Ресей қорғаныс министрлігі Суджаны Украинадан қайтарғанын мәлімдеді

Ресей қорғаныс министрлігі былтыр тамыздан бері Украина күштерінің бақылауында болған Курск облысындағы Суджа қаласын қайтарғанын ресми түрде мәлімдеді.

Ведомство хабарламасында "Север" әскери тобының бөлімшелері Меловой және Подол елді мекендерін де бақылауға алғанын жазған.

Жуырда Ресейдің әскери арналары Суджа қаласының орталығында орыс әскері жүргені көрінетін суреттер мен видеолар жариялаған. Сәрсенбі күні кешке Ресей басшысы Владимир Путин Курск облысындағы командалық штабқа барғаны белгілі болды.

Суджа жөнінде ақпаратқа қатысты түсініктеме берген Украина президенті Владимир Зеленский "Украинаның әскери қолбасшылығы жауынгерлеріміздің өмірін барынша сақтап қалу үшін не істеу керек болса, соны істейді" деді. Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский украин әскері "Курск облысында қорғаныс шебін қанша ұстау керек болса, сонша ұстайды" деп мәлімдеді.

Курск облысында Ресей әскерінің шабуылы жөнінде хабарды блогерлер мен ақпарат құралдары өткен жұмада айта бастаған. Украин әскеріне қоршауда қалу қаупі төнгені де хабарланған.

Украина әскері Курск облысына шабуылды 2024 жылы тамызда бастаған. Олар Суджа мен шекарадағы өзге де елді мекендерді бақылауға алған еді. Киевтің айтуынша, Курск операциясы алдағы уақытта украин жерін қайтару бойынша алдағы келіссөздерде көмектесуі мүмкін, ол Ресей әскерінің назарын Украина шығысындағы шабуылдардан басқа жаққа бұруға итермелейді деп те айтқан.