15 ақпанда Ресей мемлекеттік думасы президент Владимир Путиннен Украинаның шығысындағы сепартистік аудандарды тәуелсіз мемлекет деп тануды сұрап, міндетті емес шешім қабылдады. Украинамен шекарада және оккупацияланған Қырымда Ресей әскері көбейіп, Мәскеу көрші елге басып кіре ме деген қауіп үдеген шақта бұл ұсыныс өңірдегі жағдайды ушықтырып жіберетіндей.
Дума депутаттары Ресей қолдап отырған сепаратистер бақылауындағы Донецк пен Луганск облыстарының тәуелсіздігін тануға шақырып, осылайша сонда тұратын жүздеген мың Ресей азаматын қорғауға болатынын айтты. Бұл облыстар өзін Донецк және Луганск халық республикалары деп атайды. Бұл ұсыныс жұртқа 2008 жылы Ресейдің Грузиямен бес күндік соғыстан соң Абхазия мен Оңтүстік Осетия аудандарын тәуелсіз мемлекеттер деп танығанын еске түсірді.
Бірақ Мәскеуде Германия канцлері Олаф Шольцпен баспасөз жиынына қатысқан Владимир Путин олардың ұсынысына құлақ аспайтынын, кемі бірден қолдамайтынын білдіргендей болды. Ол Мәскеудің талабын қайталап, Батыс державалары Киев билігіне Минск келісімін орындауға ықпал етуі керек деді. Бұл келісім 2014 жылы сәуірден бері 13 мыңнан астам адам қаза тапқан шиеленісті реттеуге бағытталған.
Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сол күні Мәскеудің Минск процесін ұстанатынын айтып, "Минск келісімін жылдам орындауға" шақырды.
"Қысқа қайырсақ, Путин Киевті Минск келісімін орындауға әлі де көндіре аламын деп үміттенеді, – дейді Украинадағы үшжақты байланыс тобымен келіссөз жүргізетін Сергей Гармаш. – Сондықтан, оның [республикалардың тәуелсіздігін] мойындап, келісімнен бас тартуы екіталай деп ойлаймын... себебі бұл Минск келісімі мен Минск процесінің аяқталуына әкелер еді".
"Келісімнің мүлдем күші жойылар еді және Мәскеу Украинаға ықпал етуге мүмкіндік беретін құралдан ғана емес, "ерекше мәртебе" беріп, Донбассты саяси құрылымға қосқан соң да Украинаны басқаруға септігін тигізеді деп үміттенген амалдан да қол үзер еді" дейді Гармаш.
Мәскеу Минск келісімі Киевтің Ресей қолдап отырған сепаратистермен тікелей келіссөз жүргізуін талап етеді дейді. Ал Украина олай істеуден бас тартқан. Мәскеу мен Киев келісім салдары жайлы екі түрлі пікірде. Өткен айда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Азаттыққа "Украинаға қарағанда Ресей өз міндеттерін көбірек бұзды" деді.
Your browser doesn’t support HTML5
Думаның қаулысы әскер көбейту, ультиматум қою, НАТО мен Вашингтон Украинаны тұрақсыздандыратынын айту, кибершабуылдар және басқа да қысым көрсету амалдарының бірі ғана дейді Гармаш.
"Мұның бәрі Киевті Минск келісімін Ресей қалағандай орындауға мәжбүрлеуге бағытталған" дейді ол.
Мәскеу Карнеги орталығының сарапшысы Константин Скоркин Ресей сепаратистік аудандарды қысқа мерзімде тәуелсіз мемлекет кет мойындауы екіталай екенін, дума шешімі "кез келген уақытта жүзеге асуы мүмкін қысым көрсету амалы" болып қалатынын айтады. Сарапшылар Кремль думаны бұл шешімін өзі белгілеп бергенін айтады. Ресей парламенті төменгі палатасындағы орынның үштен екісінде билік бақылауындағы "Единая Россия" партиясы отыр.
"Қазір [Кремль] Минск келісімін орындатуға тырысады, себебі бұл құжат Мәскеуге тиімді етіп жазылған" деді ол. "[Кремль] халықаралық қолдауға ие болған мұндай дипломатиялық құралдан бас тартқысы келмейді және оның негізгі саясаты Киевті келісімді орындатуға бағытталады".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ CIT: Украина түбіндегі Ресей әскері бұрын-соңды болмаған ауқымға жеттіМәскеудегі саяси сарапшы Дмитрий Орешкин сепаратистік аудандарды тәуелсіз мемлекет деп тану Минск келісіміне "тықыр таяндыратынын" және Кремльге тиімсіз болатынын айтады. Екінші жағынан бұл аудандардың тәуелсіздігін мойындау ұсынысы Украина президенті Владимир Зеленскийге қысым көрсету және оның сайлаушыларын талқандау амалы болып отыр дейді ол.
"Яғни, бұл мәселеде ұзақ саудаласуға болады" дейді сарапшы.
Гармаш "Настоящее время" арнасына Путин Минск келісімін өзі қалаған бағытта қолдануға тырысып жатқанда, осы аудандардың тәуелсіздігін тану жай сөз жүзінде қала беретінін айтты.
"Бірақ егер Путин не әскерилер арқылы, не Батыс әріптестері арқылы, не [Украина] ішкі саясаты арқылы қысым көрсете алмайтынын, ешқандай тетік көмектеспейтінін мойындаса, Киевті Минск келісімін орындауға мәжбүрлеу мүмкін болмағандықтан, одан бас тартуы мүмкін" дейді Гармаш.
"Луганск, Донецк халық республикаларының тәуелсіздігін тану туралы қаулыға қол қою ең соңғы амал болады деп ойлаймын" деді ол. "Ол бұған барады деп ойламаймын".
Гармаш дума қаулысын "Батыс пен Украинаға Минск келісімі орындалмаса не болатынын көрсетуге бағытталған саяси тактика" деп сипаттады.
"Қазір құжат қысым көрсету амалы ретінде Путиннің алдында жата береді" деді ол.
Бұл материал "Настоящее время" тілшісі Ирина Ромалийскаяның мақалалары негізінде жазылды
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей-Украина тартысы. Орталық Азиядағы "дыбыссыз режимдегі" тақырып