Олимпиаданың бірінші күні Қазақстан құрамасынан белдесуге шыққан дзюдошылар Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцэцэгке жарыс басталай тұрып бапкерлері мен жанкүйерлері олимпиада жүлдесін алады деп үміт артқан еді. Дзюдо тақырыбында мақалалар мен статистикалық материалдар жариялайтын judoinside.com сайтының сарапшылары өз зерттеулерінде «Рио олимпиадасында 60 килограмда Елдос Сметов – фаворит» деп көрсеткен.
Риода жүрген қазақстандықтар да тамыздың 5-і күні таңертеңгі сағат оннан бастап дзюдо бәсекесі өтетін Carioca Arena спорт кешеніне жиналды.
Спорт кешеніндегі диктор: «Елдос Сметов – қазіргі әлем чемпионы» деп хабарлағаннан кейін қазақстандық балуан татамиге өте сергек шықты.
Ол бірінші белдесуде ливиялық Мохамед әл-Кависахты үш минутқа жеткізбей таза жеңді. Екінші кездесуде ұлыбританиялық Эшли Маккензиді де еш қиыналмай ұтты.
Қазақстан дзюдо федерациясы баспасөз қызметкері Әйгерім Тоқсанбек жеребе тартылғанға дейін: «Сметовтің рейтингі жоғары. Сондықтан ол алғашқы екі кездесуін рейтингі төмен балуандармен өткізеді. Үшінші кезеңге өтсе өзімен деңгейлес балуандармен күреседі» деген еді.
Сметов үшін нағыз белдесу ширек финалдан басталды. Оның қарсыласы – Өзбекстан балуаны Диорбек Урозбоев. Бұған дейін екеуі биыл Ташкентте өткен Азия чемпионатында күш сынасқан. Ол жолы соңғы минуттарға дейін өзбек балуаны басымдық танытқан. Белдесу аяқталуға 30 секунд қалғанда Сметов Урозбоевтың қолын тақымға ала тартып, ауырту әдісін жасап, жеңіске жеткен.
Ал бұл жолы Рио татамиіндегі жекпе-жек өте сылбыр басталды. Бір минут күреспей жүріп алғаны үшін төреші екі балуанға да шидо (ескерту) берді. Екеуі де бес минут ішінде ұпай алар әдіс жасай алмады. Кездесудің негізгі уақыт біткен соң, «Алтын ұпай» ережесі бойынша, қосымша уақыт берілді. Дзюдо ережесіне сай, «Алтын ұпайда» кім бірінші ұпай алса сол балуан жеңімпаз деп танылады. Төреші күресті жалғастыруға белгі бергеннен кейін де балуандар бір жарым минуттай бір-біріне әдіс жасатпай, қарсыласының аңысын аңдумен болды. Бір сәтте Сметов Урозбоевтың жағасынан ұстап, иығынан асыра лақтырған. Өзбек балуаны жамбасымен татамиге құлады. Төреші бұл әдісі үшін Сметовке «юко» (бір ұпай) берді. Сөйтіп, «Алтын ұпай» ережесі бойынша Қазақстан балуаны жеңіске жетті.
– Диорбек өте сақ балуан. Онымен қорғана жүріп күресу керек. Екеуіміз де бір-біріміздің қателесетін сәтімізді күтіп жүрдік. Ол да, мен де бір-біріміздің әдіс-тәсілдерімізді жақсы білеміз. Сондықтан қапысын тауып бір қимыл жасау керектігін екеуміз де сездік. Және ол сәтті мен пайдаланып кеттім, - деді Сметов Азаттық тілшісімен сұхбатта.
Жарыс ережесіне сай балуандарға жартылай финал алдында екі сағат демалыс беріледі. Жартылай финалда Елдос Сметов әзербайжандық балуан Орхан Сафаровты итеру әдісі арқылы құлатып, вазари (жартылай жеңіс) ұпайымен ұтты. Жеңіске шаттанған Сметов кешен ішіндегі өзіне қошемет көрсеткен жанкүйерлерге алғысын білдірді.
– Сафаровпен 2013 жылы осы Рио қаласында өткен әлем чемпионатында кездесіп, жеңіліп қалғам. Ал бұл жолы бапкерлер қойған тактиканы орындадым және бес минутта жеңіске жеттім. Белдесу оңай болған жоқ, бірақ өзіме кездесуді өткізуім, қолданған әдісім, қорғанысым ұнады, - деді ол.
Финалда Елдос Сметов ресейлік Беслан Мудрановпен кездесті. Белдесудің басында ресейлік балуан Сметовтың тобығынан теуіп жіберді. Сметов аяғын ұстай татамиде біраз отырып, кейін кездесуді қайта жалғастырды.
Қос балуан негізгі уақытта ұпай алар әдіс қолданбаған соң белдесу «Алтын ұпай» ережесі бойынша жалғасты. Мудранов Сметовтың оң аяғынан іліп алып шалған сәтте қазақстандық балуан татамиге жамбасымен құлады. Төреші Берсановтың бұл әдісіне «вазари» ұпайын берді. Ресей балуаны қуаныштан татамиды шыр айнала жүгіріп жүрген сәтте Сметов татамиден тұрмай екі көзін алақанымен басып әлі жатқан еді. Кешен ішіне жиналған Қазақстан жанкүйерлері де үнсіз отырып қалды. Финалдағы жеңілісіне опынып көзіне жас алған Сметов аяғын сылти басып, бапкері Ермек Имамбековке сүйене залдан шығып кетті.
– Жарыс алдында жақсы ұйықтадым. Менен бүкіл халық алтын күтті. Үміттерін ақтағым келген. Бірақ бұйыртқаны күміс болды. Берсановпен осыған дейін екі рет кездескем. Бір кездесуде – мен, бір белдесуде ол жеңген. Финал кезінде аяғымның сүйегін ауыртып алдым. Аса ауыр жарақат емес. Бұл – менің алғашқы олимпиадам. Риода күміс алдым. Алдағы ойындарда алтын алғым келеді. Алтын алу үшін жаттығуды жалғастыра беремін, - деді Елдос Сметов Азаттық тілшісіне.
Олимпиада жүлдегері Елдос Сметовтің Азаттыққа сұхбаты:
Қазақстанға Моңғолиядан келген дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг әйелдер арасында 48 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль иеленді. Ол алғашқы айналымда Такиана Лиманы (Гвинея-Бисау) жеңгенімен, ширек финалда жапониялық Ами Кондодан ұтылып қалды. Ал қолаға таласта Отгонцэцэг 2012 жылғы олимпиаданың қола жүлдегері венгриялық Эва Черновскиді және кубалық Даиарис Альваресті жеңді.
– Жартылай финалда жапон балуанына өз қателігімнен жеңілдім. Басында вазари ұпайына ие болып жеңіп жатқан едім, жеңіс менікі деп те ойладым. Бірақ жекпе-жек аяқталуға 20 секунд қалғанда ол менің қателігімді пайдаланып жеңіп кетті. Олимпиада финалында күрескім келген. Бірақ қола медальдың өзі мен үшін үлкен жетістік, - деді ол.
Олимпиаданың алғашқы күні Қазақстан құрамасынан Маргарита Елисеева ауыр атлетикадан (48 килограмм) 5-орын, велоспортшы Андрей Зейц топтық жарыста 8-орын алды.
Алғашқы күннің қорытындысы бойынша Қазақстан бір күміс, бір қоламен жалпы есепте 12-орында келеді.