Ресей басқыншылығы салдарынан кемінде 618 украиналық бала қаза тапқан

Ресейдің атқан зымыраны түсіп, балалар қаза тапқан ойын алаңы маңында жылап отырған адамдар. Украина, Кривой Рог, 5 сәуір, 2025 жыл.

Ресейдің атқан зымыраны түсіп, балалар қаза тапқан ойын алаңы маңында жылап отырған адамдар. Украина, Кривой Рог, 5 сәуір, 2025 жыл.

Ресей Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс бастағалы бері Украинада кемінде 618 бала қаза тапқан. Бұл ақпаратты 14 сәуірде Украинаның Бас прокуратурасы жариялады. Прокуратураның деректері бойынша, шамамен 1884 бала жараланған, деп хабарлады Азаттықтың Украин қызметі.

"13 сәуірде Сумы қаласына жасалған шабуыл салдарынан 11 және 17 жастағы екі ұл бала қаза тапты. Жараланған 15 баланың арасында 1-14 жас аралығындағы 7 қыз бала және 7-16 жас аралығындағы 8 ұл бала бар. 10 сәуірде Житомир облысы Озерное ауылына жасалған шабуылдан 13 жасар қыз бала жараланды. 10 сәуірде Днепропетровск облысы Никополь қаласына жасалған шабуылдан 16 жасар ұл бала жараланды", – деп жазылған 14 сәуірде Бас прокуратура кеңсесі жариялаған мәлімдемеде.

5 сәуірде Кривой Рог қаласына жасалған шабуылдан 9 бала қаза тапқан болатын.

Ресей басшылығы өз армиясы Украинадағы азаматтық инфрақұрылымдарды дәл көздеп атып, бейбіт тұрғындарды өлтіріп, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, энергетика мен сумен жабдықтау нысандарын қиратқанын мойындамай, жоққа шығарады.

Ал Украина билігі мен халықаралық ұйымдар бұл шабуылдарды Ресей Федерациясының әскери қылмысы деп бағалап, ол шабуылдар мақсатпен жасалған деп есептейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша, 2025 жылдың қаңтарынан наурызына дейінгі аралықта Украинада Ресей басқыншылығы салдарынан 413 бейбіт тұрғын қаза тауып, екі мыңнан астам адам жараланған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 30 пайыз артық.