реанимация да, ауыр науқастар да маған жақсы таныс. Бұл – қиын бөлімше, әсіресе екінші қабаттағы түпкірі. Мен алғашқы күні сол жерде жаттым. "Қаратүнек" құлаққа жағымсыз естілер сөз болуы мүмкін, бірақ ол (мұндағы ахуалды дәл сипаттап) – шындық. Бұл ахуал дәрігерлер үшін өте қиын, мұны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Иығымызға салып отырған жүгінен тыс, меніңше, бұл инфекция толық зерттелмеген құбылыс. Бұл оны елемей қоя салатын ұсақ-түйек нәрсе емес: сонда бәріміз бірдей осының құрбаны болып кетеміз бе?!"

Науқастың тамырына дәрі салуға дайындалып тұрған медицина қызметкерлері.

"Туыс адамдар бірге жатқан бірнеше жайт болды. Мысалы, ерлі-зайыпты әже мен ата бірге жатты, – деп еске алады реаниматолог Елена Дмитриева, – егер атаны жансақтау (реанимация) бөлімшесіне ауыстырса, әже де, әрине, оған барғысы келеді. Мен адамдарды түсінемін, алайда реанимация қызметкері ретінде сырқаты жеңілеу жанды, оның психикалық денсаулығын сақтау үшін, біз мұнан қорғауымыз керек. Реанимацияда болу білмейтін адамға ауыр тиеді. Туыс адам мұндағы ахуалды көргенде оның көңіл күйіне бұл жаман әсер етеді".

Жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде жатқан науқас.

"Әдетте, отбасылар реанимацияға жатпайды, бірақ коронавируспен ауырғандарды алсақ бұл жиі кездесетін жайт болып саналады" деп ойын бөлісті РИТБ меңгерушісі Алексей Мамонов.

Жансақтау және қарқынды терапия бөліміндегі науқас.

"Көңіл қобалжытар оқиғалар да болады, – дейді ол. – Алғашқы толқын кезінде осында қарт әйел жатты, ол жансақтау бөлімінде қайтыс болды, сәл кейінірек оның баласы, ересек ер адам біздің ауруханаға түсті. Ол екі күн бұрын анасы қайтыс болған бөлмеге, тіпті анасы жан тапсырған кезде жатқан кереуетке жатты. Өзі ауруханаға түсе сала: "Дәрігер, анам осы ауруханада жатыр, жағдайы қандай екенін айтасыз ба?" деп сұрады. Ауыр жайт. Уақыт өте келе, өзіңді қалай ұстау керегіне дағдыланасың: адамдар әртүрлі ғой, оларға белгілі бір жаңалықты қалай жеткізу керегін түсіну үшін олармен араласу қажет".

Лифтіде тұрған медицина қызметкері.

"Дәрігерлер батыр ма? Білмеймін, бірақ айқай-шу басылғандай"

Дәрігерлер "сауығып кеткендердің туыстары ризашылығын білдіріп, мақтау айтып, тілек жазады" дейді. "Ал егер науқасты аман алып қалуға қолдан келер қайран болмай қалса, бізді ештеңе бітіріп отырған жоқ, түк істемейді деп айыптаушылар да табылады".

"Мұның бәрі – эмоция, – дейді науқастардың туған-туысымен қарым-қатынас жасау тәжірибесін айтқан Екатерина Давыденко. – Алғыс жиі айтылады, бірақ біздің жұмысымыз өзгермегенімен, жалпы адамдардың көзқарасы өзгерді. Бізді "мұнда ақша үшін жұмыс істейді" деп санайтындар бар. Мен әрдайым болмаса да, ұзақ уақыт бойы реаниматолог болуды армандап келдім. Өз жұмысымды жақсы көремін. Covid та бітер, ал мен осы жұмысты істейтін сол баяғы дәрігер болып қала беремін".

Бауырды іріңнен тазарту операциясы кезінде.

Әріптесінің бұл пікірімен Елена Дмитриева да келіседі:

"Мен кәдімгі балалар ауруханасына кетіп барам. Ол жерде мұндағыдан жалақым аз болатын шығар, бірақ ең бастысы ол емес. Көбіне жұрт коронавирустың кесірінен келген бүкіл ауыр жағдайға кінәні дәрігерлердің мойнына артып қоюға тырысады. Осындай жағдайда бізді байлыққа кенеліп жатыр деп сөгіп, қызғану – нағыз ақымақтық: жұмыс өте ауыр. Өзіме айтылған осындай сөздерді естідім. Бірақ үндемедім. Мүмкін адамдар жағдайдың анық-қанығын білмейтін шығар. Мен әр түрлі іс-шаралар мен концерттерге жорғалап баратындардың санына таң қаламын. Адамдардың өздері шешеді емес пе бәрін: барға бару керек пе немесе метроға ма, бетпердені қолдану-қолданбау да сол тәрізді. Бірақ соның салдарынан жаппай инфекция жұқтырады, соның кесірінен ауруханаға түскендер күрт көбейіп отыр. Жұқпалы індет әлі кеткен жоқ".

Сырқат адамдарға емдік жаттығу жасататын дәрігер науқас дерегін қарапайым телефонға теріп тұр. Мәлімет жазылған дәптер "қызыл аймақтан" шықпауы тиіс. "Презерватив – телефонды қорғауға таптырмайтын зат, – деп күледі Алексей Валерьевич, – бір рет кигізіп, пайдаланып болғасын лақтырасың, ал телефонды дезинфекциялайсың".

Алексей Мамонов пандемияға байланысты дәрігерлерге деген көзқарастың қоғам санасында түбегейлі өзгерген дегенге күмән келтіреді:

"Дәрігерлер – батыр ма? Білмеймін. Біз адамдармен араласып, қарым-қатынас жасап тұрамыз, дәрігерлерге деген көзқарас қатты өзгерді деп айта алмаймын. (Жұқпалы вирус себебінен) елді дүрліктірген айқай-шу тынышталып, алаңдаушылық қарқыны бәсеңдеп келеді. Шынымды айтсам, алғашқы толқын бітуге тақаған кезде мен ауруханаларға қарсы жаппай азаматтық сот істері басталатын шығар деп ойладым. Бәрінің де бұл жағдайға еті үйрене алмай-ақ қойды, өйткені бір-екі рет қол алысқаннан кейін, коронавирус жұғып ауырып, қайтыс болған адамдар жайлы көбі естіді не куә болды. Адамдардың басым көпшілігі, егер науқасқа, мысалы, қатерлі ісік немесе ауыр инфаркт тәрізді "қорқынышты" диагноз қойылмаса, әншейін тұмаумен ауруханаға барып жатып, қатерлі инфекциядан өлді дегенді естігенде бұған дәрігерлер кінәлі деп шыға келеді".

"Қызыл аймақта" отырған дәрігер.

Бөлімшеде жатқан науқас Ольга Васильеваның пікірі басқадай:

"Дәрігерлер үшін (қазіргі жағдай) – өте салмақты психологиялық жүк: біз әрқалаймыз, сонымен бірге әрбіріміздің өзіндік ақымақтық, топастығымыз да жоқ емес. Олар тек мұнда ғана батыр емес. Мен дәрігер де, мейіргер де емеспін, осы үшін өзімді бақыттымын деп санаймын: науқастарға деген адамгершілікке толы шексіз қарым-қатынас ұстану мүмкін емес нәрсе, егер расында солай боп жатса, онда олар өз бойындағы көп нәрсені еңсере алады деген сөз. Ең таңқаларлығы – бөлімшеге түскен және өзім кездестірген адамның барлығы дерлік мұндай дерт барына сенбепті. Тек ауруханадан бір-ақ шыққанда ғана мұның рас екеніне көзі жеткен. Дереу туыстарына телефон шалып, хабардар ете бастады. Қызым (әріптестерімен) іссапарға аттанған. Бәрі бетпердесіз кетіпті. Олардан бетперде тағуын өтіндім. Олар мұны қылжаққа айналдырды немесе: "Қандай ақымақ!" деп өзімді сөкті. Әпкем: "Олардың мұрныңды бұзбағанына рақмет айт" деп отыр.

Мариинск ауруханасы жұқпалы дерт бөлімшесінде ем алып жатқан Андрей Борисович.

"СанПиНдерді сақтау мен адамдар арасында". Ольга

Бөлімшедегі науқастар арасында төсек тартып жатқаны көп. Бұған себеп – жасының егделігі және коронавирус инфекциясының жүйке жүйесіне теріс әсер ететіндігі: "Бізге жүйке ауруынсыз, депрессиясыз жатуға келетін науқас сирек кездеседі. Энцефалопатияның, әлсіздіктің себебінен болатын құбылыстарға байланысты өздігінен тамақ жей, жуына, тұра алмайтын күйдегі науқастар да мұнда түседі. Сонымен бірге, осында көптеген хирургиялық науқастар да бар, мысалы, жарақатына инфекция түсірмеу үшін ондайда күтім мен гигиена сақтау өте маңызды" дейді Михаил Митичкин.

Науқас Андрей Борисович Мариинск ауруханасы жұқпалы дерт бөлімшесіндегі палатада жатыр.

Мұндай науқастарға күтім жасау көбінесе санитарлардың мойнында. Солардың бірі – Ольга Валерко. Науқастардың бәрі оны Оля деп атайды.

Шытыр-шытыр, шытыр-шытыр: ЖҚҚ сыбдыры біріге, үздіксіз дыбысқа айналады – Ольга бөлімше ішінде тез адымдап келеді. Бүйірінде полиэтилен пакет ілулі тұр –керек-жараққа арналған қолдан даярланған дорбасы.

Кіші медицина қызметкері Ольга науқастың басындағы жастығын дұрыстап салып жатыр.

"Маркер, скотч, телефон, – деп түгендейді Ольга. Ұялыңқыраған күйі, сөмкеден бір қорапша крем алып шықты. – Науқастың памперсін ауыстырып, аяғын маймен сыладым. Сіз мұны қайырымдылық дейсіз бе, оны өзіңіз білесіз, бірақ мен жай ғана осылай істеп бергім келді".

Оля палаталарды аралап, не қажет екенін сұрайды және әдетте сұрағаннан да көбірек істі тындырады: кереуетті жоғары қарай көтеріңкіреп қояды, үстелде тұрған түскі асты ішкізеді, тағы бір дана көрпе беріп жатады. Науқастың жастығын түзетіп жатып, одан өздігінен тамақтана аласыз ба, көмек керек пе деп сұрайды.

Науқстарға кешкі аста берілетін жеміс.

– Кеудешені қымтайын ба? Түнде тоңбайсыз ба? – деп Оля өзі етпетінен аударылып жатуына көмектескен науқастан сұрап жатыр.

– Мен сізді жай ғана бір сүйіп жіберейінші.

Кіші медицина қызметкері Ольга науқастың шашын тарап тұр.

Енді бір науқасқа Ольга дәрігерден оған орнынан тұра беруге бола ма, соны сұрап білуге уәде етті. Тағы біреулерге шашын тарап беріп, көмектесіп жатыр.

– Сіздің шашыңызды тап-тақыр етіп, қырып тастамақ болғанымыз есімде. Ал сіздің шашыңыз өте жақсы, жеңіл таралады.

"Қызым маған жақсы тарақ беріп жіберіпті, – дейді сырқат әйел. – Бұрым өрмей-ақ қояйық, тек арқама түсіп батпас үшін, оны иыққа қарай тараңыз".

– Жақсы! Әдемі-ақ, – дейді Оля тамақ ішкісі келген науқасқа отыруына көмектесіп жатып. Және ол бүкіл палатаға қатты дауыстап: "Әжетханадағы жарық жайлы өтінішті жеткіздім, электрик келеді" деп хабарлады.

Ольга науқастың үстіне жұқа көрпе жауып жатыр.

– Өте жақсы күтуші, аса қамқор, оның суретін Құрмет тақтасына ілу керек, – дейді санитар шығып кеткеннен кейін бір науқас.

Емделіп жатқан науқас өзіне күтім жасап жүрген кіші медицина қызметкері Ольганың қолын ұстап жатыр.

– Олар сандырақ пен былапыттың неше түрін тыңдап, бәріне төзімділік танытады – ғафу етерсіз, бірақ кейде біз, аурулар тым көкіп, осының бәрін айтамыз. Оң жақта жатқан әжей қатты алжып кеткен. Оля оған соншалық қамқорлық танытады, сөйлесіп жатады! Ол әжесінің кенет айқайлап ұрыса кететініне не бөтелкені бұған лақтыра салатынына қарамайды. Ең азы күніне екі рет жаялығын ауыстырады, жуатын жерін жуады, дәрі жағып, дәкесін таңып береді. Сонымен бірге науқасқа: "Жаным, жаным шыда, бәрі жақсы болады, сен қандай ақылдысың" деген жылы сөз айтып бәйек болады. Әрі оларды: "Қасықтан ішіп, тағы біраз ішіп-жеп алайық" деп тамақтандырады. Бұған таң қалам. Бір санитар әйелге: "Сіз адамға сондай ілтипатты жансыз" десем, ол маған: "Біз қай бөлімшеге жұмысқа бара жатқанымызды білдік" деп жауап қатты.

Ольга науқасқа су ішкізіп тұр.

Ольга он жыл бойы осы аурухананың екінші қабатындағы диализ бөлімшесінде жұмыс істеді. 2020 жылы бөлімше коронавирус жұққан науқастарды емдеуге қайта мамандандырылды да, Ольга осында жұмысқа қалды:

"Артық қимыл жасағанды ұнатпаймын. Диализде стационарлық науқастар болған жоқ. Мен орындықтарды сүрттім, еден жуып, қоқыс шығардым. Қазір менің жұмысым көп. Мүмкін жүз есе көп шығар. Бірақ маған памперс ауыстырған өте ұнайды, адамның денесінің ойылып кеткен тұсын дәкемен таңып беру де солай. Мүмкін, мен Құдайға сенетін болғандығымнан осылай шығар. Мен қарапайым өмір сүремін. Ең бастысы, тепе-теңдікті дөп тауып, СанПиНдер (санитарлық ережелер мен нормалар жиынтығы) мен адамдардың қажеті арасындағы нақты балансты сақтау, – деп ағынан жарылады Оля. – Біз интернеттегі танысу сайтына ең әдемі фотосуретті неге саламыз? Менімен ешкім танысқысы келмейді. Бірде бір жігіт. Ал дос қыздарым: "Сенің жалпы фотосуреттерің жиіркенішті, (сен сияқты) ЖҚҚ киіп алып, кім өз фотосуретін онлайнға жүктейді? Және көзіңде мәңгілік бір түңіліп, қажу бар" дейді".

Кіші медицина қызметкері Ольга Валерко коронавирус жұққан науқастарға қызмет көрсетуге олар жатқан "қызыл аймаққа" кіргелі тұр.

Ольга тірілерге ғана емес, қайтыс болғандарға да көмектеседі.

"Адам қайтыс болды. Мәйіті қалды. Оны арбаға тиеп, пакетке салу керек. Сіз ер адамдарды көмекке шақырып, қол-аяғын көтере аласыз. Мен мұның екінші жолы да бар деп ойлаймын. Жаялық ауыстыру сияқты мұны да жалғыз өзім істей аламын: денені бір жағына бұрып, астындағы барлық затты алып тастаймын, дорбаша салам. Екінші жағынан да солай. Одан соң байлаймын. Содан кейін сіз арбаға қарай ақырын тарта аласыз. Бұл – оған көрсетілген құрмет. Мен өз денеме өзгелердің дәл осылай қарағанын қалар едім. Менің түсінігімді өзім куә болған кісі өлімін көру тәжірибем кеңейтті. Мен жүрегіме сонша жақын адамынан айрылған жанмын, ол біздің диализ орталығының пациенті еді. Біз кездестік, оған ғашық болдым, қарым-қатынасымыз басталды. Мен оның дәм-тұзы таусылатынын білдім. Солай боларына әрдайым дайын болғаныма қарамастан, (онымен қоштасу) өте ауыр болды" дейді Оля.

Бірінші қабат. Қайтыс болған науқасты мәйітханаға апаруға дайындап қойған.

Ауысымнан кейін Ольга жұмыстан бірден кетпейді. Себезгіде шайынады, кофе ішеді, сосын шылым шегуге шығып келеді.

"Мені үйде күтіп отырған ешкімім жоқ. Әлі күнге дейін кинотеатрға кешкі сеансқа барамын. Өзіме дәмді тағам сатып аламын. Кешке отбасы психологының дәрістерін тыңдаймын: бақытты отбасын құруды армандаймын. Демалыс күндері саяжайға барамын, оны ештеңеге ұқсамайтын етіп әрлегім келеді: оның экологиялық бағы, жолдары, көпірлері болса деймін".

Кіші медицина қызметкері Ольга "жасыл аймақта" тұр.

Науқастар ауруханадан шыққан кезде әрқашан алғысын айтады, бірақ кейде басқаша жайттар да болады дейді Ольга. "Сондай сәтте басыма: "Кеше ғана реанимациядан шықтыңыз. Ал дәл сол кезде бөлімшеге кіреберісте бес мәйіт жатты. Одан да тірі қалғаныңызға рақмет айтыңыз" деген ой сап ете түседі".

"Душқа да, әжетханаға да барғанда телефоным үнемі жанымда болады". Марина

"Мен, Марина Дмитриевна Смирнова, ауруханада 1994 жылдан бері жұмыс істеймін, қазіргі кезде жалпы хирургия бөлімінен инфекциялық аурулар бөлімшесінен жіберілген жалғыз операциялық мейіргер болып тағайындалып, жоғары білікті операциялық және күтім көрсететін кіші медицина қызметкері ретінде жұмыс істеймін" дейді күнделікті науқастың жарасын байлап-таңуға қажет заттардың бәрін дайындап жатып Марина.

Мейіргер Марина "қызыл аймақтағы" операция залында тұр. "Медицина саласына бірден келген жоқпын. Заң мамандығы бойынша оқу бітірдім, бірақ іш пыстырар әрі нашар болғаны сонша, өз еркіммен жұмыстан кеттім. Таныс қыз кездесіп, мейіргер болып істейтінін айтты. Сіздерге жұмысшы керек пе деп сұрадым. Науқастарды қабылдайтын бөлімге санитар керек екен. Соған бардым. Кейін училищеге түстім".

Марина операция бөлімшесіндегі жара таңумен айналысатын жалғыз медқызметкер болғандықтан оның қолынан тәулік бойы телефон түспейді.

– Үздіксіз, үнемі байланыста болу – ең қиын нәрсе, өйткені кешірерсіз, душта болсам да, әжетханада отырсам да қолымнан телефон түспейді. Оның қуаты бітсе не басқаша себептен істемей жатса жүйкеме күш түсіп, не істерімді білмей қиналам. Себебі қажет бола қалғанда мен қай жерде болсам да дереу таксиге отырып, осында жетуге тиіспін. Менде барлығы: жұмыс істейтін материалдар да, іш киімдер де, аспаптар да әрқашан алдын-ала даяр тұрады.

"Қызыл аймақтағы" жара таңу бөлмесі.

– Шаршайсыз ба? Арасында демалып тұрасыз ба?

– Кез келген адам шаршайды. Алдыңгүні туған күнімді де түннің бір уағына дейін осында өткіздім. Бұл жерге 25 мамырда таңертеңгі 9-да кірдім де, 26-да кешке қарай шықтым. Туған күнімді операция бөлмесінде сағат 00:00-де науқастың іш қуысынан гематоманы алу операциясы үстінде қарсы алдым, – дейді Марина. – Шынымды айтсам, саяжайға екі рет бардым, бірақ маған науқастың жедел жәрдем бөлімінде жатқаны туралы алдын-ала, екі сағат бұрын ескертілді. Маған, әрине, мұнда қалған дұрыс, бірақ түсінесіз ғой, мен де жақындарымды көрсем, солармен бірге болсам деймін.

– Оларға сіздің жұмыс кестеңіз қалай әсер етеді?

– Күйеуім өте тамаша адам, мені шынымен сүйеді. Өмірлік серігімді тауып, жолым болды деп айта аламын. Бақытымды таптым. Ол бәріне сабырмен қарайды, кез-келген секундта жолға жиналуға дайын тұрады. Әрине, ешқандай зілсіз, әзілдеп: "Міне, тағы да аттандап атқа қону керек, бұл аласапыраның қашан бітеді?!" дей алар еді. Бірақ өйтпейді, дереу киініп, көлігімен мені апарып тастайды. Ал анам мені аяйды, денсаулығыма алаңдайды. Мен оған: "Мама, уайымдамаңыз, мені күрекпен ұрса да өлмеймін!" деймін.

Мейіргер Марина жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде жатқан науқастың жарасын таңып тұр.

– Шынында солай ма?

– Мүмкін, әйтеуір әзірше солай сияқты. Өз-өзіме мұндай кезеңде бәріне шыдап, ауырмай, жұмыс істеуім керек деймін. Ең бастысы – жақын адамдардың амандығы. Өкінішке қарай, көптеген әріптестіміздің туыстары, бірнешеуінің ата-анасы көз жұмды. ЛОР мейірбикенің күйеуі қайтыс боп кетті, біздің дәрігердің әжесі осы бөлімшеде жан тапсырды. Бұл қорқынышты екен. Бұл туралы айтқанда біреу төбемнен тастай су құйып жібергендей әсерде болам. Біздің Covid корпусында көптеген адам өмірмен қоштасады. Бұған тым алаңдап, қайғырып жатудың қажеті жоқ – өйте де алмайсың, өйткені уақыт жоқ. Сонымен қатар тым безбүйректеніп, қаттылыққа салыну да қажет емес, жай ғана шын көңілден жұмыс істеу керек.

Марина індеттің үшінші толқыны басталуы ықтимал дегенге сабырмен қарайды: "Мен бәрібір бұл жерден кетпеймін. Иә, сәуірдегіден көп жұмыс бар мұнда. Мамыр айында тағы жұмыс көбейді. Бірақ неге қорқамыз, жұмыс істеу керек. Өзімді батырмын деп санамаймын, бірақ дәрігерлер – сөзсіз нағыз батыр".

"Қызыл аймақтан" шыққан кезде дезинфекция жасалады.

"Кеше көршім қайтыс болды: құлап түсті – бітті". Андрей Леонидович

Дүйсенбі. Бөлімшеде 93 науқас бар – жұмадағыдан сегіз адамға көп. Бірақ жақсы жаңалық та бар. Әйелдер бөлімінде Татьяна Анатольевнаны кездестірдім. Ол төсекте күлімсіреп отыр екен.

"Қазір тәуірмін. О дүниеден оралды десең де болады, – деп әзілдейді ол, – он минут бұрын аппараттан шықтым. Мен сөйлей алмадым, өздігім дем ала алмай, ессіз-түссіз жаттым. Осы сәтті біраздан бері күттім. Терең дем алу тыныс жолымды ауыртады, бірақ дәрігерлер мұндай ауыртып, дененің қиналуы бір жылға дейін жалғасуы мүмкін деп отыр. Мен дәрігерлерден саяжайға баруыма бола ма деп сұраймын. Серуенді жақсы көремін, бақшам, гүлдерім бар. Сүйікті мысығым Сильверді де сағындым. Ол мені қалай қарсы алады, бейхабармын".

Татьяна Анатольевна телефонмен сөйлесіп отыр.

РИТБ-де бір бос орын бар, жұмадан бері төрт адам қайтыс болды. Орталық кеңседе дәрігерлер науқастарды емдеу жолын талқылап жатыр: әрине, хаттамалар да жазылған, бірақ әр жағдай бөлек көңіл бөліп, қарастыруды қажет етеді.

Науқасқа көмек көрсетіп тұрған мейіргер.

"Тілші, тілші, – деген даусынан реанимация төсегінде жатқан Андрей Леонидовичті бірден таныдым. Кеудесі толы датчик екен. Мұрнында – Hi-Flow аппаратының канюлялары. – Міне, мен енді осындамын. Бүгін таңғы онда осында ауыстырды. Ал мұнда ахуал қатаң, әрине".

Біз тыныс алу және дем шығару үшін уақыт бөле, кідіріс жасай сөйлестік.

Андрей Леонидович жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде жатыр.

"Кеше көршім қайтыс болды. Өте ерекше жайт. Біз кешкі асты іштік, ол тамақ ішті, содан кейін кенет құлап түсті, солай болды. Оған дем сала бастады, сала алмады. Менен кіші еді. Өкпе артериясының тромбоэмболиясы дейді. Бірақ сізге мынаны айтсам деймін: дәрігерлер мұнда тіпті ауыр науқастарды ажалдан құтқарады, міне, оң жақта күлгін түсті киімдегі әйел отыр, – Андрей Леонидович бүйір жағына басын изеп ымдады. – Түнде инсульт алды, олар әлі де оған көмектесуге тырысып жатыр. Бірақ бұл әйел 85 жаста. Түсінетін шығарсыз. Ал олар ары-бері тартады, қарайды, жуады, аударып, төңкереді. Ауыр жұмыс бұл".

"Қалай болса да, бұл Covid бойыңдағы қуатты сорып алады, – деп Андрей Леонидович қысқа үзілістен кейін сөзін жалғастырды. – Мұнда тұрған ештеңе жоқ, көзге көрінер-көрінбес вирус қана ғой, тәйірі деп ойлайсыз, бірақ күшіңіз мүлде құриды. Топас, ақымақ жан сияқты құр жата беремін. Басым зілдей. Оттегі жетпейді. Бар қайрат-күшімді жиып, бұл сынды еңсеруім керек. Мұндай тәжірибе, тіпті теріс болса да, менің болашақ көзқарасыма әсер етеді, мұндайдан соң ол қатты өзгереді. Өзіме мұның бәрі әрқашан денім сау болып қала беретін, өзім мәңгі өмір сүретін ахуал сияқты боп көрінеді. Прусты да оқып бітіру керек".

Мариинск ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде.

***

Бірнеше күннен кейін Андрей Леонидович қайтыс болды.

2021 жылғы 17 маусымнан бастап Санкт-Петербургтағы Мариинск ауруханасы коронавирус инфекциясы жұққан науқастарды емдейтін режимге толық көшеді.