Сталин салғызған Трансполярлық магистральдан не қалды?

1947-1953 жылдары ГУЛАГ тұтқындары еңбек еткен, "Чум – Салехард – Игарка" бағыттары бойынша салынып бітпеген теміржол желісін қазір Трансполярлық магистраль деп атайды.

Бұл - сталиндік репрессияның ең қасіретті жобаларының бірі. СССР билігі Ұлы Солтүстік теміржолын салу туралы 1928 жылдан бастап жоспарлай бастаған. Жоба бойынша жол Баренц теңізі жағалауынан өтіп, шығыс Архангельск арқылы Охотск теңізінің жағалауы мен Чукоткаға жетуі керек болған.

Құрылыс 1947 жылы басталды. Жолды салуға бір мезетте 80 мыңға дейін адам жұмылдырылды.

Сібір түкпіріндегі құлап жатқан теміржол көпірі.

Алайда 1953 жылы Сталиннің өлімінен кейін тұтқындар жаппай амнистия алды. Сол кезде көлік желісін салуға қатысқандар да бостандыққа шықты. Жұмысты тоқтатты, кейін теміржолды мүлдем ұмытты. Қазір рельс пен құрылыс қалдықтары Ресейдің адам жүрмейтін арктикалық аймағында батпаққа батып барады.

"Кінәлі" деп танылған тұтқындарды жатқызған камера-карцер.

Күзгі ормандағы лагердің қарауыл мұнарасы.

Трансполярлы магистраліндегі рельс қалдықтары.

1947-1953 жылдары жол салу өте ауыр болды: құрылыс орнында қарапайым қажетті заттар болмады. Қыста, арктикалық аязда күні бойы жұмыс істеу керек болды. Ал жазда – батпақта, қаптаған шыбын-шіркейдің ортасында еңбек етті.

Тұтқындар да, өз еркімен келген жұмысшылар да ұзақ уақыт бойы барақта емес, өздері қазып алған жартылай кепе мен жер кепеде тұрды. Сонымен бірге темір пешпен жылытылатын шатырда өмір сүрді.

Құрылыстағы ондаған мың тұтқын "Совет одағына қарсы" әрекеті үшін сотталғана "саяси тұтқындар" болатын.

Ресми хабарлама бойынша, теміржол СССР арктикалық суын батыс теміржол желісімен жалғауға тиіс болды. Бірақ арктикалық батпаққа салынған теміржолдың түпкі мақсаты әлі күнге дейін белгісіз.

Бір нұсқа бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Арктикада нацистік сүңгуір қайықтардың пайда болғанынан қорыққан Сталин болашақ портқа теміржол салмақ болған. Тағы бір нұсқа бойынша, ол солтүстік никель шахталарын СССР-дің батыс аумағындағы зауыттармен жалғағысы келген.

Алайда Сталин қазасынан бірнеше күн өтпей-ақ жоба да жабылды. Қазір жыл өткен сайын құрылыс қалдықтары жерге сіңіп барады. Қыста - қар, жазда - батпақ.

Қазіргі кезде теміржол мен лагерь қалдықтарына жер қатып жататын қыс айларында ғана баруға болады.

Жазда батпақты алқаптан тек ТРЭКОЛ сияқты қысымы төмен, камерасыз шинасы бар, жол талғамайтын арнайы көлік қана жүре алады.

Салехард пен Надым арасын бес саусақтай білетін аңшы бірнеше лагерь қалдығын көрсетті.

Лагерь айнала тікен сыммен қоршалған.

Ішінде тұтқындар ұйықтаған нардың қалдықтары қалған. Терезеге тор қойылыпты.

Лагерьдегі тегене. Аман қалғандар күндік рационның 900 грамм нан, тары мен бурда сорпасынан құралғанын айтады.

Қираған барақтағы балық аулайтын тор.

ШИЗО – жазалы болғандарды оқшаулайтын орын, есігі металмен қапталған. "Ажал жолы" құрылысында аман қалған Александр Сновский күніне 200 грамм нан мен бір шыны ыстық су ғана ішкендерін еске алады.

Саяси тұтқындармен қоса лагерьде қылмыскерлер де болған. Куәгерлердің айтуынша, олар саяси тұтқындарға тиісіп, әлімжеттік жасаған.

Тағы бір аман қалған куәгер Василий Басовскийдің айтуынша ол жерден қашып шығу мүмкін болмаған: "Қашатын жер жоқ! Маса, шіркеу мен бөгеуші бекет қана бар. Қайда қашасың?! Қашқандарды ауыр жазалайтын: ұстап алып, басын байлап тастайды, шыбын-шіркей өлгенше талайды. Екі-үш сағат қана шыдайсың".

Ең қиыны – қыстан аман шығу. 40 градустық үскірген аяз тұтқындарды азаптай түсетін.

Әйелдер мен ерлер лагерьде жеке барақта тұрды. Сновскийдің айтуынша, кейде ерлер әйелдер бөліміне байқатпай хат лақтыратын. Бірақ "контрабанданың" ерекше түрі де болды.

"Лагерьдің ерлер тұратын бөлігі жағынан әйелдер жаққа "сұйықтығы" бар шөлмектер лақтырдық, әйелдер сол арқылы жүкті болып, азапты еңбектен құтылғысы келді" дейді ол.

Лагерьдің қасында – батпақтың үстіне салынған жүздеген ағаш көпірдің бірі қалыпты.

1917 жылы билікке большевиктер келгенге дейін Демидовтардың зауытында құйылған рельс. Құрылыста қолданылған рельстің көбін кейін жинап, алып кетті: демидовтық құнды құрыш "Норильский никель" зауытында қайта балқуға кетті.

Құрылыстағы инженерлердің көбі – өз еркімен келгендер болатын. Бірақ ауыр жұмысты тұтқындар да істеді.

Мына ағаш үй сияқты кейбір орындар сақталып қалған. Бір кездері онда лагерь күзеті тұрған сияқты, қазір аңшылар пайдаланып жүр.

Ішінде көмірмен жылитын шойын плита-пеші бар саманнан соғылған пеш тұр, сталиндік кезеңдегі жұлдызша белгісі де сақталыпты. Күзде ол үйді жақсы жылытады.

Бірақ теміржолдың басым бөлігі мынау нұсқаулық сияқты үйіндіге айналып барады.

Консервіленген еттен босаған банкі. Бұл суретті көрген жергілікті тұрғын банкіні eBay-ге салуды ұсынды.

Салехардқа жақын орналасқан ең үлкен музейде Азаттық радиосының тілшісіне "ажал жолына" арналған тұрақты экспозициясы жоқ екенін айтты. Әйткенмен музей қызметкерлері қорда сақталған, тұтқындар қолданған бірқатар заттарды көрсетті. Мына мата қалдығынан тігілген бетперде қыста адам бетуден үсіп кетуден қорғайтын.

Салехардта "ажал жолы" құрылысында опат болғандарға арналған ескерткіш бар. 1947-1953 жылдары құрылыста қанша адамның қаза тапқанын білу қазір мүмкін емес. Лагерьге жақын тұрған Мария Еремеева былай деп жазады: "Тұтқындарды емдеген аурухана мен клубты тікенекті сыммен қоршады. Қасында көл бар болатын. Тұтқындардың зираты сол жерде. Ол сонау тайгаға дейін созылады. Зираттарына крест қойылмады, лагерьдегі нөмірі жазылған шағын қазық қана бар".

Лагерьде аман қалған Александр Сновский (қазір әйелі екеуі Санкт-Петербург маңында тұрады) үшін ең үлкен қасірет – жол құрылысының аяқталмай қалғаны: "Ондаған мың адам бостан-босқа өлді. Бекер тер төккенімізге қайғырамын" дейді ол.