Ресейлік миллиардер Андрей Козицынның компаниясы санкцияны айналып өту жолын қалай тапты? "Система" зерттеуі

Еуропа мен Азияда косметика құрал-жабдығын өндіруші атын жамылып құрылған фирмалар желісі санкция бойынша тыйым салынған тауарларды Ресейге жеткізіп отырған. Олардың қызметін Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін көп ұзамай санкцияға іліккен ресейлік металлургия магнаты, миллиардер Андрей Козицынның компаниясы пайдаланған.

"Система" жобасы Стамбұлдан Барселонаға дейінгі аралықта делдал компаниялардың шиеленіскен желісі қалай құрылғанын баяндап бермек.

Әскери-ғарыш саласындағы миллиардер

Владимир Путин кейінгі бірнеше жылда "Ресейге санкциядан келіп-кетер ештеңе жоқ" деген сөзді қайталаумен келеді. Расында да, Украинаға жаппай басып кіргеннен кейін енгізілген шектеулерге қарамастан, көптеген ресейлік миллиардердің байлығы арта түскен.

Орал тау-металлургия компаниясын құрғандардың бірі Андрей Козицын

Сондай "бақытты" жанның бірі – Орал тау-металлургия компаниясының (ОТМК) бұрынғы бас директоры, компанияның негізін салғандар қатарындағы Андрей Козицын: 2022 жылы Forbes оның байлығын 1,9 млрд доллар деп бағаласа, 2024 жылға қарай оның капиталы 4,4 млрд долларға дейін өскен.

Ал бұл жылдар ішінде Козицын Еуропа елдерінің санкциясында болды. Еуроодақтағы шенеуніктер Козицынды санкция тізіміне қосқанда мынадай қисынға сүйенді: ол – Ресейдегі жетекші бизнесменнің бірі, Қырымды басып алған және Украинаның тұрақтылығына қол сұққан Ресей Федерациясының үкіметіне айтарлықтай табыс алып келетін экономика саласында қызмет етеді. Козицынның бизнесі әскери өндіріспен тығыз байланысты: ОТМК тобына кіретін кәсіпорындар жарылғыш заттар мен әскери техниканы жөндеуге қажетті қосалқы материалдар жеткізеді.

Козицын мүмкіндік тұрғысынан қарап, активі "зиянды" санкцияға ілікпеуі үшін барын салып бақты. 2022 жылғы 19 шілдеде ОТМК бас директоры қызметінен кетті, соған қарамастан екі күннен кейін Еуроодақтың санкция тізіміне ілікті. Ресей Украинаға жаппай басып кіргеннен кейін миллиардер жалма-жан басқа активтерін де шартты түрде бөтен адамдарға рәсімдей бастады. Мәселен, "Тактика" компаниясын орынбасары Сергей Ратмановқа берді. Ал бұл компанияға 2012 жылы Дзержинскіде құрылған, "Мелситек" деп аталатын басқа бір компания тиесілі.

"Мелситектің" акциясын шартты түрде сатқанына қарамастан, Козицын әлі де оның жұмысына араласады. "Система" зерттеген қаржылық құжаттарға сәйкес, тек 2023 жылдың өзінде ғана бизнесмен "Мелситекке" 385 млн рубльден (4,5 млн доллар) астам ақша аударған. Соның ішінде 333 млн рубльді (3,9 млн доллар) – ОТМК-мен "тығыз байланысты" компания арқылы аударса, 52 млн рубльді (613 мың доллар) жеке өзі жолдаған.

Миллиардер үшін бұл компанияның маңызы қандай? "Мелситек" компаниясының сайтына кірсеңіз, эпиляция жасауға және дене бітімін жөндеуге арналған құрылғылардың суретінен көз сүрінеді. Бұл компания өзін медицина мен косметология саласына арналған лазер жүйелер өндіруші деп таныстырады. "Мелситектің" өнеркәсіптік мақсаттағы лазер жүйелерін де жасайтыны компания сайтында елеусіз ғана айтылады. Есесіне, бұл жөнінде компанияның техникалық директоры Анатолий Степанов баяндайды: оның сөзіне қарағанда, компанияның өнімдерін машина жасау саласында да пайдалануға болады. Сондықтан миллиардер "Мелситекті" лазермен эпиляция жасау нарығын жақсы көргеннен ғана қолдап отырған жоқ. "Мелситекпен" байланысы бар компаниялар Ресейге кіргізуге тыйым салынған тауарларды жеткізуге көмектеседі. Еуроодақ "елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын немесе екіжақты пайдалануға болатын" заттар ретінде тыйым салған.

Қос қатпарлы зауыт

Шағын ғана Кралупи-над-Влтавоу қаласының өнеркәсіп аймағы Прагадан жарты-ақ сағаттық жерде. Қоршаудың ар жағы – зауыт аумағы, ғимараты биік емес. Сырттай қарағанда да көз тоқтатар түк жоқ: компанияның логотипін А4 қағазға басып шығарып, бос тұрған күзетші күркесіне жапсырып қойған. Зауыт аумағынан әлдекімдердің орысша сөйлесіп жатқаны естіледі.

Влтава өзені бойындағы шағын қаладағы Astrum LT зауыты

Бұл – Astrum LT чех компаниясының зауыты. "Таза" чех компаниясы болғаны беріде ғана: 2022 жылдың тамыз айына дейін Astrum LT тікелей ресейлік "Мелситек" компаниясына тиесілі болған және Ресейге тіке өнім жеткізумен айналысқан.

Ресейлік "бауыры" "Мелситек" сияқты Astrum LT өзін лазерлік жүйелерді өндіруші және "лазер жүйелерін шығарудың желісі толықтай жартылай өткізгіш технологияға негізделген алғашқы компаниялар қатарында" деп таныстырады.

Ресей Украинаға жаппай басып кіргеннен кейін кәсіпорын Ресейге өнім жеткізумен айналысатын чехиялық заңды тұлғаны пайдаланбайтын болды. Бұдан былай өзін "еуропалық " компания сияқты көрсете бастады. Алайда директоры өзгерген жоқ, компанияны басқаратын Дмитрий Степанов – ресейлік "Мелситек " компаниясының жетекшісі. Astrum LT компаниясындағылар "Системаға " мұны кадр саясаты кәсіби машыққа, мәдениеттер алуандығына және кемсітуге жол бермеуге негізделген деп түсіндірді.

Еуропалық маңдайша іліп, әлем елдеріндегі маңызды клиенттер тізбесін ұсынғанына қарамастан, Astrum Ресейге санкцияға іліккен құрал-жабдық жеткізу тізбегінің бір мүшесі болып отыр.

2022 жылы компанияның қағаз жүзіндегі иесі – Чехия азаматы, LAWPHORUM адвокаттар бюросының негізін салған Константин Лаврушин болды.

Лаврушин ресейлік бизнесмен Козицынның құрылымдарымен кемінде 2019 жылдан бері жұмыс істейді. "Мелситектің " Мәскеу мен Нижний Новгород қалаларындағы косметология клиникаларына иелік ететін Semiconductor Lasers Holding және Semiconductor Lasers Company дейтін чех компаниялары Лаврушиннің атына рәсімделген.

Бизнесі Чехияда, өзі де Чехияда тұратынына қарамастан, әлеуметтік желідегі парақшаларына назар аударсақ, Лаврушин Ресеймен тығыз байланыста. 39 жастағы заңгердің Инстаграм парақшасынан Ресейдің СКА хоккей клубының суреттерін, Мәскеу мен Санкт-Петербург көріністерін, тіпті интернет дүкеннен 1000 рубльге (10 доллар шамасында) сатып алуға болатын Қырымды басып алу құрметіне арнап кәдесый ретінде шығарылған монетаны да көруге болады.

2022 жылдан бастап Лаврушин Белград, Бішкек пен Стамбұлда тұтастай компаниялар желісін құра бастаған. Бизнес жүргізуге Сербия, Қырғызстан мен Түркияны таңдауы жайдан-жай емес: бұл Ресейге тауар жеткізуге шектеу қоймаған елдер. Белград пен Бішкектегі компанияларды чехиялық заңгер өз атына рәсімдесе, Стамбұлда ресейлік компанияның қызметкері Инна Архинос директор болып отыр. "Мелситек желісінің " литвалық өкілі де бар, оған ресейлік компанияның тағы бір қызметкері Сергей Царев басшылық етеді. Көпшілікке тарап кеткен ресейлік мәліметтер базасына сүйенсек, Царевтің Ресейде тіркелген жеке кәсіпкерлік шотына "Мелситектен " тұрақты түрде жалақы түсіп тұрады.

Ресейге салынған санкцияны айналып өту үшін "Мелситек" компаниясы Еуропа мен Азиядағы еншілес ұйымдарының қызметін пайдаланған

Бұл компаниялар шартты түрде бүкіл әлем бойынша жеткізуші компаниялардан өндіріс бөлшектерін алушы ретінде қызмет етеді. "Система" зерттеген кеден құжаттарына қарағанда, өнім Бішкекке немесе Стамбұлға емес, бірден Ресейге, "Мелситекке" жіберіледі.

Белград пен Стамбұлда орналасқан компаниялар Ресейге немістің Infineon Technologies компаниясының, америкалық Aquatec және швейцариялық Maxon компанияларының құрал-жабдығын жеткізген. "Система" зерттеген кеден құжаттары сатып алынған немістің лазер диодтары, америкалық сорғылар мен швейцариялық қозғалтқыштар тікелей Нижегород облысына жіберілгенін көрсетіп отыр.

Түркияда тіркелген Astrum компаниясы Дзержинскіге қытайдың LCD дисплейлері мен Италияда шыққан сорғыларды жіберсе, Белградтағы компания Испаниядан лазер диодтар сатып алған, ал чех компаниясы филиппиндік линзалар мен немістер өндірген ажыратып-қосқыштар жеткізген.

Кейінгі екі жарым жылда "Мелситекке" жеткізілген 222 түрлі тауардың 151-і Еуропаның санкциясына іліккен.

Біз "Мелситекке" тауар жеткізіп отырған компаниялардың мекен-жайында не орналасқанын тексеріп көрдік.

2023 жылы 638 мың доллардың тауарын жеткізген Стамбұлдағы ATRIA DIS TICARET LIMITED SIRKETI компаниясы тіркелген мекен-жайда көпқабатты бизнес орталық орналасқан. Күзетшілер бизнес орталықта мұндай компания бар екенін растағанымен, оның кеңсесіне кіре алмадық.

Вильнюстегі бизнес орталықтың тіркеу бөлімі UAB Astrum LT компаниясының кеңсесі жоқ екенін, бірақ заңды түрде осында тіркелгенін айтты.

Белградта Astrum LT Balkans DOO компаниясының мекен-жайы деп көрсетілген жерде тұрғын үй орналасқан. Тұрғындардың аты-жөні мен осы мекен-жайда тіркелген компаниялардың атауы ілінген тақтайшада "Мелситектің" "еншілесі" көрсетілмеген. Осы үйде тұратын бірнеше тұрғыннан сұрап көрген едік, мұндай компания бар екенін олар да білмейтін болып шықты.

940 мың доллардың тауарын жеткізген Бішкектегі компанияның орнында Пәкістаннан келген студенттер тұратын жатақхана орналасыпты. Олар жатақханада лазер құрылғылар шығара ма деген сауалымызға жауап бере алмады.

"Astrum-Қырғызстан" фирмасы осы мекенжайға тіркелген. Бұл ғимарат кеңсеге я зауытқа мүлде ұқсамайды

"Системаға" жазған хатында чехиялық Astrum LT өкілі компанияның заң жүзінде ресейлік "Мелситекпен" байланысы жоқ екенін баса айтқанымен, Ресейге тауар жеткізу жөніндегі сұрағымызға жауап беруден бас тартты. Компания жауабында: "Біз тек қана Astrum LT компаниясына қатысты деректерге жауап береміз. Басқа деректер бойынша тікелей тиісті орындарға немесе компанияларға хабарласуды ұсынамыз", – деп жазды.

Константин Лаврушин телефонын көтергенімен, сөйлесуден бас тартып, қояр сауалды электрон поштаға жолдауды өтінді. "Системаның" хатқа жазып жолдаған сауалы сол күйі жауапсыз қалды.

Импорт алмастыру ма, импорт па?

2022 жылдың сәуір айында "Мелситектің" техникалық директоры Анатолий Степанов Нижегород облысының өнеркәсіп министрімен косметология саласындағы лазер технологияларды өнеркәсіпте пайдаланудың жай-жапсарын талқылады. Степанов санкцияға орай бәсекелестер Ресей нарығынан кеткенін, ал компания сол өнімдердің орнын толтыруға дайын екенін батыл түрде мәлімдеді. Ресейде бұл өнімдердің теңдесі жоқ екенін айтты.

Ресейде санкциядан қорықпайтын, жоғарғы технологиялар саласындағы өнім өндіретін ойыншы пайда болғандай етіп көрсетті. Демек, ресейлік өндірушілер санкция кесірінен қол жеткізе алмай отырған шетелдік қосалқы бөлшектерді сатып алуға тәуелді емес дегенді меңзегендей болды.

Степанов уәдесінде тұрып, Ресейден кеткен бәсекелестердің өнімін толықтай алмастыра алды ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Алайда, чехиялық заңгер әрі ресейлік хоккейдің жанкүйері Лаврушиннің арқасында компания санкцияға іліккен тауарларды Ресейге тұрақты түрде алдырып отырғаны анық белгілі.

"Система" танысып шыққан кеден құжаттары кейінгі бес жылда "Мелситек" 2,2 млн доллардың өнімін импорттағанын көрсетеді. Тауарлар арасында Барселона мен Пекинде шыққан (біз ойлағандай олармен тығыз байланысты Чехиядағы зауытта емес) лазер диодтар да бар.

2023 жылғы мәліметтер бойынша, ресейлік компания шетелдегі жеткізушілерге 3,7 млн доллардан кем емес ақша аударған. Компанияның жалпы айналымының үштен бірі осы импортты төлеуге кеткен. Украинаға жаппай басып кіргенге дейін импорт негізінен Чехиядан келген болса, 2023 жылдан бастап негізгі жеткізуші Түркия, Қытай және Қырғызстан болып отыр. Осы елдердің банктеріне 2,5 млн доллардай ақша жіберілген.

Кеден және салық деректеріне сүйенсек, "Мелситек" 2023 жылы импортерлерге кемінде 3,7 млн доллар төлеген

Козицынның құрылымдарына бұл лазерлер не үшін қажет болды?

Жауапты "Мелситектің" қызметінен табуға болады. 2023 жылы компания клиенттері қатарында кванттық есептеумен айналысатын Ресей ғылым академиясының Қолданбалы физика институты болған, бұл – санкцияға іліккен мекеме.

"Мелситек" бұрыннан да сырттан келетін бөлшектерге тәуелді және оған жүздеген мың доллар жұмсайды. Ресейде лазерлік медицина нарығында жұмыс істейтін, "Система" сұрағына жауап берген маман (жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін атамауды өтінді) лазерлік медицинаға арналған аппараттарды шетелден келетін бөлшектерсіз жинау мүмкін емес екенін, сондай-ақ оларды алмастыратын ресейлік өнім де жоқ екенін айтты.

Оның сөзіне қарағанда, ресейлік өндірушілер шығаратын лазерлік эпиляция жабдықтарында пайдаланылатын диодтардың барлығы шетелден келеді. "Мелситек" лазерлік диод чиптер өндірісіне арналған қосалқы бөлшектерді толықтай шығара бастағанын мәлімдеуіне қарамастан, олар испанның Monocrom, немістің Diotec және қытайдың BWT компанияларының өнімдерін импорттауды жалғастырып отыр.

Бүкіл әлем бойынша құрылған бір күндік компаниялар желісі санкцияға қарамастан бөлшектерді жеткізуге мүмкіндік береді, олардың арасында Украинаға басып кіргенге дейін де Ресейге жеткізуге тыйым салынған заттар бар, мәселен, сұйық сорғыларды Ресейге жеткізуге Еуроодақ 2014 жылдың желтоқсан айында тыйым салған.

"Мелситек" айрықша жаңалық ашты деу қиын: жаппай санкция енгізіліп, Ресейге көптеген тауарды жеткізуге тыйым салынғаннан кейін бұл елдің бизнесмендері Ресеймен "достық" қарым-қатынастағы елдерден "жалған" компаниялар ашып, солар арқылы тыйым салынған тауарларды жеткізетін болды. Бұл схема эпиляцияға арналған аппараттарға да, Ресей Украинамен соғысатын қару өндіруге пайдаланатын микросхемаларға да ортақ.

"Трансперенси Интернешнл – Ресей" қоғамдық ұйымының директоры Илья Шумановтың айтуынша, бұл тізбектегі ұйымдар Орталық Азия елдерімен немесе Түркиямен сауда операциясын жамылған "қағаз жүзіндегі" компаниялар. Шын мәнінде аталған елдерге тауар жеткізілмейді де.

Дегенмен, мұндай тізбекте еуропалық компаниялар мен олардың азаматтарының болуы жақсылыққа апармайды. Шуманов Чехияның қылмыстық кодексінде санкцияны айналып өтудің жазасы бар екенін ескертеді. 2024 жылғы күздің басындағы мәлімет бойынша, чех билігі санкцияны айналып өтуге көмектескен немесе санкцияны бұзуға қатысы бар тұлғалармен байланысты 45 тергеу жүріп жатқанын еске салғанын айтады.

Чехиялық Astrum LT компанияға қарсы "дұшпандық ниеттен" қауіптенетіндіктен, қосымша сұрақтарға жауап беруден бас тартты.

"Система" санкцияға қарамастан тауарлары Ресейге жетіп жатқан Infineon, Aquatec international, Maxon, Diotec және Monocrom компанияларынан да пікір сұрады.

Немістің Infineon компаниясының өкілдері бұл жағдайды зерттейтінін хабарлады. Сонымен бірге санкция талаптарын сақтау үшін барлық шараны қолға алатынын, санкцияны жан-тәнімен қолдайтынын да атап өтті.

Мақала жарияланған уақытта қалған компаниялар сұраққа жауап берген жоқ.

Дмитрий Сухарев ("Система") дайындаған зерттеуге Анна Наумчик ("Настоящее Время") және Андрей Шавлюго (Азаттықтың Беларусь қызметі) атсалысты.