"Көшеге шығыңдар". Навальныйдың халықты қарсылыққа шақыруы Кремльге де, Ресей қоғамына да сынақ

"Шереметьево" әуежайына қона сала ұсталған Алексей Навальный "жеңіс" белгісін көрсетіп барады. 17 қаңтар 2021 жыл.

Кейінгі он жылда Алексей Навальный Ресей президенті Владимир Путиннің ең танымал әрі ықпалды сыншысы болды. Ірі көлемдегі жемқорлықты әшкерелеп, қарсылық акцияларын ұйымдастырды, елдің түкпір-түкпірін аралап, жергілікті сайлауға түскен оппозициялық кандидаттарға қолдау білдірді, саяси белсенділермен қарым-қатынасын нығайтты.

Кремль бұған тоқтаусыз іс қозғаумен, тінтумен жауап берді. Оппозиционер 2011 жылдан бері жүздеген күнді түрмеде, жүздеген күнді үйқамақта өткізді. Ал күш құрылымдары Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қорының кеңсесін жиі тінтіді.

Алексей Навальный президенттік сайлауға арналған штабын ашар кезде белгісіз біреулер оның бетіне "зеленка" дейтін жалсы түсті антисептик шашып кеткен. Саясаткердің көзі күйіп қалған. Барнауыл, 20 наурыз 2017 жыл.

Навальныйдың сөзінше, тамыз айындағы улау да – Мәскеудің ісі. Былтыр 20 тамыз күні Томскіден Мәскеуге жол тартқан ұшақта Навальный хәлі күрт нашарлап, есінен танды. Ұшақ экипажы шұғыл шешім қабылдап, ұшақты жол бойындағы Омбы әуежайына қондырды да, сол жерден жедел жәрдем қызметі саясаткерді жергілікті ауруханаға алып кетті. Аурухана науқастың комаға түсіп, өкпені желдету аппаратына қосылғанын мәлімдеді, ағзасынан у іздерін таппағанын айтты. Туыстары оны шетелге алып кетуге ниет білдіргенде, аурухана "науқас тасымалдауға жарамайды" деп қарсылық білдірді. Екі күндік арпалыстан соң ес-түссіз жатқан Навальныйды санавиациямен Германияға алып кетіп, Берлиндегі "Шарите" клиникасына жатқызды.

Алексей Навальныйдың Берлиндегі "Шарите" клиникасында жатқан кезі. 22 қыркүйек 2020 жыл.

Клиника Навальныйды емдеп шықты, Германия үкіметі оның "Новичок" уымен уланғанын мәлімдеді. Ал есін жиған Навальный өзінің улануын Путиннен көретінін айтты. Ол халықаралық деңгейде тыйым салынған, химиялық қару саналатын "Новичокті" Кремль басшының мақұлдауынсыз ешкім әзірлей алмайды, қолдана алмайды деді. Ол сондай-ақ Ресейге анық оралатынын, оның шетелде қалып қоюы "Путинге үлкен сый" екенін, оған жол бермейтінін айтты.

11 қаңтар күні Ресейдің Жазаны орындау жөніндегі федералдық қызметі Навальныйдың шартты жазасын қамауға ауыстыруды талап етті. Навальныйға шартты жаза үкімі "Ив Роше ісі" бойынша кесілген және оның мерзімі 30 желтоқсанда аяқталған. Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты істің саяси астары бар деп таныған.

Екі күннен соң Навальный Мәскеуге 17 қаңтар күні оралатынын, "Победа" әуе компаниясының рейсімен ұшып келетінін мәлімдеді.

ӘЛЕМ НАЗАРЫН АУДАРҒАН ОРАЛУ

Кремль Навальныйдың оралуын ірі оқиға етіп көрінунен мейлінше кедергі келтіруге тырысты. Алдымен журналистерге әуежайдан Навальныйдың келуін фото-видеоға түсіруге тыйым салды. Сол күні саясаткер келуі тиіс әуежайды қоршауға алып, айналасын автозакпен толтырды оппозиционер жақтастарын бірінен соң бірін ұстап жатты.

Бірақ Мәскеу жоспары жүзеге аспады. Журналистер жаппай Навальный ұшып келмек болған рейске билет алып, рейстен бастан-аяқ хабар таратумен болды.

Әуе ұшақтардың қозғалысын тіркеп отыратын Flightradar24 қызметі Навальныйдың ұшағын 60 мыңнан астам адамның бақылап отырғанын айтты.

Қону уақыты жақындаған сайын әуежай маңына жиналғандар қатары арта берді. Бірақ соңғы сәтте ұшақ бағытын өзгертіп, алдын ала мәлімделген "Внуковоға" емес "Шереметьево" әуежайына қонды.

Алексей Навальный "Шереметьево" әуежайының кедендік бақылау бекетінде. Мәскеу, 17 қаңтар 2021 жыл.

Кедендік бақылаудан өтер сәтте полиция тобы Навальный ұстап әкетті. Саясаткерді қайда әкеткені, оған не болғаны келесі күнге дейін белгісіз болды. Келесі күні полиция кеңесінде сот отырысы өтіп, онда прокурор Навальный алдыңғы жазаның шарттарын бұзған-бұзбағанын анықтау жөніндегі отырысты бөлек өткізуді сұрады. Судья ол отырысты 29 қаңтарға белгілеп, Навальныйды 30 күнге қамауға үкім кесті.

НАВАЛЬНЫЙДЫҢ БОСАТЫЛУЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТАЛАП ЕТТІ

Саясаткерді әуежайдан ұстап әкеткеннен санаулы сағат өткенде халықаралық Amnesty International ұйымы Навальныйды ар-ұждан тұтқыны деп атап, дереу босатуды талап етті.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Навальныйдың қамауға алынуын оппозицияның үнін өшіру әрекеті деп атап, Кремльді айыптады.

Полиция Алексей Навальныйды "Шереметьево" әуежайынан әкетіп барады. 17 қаңтар 2021 жыл.

Meduza.io басылымының жазуынша, Навальныйды босату талап етуші елдер қатарында АҚШ-тан бөлек Ұлыбритания, Германия, Франция, Австрия, Чехия, Дания, Италия, Канада, Латвия, Литва, Эстония, Польша елдері бар. Басылым бұл қатарға БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі басқармасы, Еуроодақтың бас дипломаты Жозеп Боррель, Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен, Еурокеңес төрағасы Шарль Мишель қосылды дейді.

Германия Nord Stream 2 теңізасты газ құбырын салуға деген рұқсатын тоқтатып қойды. Құбыр Ресей газын Балтық теңізі арқылы Германияға жеткізуі керек болған.

"БЕРЛИНДЕГІ НАУҚАСТЫҢ" КРЕМЛЬДІ ӘШКЕРЕЛЕУІ

Өткен жылдың соңында, 14 желтоқсан күні бірнеше басылыммен бірлесе журналистік зерттеу жүргізген Bellingcat тобы Навальныйды Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) агенттері улаған деп мәлімдеді. Зерттеу тобы Навальный сапарларымен бағыты бір рейстерді қолға түсіріп, белгілі бір топтың Навальный қайда барса, сонда барып жүргенін, олардың ФСБ агенттері екенін, улау күні олардың Мәскеуге тоқтаусыз қоңырау шалғанын анықтаған.

Үш күннен кейін, 17 желтоқсан күні журналистер осы зерттеу туралы кеңейтілген баспасөз мәслихатын өткізген Владимир Путиннен сұрады. Ол бұрынғыша Навальныйдың атын атаудан бас тартып, оны "Берлиндегі науқас", "сіз айтқан адам" деп атап, ФСБ агенттерінің оны аңдығанын растады, бірақ "өлтіргіміз келсе, өлтірер едік" деп жауап берді.

Журналистер Владимир Путиннің баспасөз мәслихатына видео конференция арқылы қатысып отыр. 17 желтоқсан 2020 жыл.

21 желтоқсан күні Алексей Навальныйдың улау операциясына қатысы бар ФСБ агенті деген адаммен телефон әңгімесі жарияланды. ФСБ агентіне қоңырау шалған Навальный өзін шенеунік ретінде таныстырып, Мәскеу баяндама әзірлеп жатқанын, сол үшін қосымша дерек керегін айтып, агентті сұрақтың астына алады. әңгіме барысында агент деп аталған адам Навальныйды улау операциясы болғанын, өзінің Навальныйдан кәмпескеленген киімдерден удың ізін жасырмақ болғанын айтып қойған.

Осыдан кейін Путин мәлімдеме жасамады, ал Кремль айналасындағылар Навальныйдың рөлін төмендетіп көрсетуге тырысты. Сол 17 қаңтардағы баспасөз мәслихатының өзінде Путин "Ол кімге керек еді өзі?" деп мысқылдаған.

Сарапшылар Путиннің Навальный аты-жөнін атаудан түбегейлі бас тартуы, оны әуежайдан ұстап әкетуі Кремльдің одан қаншалық сескенетінін көрсетеді дейді.

"Кремль аты-жөні жоқ адамды елемейтінін дәлелдеумен әлек болды, бірақ іс-жүзінде дан қорқатынын көрсетіп отыр" деді Ресей жөніндегі сарапшы Марк Галеотти Spectator басылымында жарияланған бағанында.

РЕСЕЙ ҚОҒАМЫ НАВАЛЬНЫЙДЫҢ УЛАНУЫ МЕН ОРАЛУЫН ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?

Навальный өмірін бәске тігіп, Ресей билігінің түрлі әрекетіне тап болып отырғанына қарамастан, Кремльдің тапсырмасын бұлжытпай орындайтын мемлекеттік БАҚ оны таңнан кешке дейін қаралап, "Батыстың агенті" деп атайды. Левада орталығының қыркүйектегі сауалнамасы ресейліктердің 50 пайызы 50 пайызы Навальныйды қолдамайтынын, 18 пайызы танымайтынын, 12 пайызы жауап беруге қиналатынын көрсетті. Сауалнама оппозиционердің халықтың 20 пайызы ғана қолдайды деді.

Полиция Алексей Навальныйдың "Внуково" әуежайына жиналған жақтастарын ұстап жатыр. 17 қаңтар 2021 жыл.

Осыған қарамастан Навальныйдың Путин жақтастарының жемқорлығын әшкерелеген зерттеулерінің видеосы миллиондаған адам көреді, мыңдаған адам ол шақырған наразылық акцияларына қатысады. Дегенмен ол уланғанда көшеге санаулы ғана ресейлік шықты.

Сауалнамалар көрсеткендей, коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулер мен наразыларды жаншудың күшеюі салдарынан көптеген қарсылық акциясын пайдасы іс деп қарастырады.

"Навальный қамалуы халықты көтере алмады" деп жазды саяси сарапшы Владислав Иноземцев. "Бұл көңіл түсірерлік, бірақ оны елемеуге болмайды".

18 қаңтар күнә полиция кеңсесіндегі сотта Навальный халыққа үндеу жолдап, "Қорықпаңдар, көшеге шығыңдар. Мен үшін шықпаңдар, болашақ үшін шығыңдар" деді. Навальныйдың штабы митингіні 23 қаңтарға белгіледі.

Азаттық тілшісі Мэтью Лаксмурдың мақаласы негізінде әзірленді