Совет халықтарының тағдырын шешкен Рига келісіміне 100 жыл. Құжаттың ызғары әлі сезіледі

Рига келісіміне қол қою. 18 наурыз 1921 жыл.

1921 жылы 18 наурыз күні Латвия астанасы Ригада поляк, украин, беларусь және литва халықтарының тағдырын анықтайтын келісім жасалды – Польша мен Советтік Ресей Шығыс Еуропа жерін бөлісті. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі бейберекет кезеңде жасалған бұл келісімнің әсері әлі де байқалады.

Осыдан бір ғасыр бұрын Рига қаласында осы күні ұмыт болған келісімге қол қойылды. Бұл келісім екі ғасыр бұрын мемлекеттігінен айырылып, Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін картаға қайта енген Польша мен әлемге коммунистік революция идеясын насихаттап жүрген большевиктік Ресей арасындағы жарияланбаған соғысты ресми түрде тоқтатты.

Рига келісімінің нәтижесінде Шығыс Еуропадағы көп аумақтың шекарасы өзгерді. Бұл әсіресе, демократиялық тәуелсіз мемлекет болудан дәмелі литвалықтардың, беларусьтардың және украиндардың үмітін үзіп, олар үшін үлкен апатқа айналды.

Бір мемлекет астына бірігуді ойлаған беларусьтар, украиндар және литвалықтар бір-бірімен бәсекелес алпауыт елдердің бөлінісіне түсті. Белгілі бір деңгейде поляктар да осы жағдайға тап болды. Ал оларды өзара бөліп алған мемлекеттер бұл ұлттарға күдікпен, тіпті қастықпен қарады. Бөтен елдің құрамынан бір-ақ шыққан бұл халықтар әсіресе Совет диктаторы Иосиф Сталиннің 1930-жылардағы "Үлкен терроры" кезінде қатты зардап шекті.

Рига келісімі нәтижесінде Беларусь және Украина жерінде пайда болатын советтік үлгідегі республикалар большевиктер үкіметін күшейтіп, Совет одағының орнауына әкеледі деп ойлады большевиктердің көсемі Владимир Ленин. Одақ 1922 жылы желтоқсанда құрылды.

Ұлыбританиядағы Уорик университетінің Еуропаның заманауи тарихы жөніндегі профессоры Кристов Мик "Рига келісімінің кикілжіңді тоқтатудан басқа ештеңеге көмегі болған жоқ" деп есептейді.

"Бұл Советтік Ресей мен Польша арасындағы соғысты тоқтатқанымен, украиндар мен беларусьтар көп тұратын аумақтарды Польшаның иелігінде қалдырды. Бұл Польша мемлекетінің басшысы маршал Юзеф Пилсудскийдің Шығыс Еуропадағы Польша басқаратын немесе тым құрығанда Польша мен Советтік Ресей арасындағы украиналық буферлік мемлекет болатын Теңізаралық федерация [Балтық теңізінен Қара теңізге дейін] құру жоспарының күл-талқанын шығарды. Бұл большевиктердің революция идеясын батысқа жеткіземіз деген үмітін өшіріп, кейіннен Совет одағын Украина мен Беларусьтағы жоғалтып алған жерлерін қайтаруға тырысқан ревизионистік күшке айналдырды. Украиналықтар тәуелсіз мемлекет болу мүмкіндігінен айырылып қалғанына, Польшаның өздерінен сырт айналып кеткеніне ренжіді" дейді Мик.

1920 жылы Польша мен Советтік Ресей арасындағы соғыста поляк әскерінің қатарында жүрген еріктілер.

Бірақ жаңа тәртіп ұзаққа созылған жоқ. 1939 жылы Молотов-Риббентроп пактісінде Совет одағы мен нацистік Германияға Польша мен Балтық елдерін бөліп алуға мүмкіндік беретін құпия хаттамалар болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін шекаралар тағы да өзгерді, бірақ украиндар мен поляктар арасында Рига келісімінен кейін пайда болған сенімсіздік жойылған және ол әлі күнге дейін байқалады.

СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ СОҒЫС

Бірінші Дүниежүзілік соғыс Еуропаның күл-талқанын шығарып, жараланған және қаза тапқан жауынгерлер мен бейбіт тұрғындар саны 40 миллионға жетті. Германия, Ресей, Габсбург және Осман империялары құлады. Нәтижесінде Польша сияқты жаңа мемлекеттер пайда болды.

18-ғасырда Ресей, Пруссия және Габсбург империясы түбіне жеткен Польша қайта құрылып, картаға енді. Бірақ жаңадан құрылған мемлекет шығысында Ресеймен шекара мәселесінің шешілмеуіне байланысты көп қиындыққа тап болды.

Большевиктер революциясынан кейін Ресейде азамат соғысы басталды. Бірінші Дүниежүзілік соғыстан жаңа шығып, екінші соғысқа тап болған мемлекет Версаль келісімі талқыланған келіссөздерге қатыса алмады. Сондықтан Ресейге тікелей әсер ететін шекара мәселесі сияқты сұрақтар шешілмей қалды.

Бұл Советтік Ресей мен Польша арасында кикілжің туғызды. Польша бұрын иелігінде болған көп жерді, әсіресе, қазіргі Украина аумағына кіретін жерді алғысы келді. Ленин Польшаны коммунистік революцияны Германияға жеткізуге көмектесетін "қызыл көпір" деп бағалады. Большевиктер басшысы Германия сияқты индустриалды ел коммунистік доктринаны қабылдауға әбден лайық деп сенді.

1919-1920 жылдары әскери қақтығыс басталды. Польша мен Украина әскері 1919 жылы сәуірде Киевке кірді. Кейін олар Варшаваның қақпасына дейін жеткен қызыл әскердің соққысынан кейін кері шегінуге мәжбүр болды. 1920 жылы тамызда дәл сол жерде саны басым Польша жауынгерлері қызыл әскерді тас-талқан етіп жеңді. Бұл оқиға кейінірек "Висладағы ғажайып" деген атауға ие болды.

1920 жылы 17 тамызда Минскіде басталған, Польшаның қарсы шабуылдарына тұспа-тұс келген бейбіт келіссөздер 21 қыркүйекте Ригада жалғасты. Бірнеше айға созылған келіссөздерден кейін 1921 жылы 18 наурызда Латвия астанасында келісімге қол қойылды. Келісімнің Польша, Литва, Украина және Беларусь елдеріне қалай әсер еткеніне тоқталайық.

ПОЛЬША

Әскері алға жылжыған сайын күшейе түскен Польша келіссөздер басталған кезде ұтымды жағдайда болды. Большевиктік Ресей оппозициялық ақ әскердің басым бөлігін жеңді, бірақ осы кезде елде көтерілістер басталды. Бұл тұста Крондштадт көтерілісін мысалға келтіруге болады. Ленин Советтік Ресейдің Польша әскері басып алған жерлерден, оның ішінде Минскіден бас тартуға дайын екенін білдірді, бірақ Польшаның атынан келіссөз жүргізіп отырған тұлғалар бұған келіскен жоқ. Неге? Келіссөз жүргізу тобын басқарған ұлттық демократиялық партияның көшбасшысы Станислав Грабский шекаралас аумақтарда тұратын басқа ұлт өкілдері Польшаға достық көзқараспен қарамайды деп қауіптенген.

Рига келісімінен кейін құрылған Польша мемлекетінде 27 миллион халық тұрды. 400 мың шаршы шақырым жері бар ел жер көлемі бойынша Еуропада алтыншы орынға ие болды. Совет одағының территориясында қалған поляктар көп зардап шекті. 1937-1938 жылғы "Үлкен террор" кезінде Сталиндік құпия полиция – НКВД поляктарға қарсы бағытталған операция кезінде 150 мыңнан астам адамды ұстап, 110 мыңын атып тастаған.

ЛИТВА

Польша мен Советтік Ресей арасында қақтығыс жүріп жатқан кезде құрамына Вильнюс кіретін тәуелсіз Литва пайда болды. Бірақ 1920 жылы қазанда Польша әскері Речь Посполита мемлекетін қайта жаңғыртып, Балтық теңізінен Қара теңізге дейін созылатын федерация құруды көздейтін генерал әрі мемлекет басшысы Жозеф Пилсудскийдің тапсырмасымен Литваға басып кірді. Поляктар мен еврейлер саны басым Вильнюс қаласында болашақ федерацияның бір бөлігі болады деп жоспарланған "Орталық Литва" құрылды.

Бұған қазір Каунаста тұратын литвалық ұлтшылдар қарсы болды. Олар ресми түрде қарсылық білдіру үшін Польша-Литва достастығының белгісі саналатын 1569 жылы құрылған Люблин одағынан бас тартты. Вильнюстегі азшылық Польшаға қосылу туралы референдумға бойкот жариялады. Тарихшы Тимоти Снайдердің айтуынша, Вильнюстан айырылу жаңа Литва мемлекетінің құрылуын қиындатып, ел ішінде этникалық ұлтшылдықты күшейткен. Снайдер "Польша, Украина, Литва, Беларусь халықтарының 1569-1999 жылдары қайта құрылуы" деген кітабында "Пилсудский не ойласа да, қаланы қарумен басып алу литвалық ұлтшылдарды ұлт туралы саяси және этникалық түсініктен алыстататыны түсінікті еді" деп жазады.

УКРАИНА

10 миллионға жуық халқы бар этникалық украиндар Польша мен Большевиктік Ресейдің қол астындағы территорияларда шашыраңқы қоныстанды. Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін орталығы Харьковта орналасқан, Совет одағы қолдайтын жаңа мемлекет пайда болды. Украинаның батыс бөлігінде Симон Петлюра басқаратын Украина Халықтық республикасы құрылды.

Украина Халықтық республикасының лидері Симон Петлюра.

Петлюраға адал күштер Польша мен Большевиктік Ресей арасындағы соғыста поляктармен қатар күресіп, 1920 жылы сәуірде Киевті уақытша бақылауына алды. Бірақ бұл одақ тарап, Ригада өткен кездесуде Украинаның "тәуелсіз мемлекетке айналамыз" деген үміті ақталмады. Польша мен Советтік Ресей Украинаны екіге бөліп алды. Бұл кездесуге Советтік Украина республикасының өкілі де қатысты, бірақ Беларусьтан өкілдер келген жоқ.

Бұл келіссөздерге бақылаушы болып қатысып, келісімге қысқамерзімді әрі саяси деген баға беріп, ашуланған Пилсудский кейінірек осы әрекеті үшін украиналық офицерлерден кешірім сұрады. Осы келісімнен кейін туған наразылық Польшаның Галицкий ауданында этникалық принцип бойынша тек украиналықтардан тұратын мемлекет құруды көздейтін украиналық ұлтшылдар ұйымының құрылуына әсер етті. Ұйым өкілдері еврейлер мен поляктарды қудалай бастады. "Соғыстардың арасында Польшада жүздеген ұлт өкілі тұрды, ел азаматтары кімнің поляк, кімнің украин екенін жақсы білетін" деп жазады Снайдер.

Польшаның қол астындағы украиналықтар поляктандыру саясатын басынан өткеріп жатқан кезде Совет одағындағы украиналықтар біраз уақыт мәдени дамуға куә болды: елде газеттер мен кітаптар шығып, украин тілінде сабақ беретін мектептер ашылды. Осының бәрі Сталиннің тұсында милиондаған украин азаматының өліміне әкеліп соққан аштық жылдары аяқталды.

БЕЛАРУСЬ

Келісімге қол қойылған кезде 1918 жылы аз уақыт ғана өмір сүрген Беларусь Ұлттық республикасы большевиктер қиратқан естелік болып қалды. Рига келісімнен кейін біріккен, тәуелсіз Беларусь құрылады деген үміт иллюзия сияқты көрінді. Беларусьтар мен украиналықтар екіге бөлінді. "Рига келісімі Польшадағы беларусь тілінде сөйлейтін азшылық өкілдерін ұлттық демократтар қалағандай ауылды жерде тұратын шағын топқа айналдырды. Минскінің көмегінсіз қалған беларусь зиялылары Польшадағы саяси құрылымға араласа алмады, өйткені олардың саны тым аз болды. Минск Совет одағының қолына өткеннен кейін Польшадағы беларусь халқының ұлттық бағыттағы кез келген әрекеті "астыртын большевизм" деп бағалана бастады" дейді Снайдер.

1921 жылғы Рига келісіміне арналған карикатура.

Украинаның мысалындағыдай, Польшадағы беларусьтар да күштеп поляктандыру саясатынан өтті, ал Совет одағында беларусь мәдениетінің институы, халықты туған тілінде оқытатын мектептер ашылды. Бірақ Сталиннің тұсында бұл саясатқа тыйым салынды. 1930-жылдары Сталиндік қуғын-сүргін кезінде беларусь халқының 60 пайызы қырылды. 1937-1941 жылдары Минскінің түбіндегі Куропат орманында жаппай кісі өлтіру оқиғалары болды. Александр Лукашенконың тұсында советтік өткенін қайта қарай бастаған Беларусь бұл қылмыстарды толық зерттеген жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Орыс халқының сыйлығы". СССР картасы қалай "сызылған" еді?