"Қолыма қару алғанша бақташы болғаным артық"

Беларуське көшіп келген шешен отбасы

Әскери қызмет істейтін Далхан 2016 жылы Украинаға барып соғысудан бас тартты. Басшылық оған қысым жасай бастады. 2017 жылы ол отбасын алып, Шешенстаннан кетіп қалды. 16 рет Брест арқылы Польшаға өтуге тырысты.

Бұдан соң шешендер Полесье (қауіпсіздік үшін кейіпкер нақты тұрғын жерін атамауды сұрады) ауылына қоныстанды. Бұрынғы әскери саласының маманы қазір бақташы болып істейді. Әйелі бәліш пісіріп сатады. Олар енді Батыс Еуропаға көшкісі келмейді.

"БАҚТАШЫ ЕКЕНІМДІ ДОСТАРЫМА АЙТПАЙМЫН"

Осы аптада Далхан жалғыз өзі демалыссыз жұмыс істейді. Таңғы төртте тұрып, сағат беске дейін велосипедпен фермаға барады. Сауылған сиырларды айдап әкетеді, жайылымнан соң айдап келеді. Табында 200 бас бар. Үйіне қараңғы түскенде келеді.

"Бақташы боламын деп ешқашанда ойлаған емеспін" - дейді Далхан.

Бір жарым жылда ол белорус ауылында үш қызмет ауыстырды. Басында өрт сөндірушінің көмекшісі болды. Кейін фермада жем шашушы болды. Қазір айына 400 рубль алады (шамамен 200 АҚШ доллары).

"Достарыма бақташы екенімді айтпаймын. Ыңғайсыз сияқты. Өмір бойы әскери адам болып жүріп, сиыр бағушыға айналдым. Құдай өзі кешірсін, өрт сөндірушімін деймін" - дейді Далхан. Әйелі Заира оны "шешендерге тән понт" деп атайды. Бақташы болу беделді жұмыс саналмайды.

Бәріне жету үшін Заира бір пісіргенде 100-ге дейін бәліш пісіреді

"Бірақ маған қандай жұмыс болса да бәрібір. Отбасымды асырасам болғаны» - дейді Далхан.

"АДАМ ӨЛТІРУГЕ КЕЛІСЕМІН ДЕГЕН ШАРТҚА ҚОЛ ҚОЙМАДЫМ"

Далхан 40 жаста. Бұрын ол әскери саласында қызмет істеді. Келісімшартпен жұмыс істеп, жақсы жалақы алды. Өзінің айтуынша, түк істемеген күннің өзінде айына 700 еуро алған. Туған жерінде 300 шаршы метр үйі болған. 7 баласын бағып-қақты.

Кейін Донбастағы соғыста ағасы қаза тапты. Басшылық әуел баста тек "шекара күзетеді" деп айтқанмен сәл кейінірек бөлімшесін Донбасқа әкеткен. Далханның ағасы бомба жарылысынан көз жұмған.

Ізінше Далханның өзін де соғысқа шақырды. Ол келіспеді. "Келісім-шартта адам өлтіруге тиіссің деп жазылмаған. Бармаймын дедім" дейді ол.

Украинада соғыспас үшін Далхан өзге қызметкерлермен бірге армиядан кетті. Бұдан соң басшылық оған қысым жасай бастады.

"Кейбірін трибуналға берді. Маған да маза бермеуі мүмкін еді" дейді ол.

2017 жылы көктемде Далхан мен Заира балаларын алып, Брестке келді. Ерлі-зайыптылар Батыс Еуропаға оңай өтеміз деп ойлаған. Әйелі шекара бекетінде түрлі мемлекет өкілдері отырады, қалаған жағыңа баруды таңдайсың да, жүре бересің деп ойлап келді.

Бірінші күні таңертең оларға "Бресте поляктарға ары қарай Германия немесе Францияға барамыз деген жоспарларыңды айтпаңдар" деп ескерту жасалды. Тек Польшадан баспана сұрауға кеңес берілді.

"ПОЛЬШАҒА БАРУҒА ДА, БЕЛОРУССИЯДА ҚАЛУҒА ДА ҚОРЫҚТЫМ"

Алайда Далхан мен Заира Германияға да, Польшаға да жете алмады. Тереспольге 16 рет барды, әрдайым оларға рұқсат берілмеді.

Көп ұзамай қаржылары да таусыла бастады. Бресте бір тәулікке пәтер жалдау 20 еуро тұрады. Айына 600 еуроны тек пәтерге беру керек болды.

Олар үш апта бойы теміржол вокзалында тұрды. Кейін жергілікті дін қызметкері Брестегі шіркеуде уақытша тұра тұруға жағдай жасады. Ол шешендерге Беларусьте қалуға кеңес берген.

"Ол бізге қатты көмектесті" - дейді Заира. "Қазір тіпті шақырса да, Польшаға бармас едім".

2017 жылдың сәуірінде отбасы белоруссиялық Полесье ауылына көшіп келді. Далхан мен Заира ауылдың нақты атауын жазбауды өтінді. Өздері суретке түсіп, бет-жүздерін көрсетуді де қаламады.

Беларусьте шешендер отбасы босқын ретінде саналмады. Олар колхозға жұмысқа тұрды, сондықтан уақытша тұру ықтиярхатын алды. Колхоз оларға қызметтік баспана берді. Қазір тек коммуналдық қызмет ақысын төлейді.

"Бұл жақта бос үйлер көп. Колхозға жұмысшылар да керек" дейді Заира.

Ерінің жалақысына қоса Заира әлі үшке толмаған екі баласы үшін 800 рубль жәрдемақы алады. Киім-кешек пен кеңсе тауарларын алуға еріктілер көмектеседі. Ал ақшаны тамаққа жұмсайды.

"Бұған дейін осынша аз жалақы алып көрмеппін", - дейді Далхан. "Бірақ шағымданбаймын. Шағымдану – күнә. Тағдырыма солай жазылған шығар. Кейін бәрі жақсы болады»"

БІРІНШІ РЕТ КАРТОП ПЕН ҚҰЛПЫНАЙ ӨСІРЕ БАСТАДЫ

Далхан мен Заира өздері тұрған шешен ауылымен салыстырғанда беларусь ауылының тым тыныш көрінетінін айтады. Отанында олар қонаққа баратын, үнемі у-шу болып жататын. Бұл жақта көшеде жүрген адамды сирек кездестіресің.

"Қыс пен жаздың айырмасы жоқ. Ешкім көшеде жүрмейді. Мүмкін адамдар үй шаруасымен айналысып, қолдары тимейтін болар" дейді Заира.

Шешендер отбасы да күнкөріс қамына кірісті. Олардың қойлары бар, жақында төлдейді, үй құстарын бағады. Осылайша өздеріне керек халал етті дайындап жатыр.

Беларусьта шешен отбасы өмірінде бірінші рет құлпынай мен картоп екті. Шешенстанда ол өспейді. "Балалар жаз бойы жидек терді", - дейді Заира.

Ерлі-зайыптылар келесі жылы құстарға арнап қора салуды жоспарлап отыр. Қазір тауық ұстайды, алдағы уақытта қаз бен мысыр тауығын (цесарка) да бағуды ойластырып жүр.

Полесье ауылындағы өмірлері бұрынғыдан мүлдем басқаша. Отанында оның үлкен үйі, жаңа машинасы мен жақсы жұмысы бар еді. Қазір ауыл шетінде үш бөлмелі үйде тұрады, 10 адам үш велосипедке кезек отырады, бақташы болып істейді.

"Қолыма қару алғанша бақташы болғаным артық", - дейді Далхан. "Бұрынғыны еске алғым да келмейді. Сиыр айдай берейін, соның пайдасы көбірек".

БІР ЖАРЫМ ЖЫЛДА БАЛАЛАР БЕЛАРУСЬ ТІЛІН ҮЙРЕНІП АЛДЫ

Далхан ықтиярхат алған бірнеше шешенді білетінін айтты, кейбірі беларусь құжаттарын рәсімдеп жатыр. Бір танысы Бресте тұрады. Бірақ Далхан мен Заира ауылда тұрып жатқандарына қуанады. Ең алдымен, балалардың жағдайы жақсарды дейді.

"Брестте тұрғанда олар білім алмады, дамымады", - дейді Заира. "Осында келгенде балалар қуанып кетті. Ойнайтын жер жеткілікті".

Ең кішісі Мурсалим ауылда дүниеге келген. Ата-анасы оны "беларусь" деп атайды

Сегізінші болып туған үйдің ең кішісін ерлі-зайыптылар "беларусь" деп атайды, себебі ол осы ауылда дүниеге келді.

Беларусьқа келгенше балалар орыс тілін жақсы білмейтін. Енді бір жарым жылда беларусь тілін үйреніп алды. Мысалы, математиканы тексеру үшін үлкен қызы анасына тапсырманы орыс тіліне аударып береді.

Отбасына киім-кешектер мен қағаз-қаламды Беларусь және Польша еріктілері береді

"Олар тез сөйлеген кезде мен түсінбей қаламын" дейді Далхан.

Ауыл мектебінде бала көп емес. Заира балалары Шешенстанға қарағанда Беларусьта жақсырақ білім алады деп есептейді.

"Беларусьта Шешенстанға қарағанда білімді жоғары бағалайды. Осы жақтан мамандық алғанын қалаймын" дейді ол.

"ШЕШЕНДЕР ЕУРОПАДА ЛАГЕРДЕ ТҰРАДЫ. БІЗ ЕРКІНБІЗ"

Босқындарға сақтықпен қараған Брестен кейін ауылға келген шешендер тұрғындардың жақсы қабылдағанына таң қалды. "Күн сайын біреу көмекке келді. Қияр, алма әкеп береді. Асүйдегі жиһаз, залдағы диван – бәрін берді" дейді ерлі-зайыптылар.

Олардың айтуынша, Ресейге қарағанда Беларусьта адамдардың қарым-қатынасы жақсырақ. Батыс Еуропамен салыстырғанда тіпті жақсы. Мигранттарға қарсы митинг туралы жаңалықтан соң олар Полесьеде қалғанымыз дұрыс болды деген ойға бекіді.

Отбасы ауылда жеке үйлеріміз болса деп армандайды

"Ондайды көргенде осында қалғанымыз үшін Құдайға алғыс айтамыз" - дейді Заира. "Еуропадағы шешендер лагерьде тұрады. Көбін депортация жасайды. Ал біз еркін адамдармыз".

Қазір шешен отбасы жеке үйіміз болса деп армандайды. Ауылда ағаш үйді бірнеше мың долларға сатып алуға болады.

"Жоспар құрып жатырмыз. Балалардың бәрі білім алғанша 15-20 жыл өтеді ғой" дейді шешен отбасы.

Заира өз наубайханасын немесе кондитерлік дүкенін ашқысы келеді. Бірде ол ұлының досына өзі дайындап үйренген бәліш береді. Ол анасына апарады. Қазір Заираға бәлішке тапсырыс берушілер көп.

"Бұл жақта бұрыннан тұратын сияқтымыз, адамдар туысымыздай болып кетті. Үнемі біреу көмекке келеді" - дейді Заира.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Антон Трафимовичтің мақаласы орыс тілінен аударылды)