Мәскеу жаздың ортасынан бері 1100 шақырымға ұласқан майдан шебінде Украина күштерін қажытып келеді. Оңтүстікте Угледар мен Покровскіде, солтүстікте Часов Яр мен Купянск маңында, өз аумағы Курск облысында украин әскеріне үлкен күшпен шабуылдап отыр. Ресейдің Курск облысындағы біраз жерді Украина тамызда тұтқиылдан шабуыл жасап, басып алған.
Мәскеу Солтүстік Кореядан 12 мың жауынгер алдырып, оларды Ресейдің батысындағы әскер қатарына қосты. АҚШ пен Украинаның өкілетті тұлғалары мұны украин әскерін Ресей территориясынан толық шығаруға талпыныс деп бағалайды.
"Бәріміз білеміз, майданымыз күйреді десем, әскери құпия ашқандай болмаймын", – деді Украина генерал-майор Дмитрий Марченко 29 қазандағы күтпеген жерден жасалған мәлімдемесінде. Ол кейін отставкаға кететінін айтқанда көбі мұны генералды ашық пікірі үшін жазалау деп түсінді.
Украина демалыс күндері Мәскеуді ондаған дронмен шабуылдады. Ресей әскері елдің өзге аумағында Украинаның алты дронын атып түсіргенін мәлімдеді. Бұл шабуылдан кей әуе рейстері тұралап қалғанымен, Ресейге елеулі зардап келген жоқ. Дегенмен бұл 2022 жылы ақпанда соғыс басталғалы Украинаның Мәскеуге ең үлкен шабуылы болды.
Мұның бәрі Ресей мен Украинаға бітімге келу жөнінде қысымның күшейгенін, екі жақ соған қамданып жатқанын көрсетеді. Бұл келісім 33 айға ұласқан соғысты не уақытша тоқтатады, не толықтай аяқтайды.
Келісімге келу жөніндегі қысымды Дональд Трамптың сайлауда жеңгені де күшейтіп отыр. Ол сайлауалды науқанында АҚШ-тың Украинаға үлкен көлемде көмек көрсетуін сынап, президент болып сайланса, соғысты дереу тоқтататынын мәлімдеген. Бірақ оны қалай жүзеге асыратынын егжей-тегжейлі түсіндірмеген.
АҚШ-тың мерзімі аяқталып келе жатқан президенті Джо Байденнің әкімшілігі Украина президенті Владимир Зеленский мен оның бейбітшілікке бастайтын "жеңіс жоспарына" көңілі толмайтынын білдірді. Бұған дейін Байден әкімшілігі Украинаға қару-жарақ және өзге көмек ретінде 60 млрд доллар бөлуге ықпал еткен.
"Ресей Украинада мүмкіндігінше алға ілгерілеп, әскери қимылдар қарқынын үдетуге қауқарлы екенін көрсетуге тырысып жатыр. Мәскеу осы арқылы майдандағы жағдайды өзгертіп, Украинаның НАТО-ға қосылу мүмкіндігі сияқты мәселеде үлкен ықпалға ие болғысы келеді", – дейді Украина үкіметі басқаратын ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Николай Белесков.
"КЕРІ ЖОЛ ЖОҚ"
Мәскеу де, Киев те соғыста орасан зор шығынға ұшырап отыр. Өлідей не жаралы күйде 600 мың жауынгерінен айырылған Ресей жаңа сарбаздарды жоғары жалақымен және бонустармен ынталындырып жатыр. Ұлыбритания қорғаныс штабының басшысы, адмирал Тони Радакин Би-би-си-ге берген сұхбатында қазан айы ресейліктер үшін ең ауыр кезең болғанын, күніне орта есеппен 1500 жауынгері қаза тапқанын айтқан.
Украина майданда 80 мың адамынан айырылған. Киев те әскерге жауынгерлер тартып, өз қатарын нығайтуға күш салып жатыр.
Кремльдің қалауы көп, бір дәл қазір Украина территориясын жаулап алуды көздеп отыр. Бірінші кезекте Донецк, Луганск облыстарын толықтай басып алғысы келеді. Өндірісі дамыған бұл екі облысты Донбасс өңірі деп атайды.
Киев қарымта шабуыл кезінде Ресей күштері басып алған біршама жерін азат еткенімен, Украина жерінің 20 пайызы әлі де Ресей бақылауында. Мәскеу Украина жерінде күн сайын алға жылжып келеді.
Ресейдің үлкен саяси мақсаты – Украина үкіметін құлату. Бірақ бұл алдағы уақытта екіталай көрінеді. Мәскеу сондай-ақ Киевтің НАТО-ға қосылуына жол бермеуге де басымдық беріп отыр.
Украинаның Ресей басып алған жерлерді түгел қайтарып алуы да екіталай деп бағаланып отыр. Оның ішінде Қырым да бар. Киевтің қазір көздеп отырғаны – Ресейдің одан әрі жылжуына жол бермей, Украина күштері Ресейдің Курск облысында басып алған жерлерін ұстап қалу.
"Қос тарап та ықтимал келіссөздер алдында ықпал ету тетігін күшейткісі келеді. Украиндер үшін Курск осы жоспардың үлкен бөлігі еді, бірақ соңында Киевтің бұл аумақты Ресеймен саудаласу үшін пайдалану үміті ақталмады. Қазір Украинаның позициясы әлдеқайда әлсіз", – дейді АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей және Украина бойынша бұрынғы қызметкері Эрик Чиарамелла.
Украина әскерінің бас қолбасшысы, генерал-полковник Александр Сырский 12 қарашада Курск облысына барғанын хабарлады. Зеленский Курск аймағы Ресеймен келіссөзде айырбас ретінде қолданылуы мүмкін екенін ашып айтқан.
Ол Курскіге басып кіру шешімін қолдағандай көрінді. Кей бақылаушылар бұл идеяға күмәнмен қарады. Өйткені Курск шайқасы үшін Украинаның Ресейден қатты қысым көріп жатқан үш ауданынан тәжірибелі әскери бөлімдерді шабуылға алып келу керек еді.
"Ресейдің ең мықты шабуылдаушы бөлімдерінен ондаған мың жау Покровск, Курахово немесе Торецк бағытындағы позицияларымызға шабуыл жасап, майдандағы жағдайды одан әрі қиындатар еді", – дейді Сырский.
БЕЙБІТШІЛІК ҚҰНЫ
Дональд Трамп пен жаңа қызметіне кіріскелі жатқан вице-президент Джеймс Дэвид Вэнс Украинаны келіссөздерге итермелеуге тырысады. Олар қос тарапты келіссөздер үстеліне қалай отырғызатыны жайлы жоспарын жариялаған жоқ. Путин мен оның айналасындағы адамдардың сөздеріне қарағанда Кремльдің ұстанымы жұмсара қоймайтын көрінеді.
Трамп ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші қызметіне ұсынып отырған Майкл Уолтц Кремльді келіссөзге көндірудің бір амалын ұсынды:
"Америка сұйытылған газ экспортын тоқтата тұру шешімінің күшін жойып, Ресейдің заңсыз мұнай салуына тұсау салу секілді экономикалық тетіктерді пайдаланып, Путинді келіссөз үстеліне отырғыза алады" – деді Майкл Уолц 2 қарашада Economist журналына басқа бір автормен бірлесіп жариялаған мақаласында.
"Бұл жоспар қазіргі Ақ үйдің саясатынан ұтымдырақ. [Қазіргі Ақ үйдің] нақты мақсаты жоқ, бірақ бұл саясат бәрібір де тығырыққа тіреліп, Украина жері Ресей бақылауында қалып қояды. Бар болғаны оған көп уақыт кетіп, көп қан төгіліп, көп қаражат жұмсалады" деп жзды ол.
Украина күштерінің әскер және барлау жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Александр Данилюк Ресейдің келіссөз жүргізу ниеті бар деп ойлау аңқаулық деп санайды.
"Олардың саяси мақсаты – әлемдік қауіпсіздік архитектурасын бұзу немесе қайта құру. Меніңше, Ресей келіссөздерді Батыс елдерінің Украинаға бағыттап отырған көмегін азайту үшін пайдаланып, Батысқа қарсы зұлым крест жорығын жалғастырады. Қалыпты өмірге кері жол жоқ. Бұл – ғаламдық соғыс, онда Батыс не жеңеді, не жеңіледі", – дейді ол.
Украина Батыс елдері төзімінің сарқылуынан қорқып отыр. Трамп әкімшілігінің әскери қолдауды азайтуға мүдделі болуы Украинаны қиын жағдайды қалдыратын сияқты.
"Путиннің ырқына жығылу, кері шегіну, жеңілдіктерге бару жайлы көп әңгіме болды. Украина бұған келіспейді, ал Еуропа үшін бұл – өзін-өзі өлтірумен тең", – деді Зеленский 7 қарашада Еуропаның саяси қауымдастығы жиынында сөйлеген сөзінде.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Украинадағы соғысты дереу тоқтатам деді. Бұл мүмкін бе?