Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табыну белгілерін жою талпынысы Татарстан астанасы Қазанға да жеткен сыңайлы. 2015 жылы жазда билік еш себебін түсіндірместен Эсперанто көшесіне Назарбаевтың есімін беріп, бұған жұрт наразылық танытқан еді. Осы мәселе биыл тағы көтеріліп жатыр. Қазақстанда Назарбаевтың суреті бар билбордтарды жұлып, оның атындағы көше тақтайшаларын қиратып, ескерткішін құлатып жатқанда, Татарстандағы жұрт көшенің бұрынғы атауын қайтару мәселесін қозғады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазанға сапары қарсаңында Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметі «Idel.Реалии» жеті жыл бұрын Эсперанто көшесінің атауын өзгертуге қарсы шыққандармен сөйлесіп көрді.
«Архитектура» Telegram-каналы жұрт көшенің қай атауын қолдайтынын сұрап сауалнама жасады. Оған қатысқандардың 80 пайыздан астамы «Эсперанто» атауын қолдаса, «Назарбаев» атауына тек төрт пайызы дауыс берді. Бірақ Татарстан билігінің өкілдері өз дегенінде қалды. Татарстан мемлекеттік кеңесінің спикері Фарид Мухаметшин көшеге бұрынғы атауын қайтару «татарларға сай қылық емес» деді.
Бұл жайлы 2015 жылғы наразылыққа қатысушылар не дейді? Олар көшенің бұрынғы атауын қайтаруға мүмкіндік бар деп ойлай ма? Билік неліктен халыққа жақпаған шешімін қайта қарағысы келмейді?
Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазанға сапары қарсаңында «Idel.Реалии» тілшісі Эсперанто көшесіне Назарбаев есімін беруге қарсы шыққан белсенділерге осы сұрақтарды қойып көрді.
Наразылыққа шыққандардың көбі сұхбат беруге келіспеді. Біразы, әсіресе, жаппай наразылыққа қатысқаны үшін қамауға алынып, әкімшілік жазаға тартылғандары қандай да бір себептермен сұхбат беруге ықылас білдірмеді.
«КӨШЕ АТЫН ӨЗГЕРТУ «ЖІГІТТЕРГЕ ЛАЙЫҚ ІС ЕМЕС»
Зуфар Гарипов, «Яблоко» партиясын жақтаушы белсенді (2015 жылы түсірілген жоғарыдағы видеода 14-секундтан бастап пікір білдіріп тұр):
«Бұл көшеде тұрмаймын, бірақ болған жағдайға ашуландым. Ол тірі адам ғой. Яғни, қандай да бір адамның есімін ол қайтыс болған соң кемінде он жылдан кейін ғана көшеге беруге болады деген ереже бұзылды. Тіпті, орталықтың өзінде Эсперантоға тиіспей, басқа көше табуға болар еді. Спартаковский болсын. Ол көше жақсы бөлініп тұр, бір бөлігінің атын ауыстыруға болар еді. Филармония маңында да Спартаковская көшесі бар.
Қандай да бір көшелерге Ильхам Шакиров пен Альфия Авзалованың есімін беру мәселесі көтерілгені есімде. Татар мәдениетіндегі осындай лайықты тұлғалардың есімін шет жақтардағы көшелерге берді. Олардың ойына бұдан жақсы нәрсе келмеді.
Татарстан Халықтар достығы үйінің алдында жиналғанда, Қазан мэрі Ильсур Метишинге «Кез келген адам қателік жасайды. Бірақ басшының даналығы қате жібермеуде емес, қатені мойындап, оны түзетуде жатыр. Сізде осындай мүмкіндік бар» дедім.
Ол жауап бермеді, бұрылды да, кетіп қалды.
«Мына билік кезінде көше аты қайта өзгермейді» деп бірден айттым. Әлгі Назарбаевты, білмеймін, Гитлерге теңесе де, олар өз қатесін мойындамайды. «Қалай кері шегінемін?! Біреу айтады, ал мен соған бас иемін бе? О не дегеніңіз?! Ешқашан олай істемеймін». Міне, осыны «жігіттерге лайық іс» көреді.
Егер оны Мәскеуде Гитлерге теңесе, біздің билік сонда ғана кері шегінетін шығар... Оны қай жерде кім деп жамандаса да, оған дейін істемейді».
«НЕГЕ ДИКТАТОРДЫҢ ЕСІМІМЕН АТАЛУЫ КЕРЕК?»
Максим Степаров, 2015 жылы Эсперанто көшесінде тұрған, көшенің атауын өзгертуге қарсы шыққан белсенділердің бірі:
«Бұл туралы әкемнен естідім ғой деймін. Келді де, жағдай осындай деді. Сосын интернетте отырды, әртүрлі чаттардан біле бастады... Неге қарсы шықтым? Себеп көп болды.
Біріншіден, Эсперанто — бала кезімнен білетін, өзім өскен, өзім тұратын көше. Атауы әдемі, қызық. Ерекше. Қалада екі жүз Ленин көшесі бар, ал Эсперанто, меніңше, бүкіл Ресей бойынша біреу ғана сияқты.
Неге қазақ диктаторының есімі берілетіні мүлдем түсініксіз болды. Нақты уәж айтқан жоқ. Әрине, саяси себебі де болды.
Неге кері шегінбеді?
Біріншіден, халыққа болары болып, бояуы сіңген соң айтты. Екіншіден, саяси себеппен керек болған деп ойлаймын... Қазақстанмен саяси, экономикалық байланыстарды нығайту үшін керек деген сияқты. Нақтырақ айтсам, Назарбаевпен. Әдеттегідей, халықтан ештеңе сұрамады. Эсперанто көшесінде тұратындардың бәрі, қайткенмен де, басым көбі қарсы болғанына қарамастан, бәрібір дегенін істеді.
Қазір Эсперанто атауын қайтаруға болатындай көрінеді, бірақ, адамдар арасында бұрынғыдай емес, ашу-ыза азайғанын сеземін. Мотивация аз шығар. Қазір бәрі үйреніп кеткен сияқты.
Бұрынғыдай табандылық болса, қайтарып алуға болар еді. Себебі ол жақта президент басқа, шиеленіс дегендей... Қазір [Татарстан мен Қазан билігінде] бұл топонимді ұстап тұруға қатты ынта да жоқ сыңайлы.
«СОВЕТ ОДАҒЫНЫҢ ДӘСТҮРІ...»
Александр Рачук, белсенді:
«Сол кезде де, қазір де адамдарға Назарбаевтың Қазанға қандай еңбегі сіңгенін, Эсперантоға не үшін оның есімін беретінін сол күйі түсіндірмеді. Эсперанто – өте сирек атау. Туристерге шақырту қағазы бола алатын ерекше объект қала картасынан жоғалып, оның орнына Назарбаев көшесі пайда болатынына реніш болғаны рас.
Бұл жерде қандай да бір саясат, жеке байланыс бары түсінікті... Туған күні немесе тағы да бірдеңе... Бірақ халыққа, соның ішінде маған да бұл түсініксіз болды, сондықтан біз Эсперанто көшесін қорғайық деп шештік.
«Фейсбукта» ұран тастадық та, Халықтар достығы үйінің алдында жиналдық. Кей адамдарды қамауға алғаны есімде қалыпты. Олар өмірінің сол кезеңін есіне түсіргісі келмейді... Бірақ жалпы көңілді болды.
Тұрғандардың бәріне қандай да бір плакат немесе агитация болса, қамауға алатынын ескертті. Плакатпен немесе жай қағазбен келгендерді де қамауға алды.
Плакатпен баруға болмайтынын білген соң, Эсперанто футболкасын жасаттым. Көше емес, эсперанто тіліне байланыстырып алдым. Өкінішке қарай, футболка сақталмапты. Қатысушыларды бірі сыйға тартуымды сұраған еді.
Содан кейін жиналыс болды. «Циферблатта» болған сияқты. Онда Эсперанто көшесі қалай пайда болғанын, эсперантистердің саптыаяқтары туралы айтты... Бұл жиналысқа көше атауы жазылған тақтайшаның фотосын түсірген белгілер дайындадым.
Белгі сол тақтайшаның пішіні мен дизайнын қайталап тұрды. Бір пакетін қатысушыларға таратқанмын. Үш жыл бұрын біреу костюмінің қайырмасында осы белгіні тағып алғанын көрдім...
Бірдеңе қайта өзгереді деп күту қиын. Жағдайға байланысты болады. Қазақстанда не болады, Назарбаевты кім деп таниды.. Білмеймін, Қазақстанда не болатынына байланысты. Назарбаевтікі дұрыс болмады деп ресми түрде мойындаса, қайта орнына қайтарар. Совет Одағында бұрынғы қайраткерлер мен басшыларды қандай да бір күнәға кінәлі деп тану дәстүрі бар. Бұл СССР үшін қалыпты нәрсе болған.
Ипподромда жұмыс істеп жүргенімде Назарбаев Шаймиевке үш ақалтеке құлын сыйлағаны есімде. Кім білсін, бәлкім көшеге соның есімін атын беру сыйлықтың бір түрі болған шығар?..»
«АҚПАРАТТЫҚ СОҒЫСТА БИЛІК ЖЕҢІЛДІ...»
Леонид Иванов, қала белсендісі:
«Наразылар тобы қалай пайда болғаны есімде жоқ... Қандай да бір жолмен әлеуметтік желіде ме, әйтеуір жиналдық.
Ең алдымен Эсперанто көшесінің тұрғындары, Қазан тұрғындары [жиналды]. Қазанның ашулы, талапшыл тұрғындары дер едім... Ешкім әй-жайға қарамады, бұл менің жаныма батты. Тіпті, біздің колхоз өлшемімен алғанда да.
[Көше] атауын түнде ауыстырды. Хабардар қылмады. Татарстан президенті Рустам Минниханов елде болмаған сияқты. Жоғарыдағылардың айтуымен, Қазан мэрі Ильсур Метшиннің араласуымен осы Эсперанто көшесін таңдаған секілді. Жаңа шағын аудандардағы кез келген көшені ала алар еді. Бірақ олар елбасыға осындай сыйлық жасауды шешті.
Эсперанто атауын өзгерту шешімін Минтимер Шаймиевтің кеңесімен қабылдағандай көрінді. Ол Назарбаевтың жақын досы, екеуі екі мемлекетті бірге құрған. Көбіне Шаймиев «мемлекеті» осы стильге еліктейді.
Талдықорғанда елбасының ескерткішін құлатқанда, Шаймиев Василий Лихачевқа ескерткіш тақтасын ашты. Сол туралы материалға адамдар «ана жақта елбасыны тақтан құлатып жатқанда, біздің елбасы ескерткіш тақта ашып жүр» деген пікір жазып жатты.
Жария азаматтық белсенділік жоқтың қасы деп ойлаймын, себебі камикадзе адамдар жоқ. Бірақ іште наразылық энергиясы жиналып жатыр. Серіппе жиырылып жатыр.
Егер билік ақылды, есті болса, ести алса, тыңдай алса, қатесін мойындап, бұрынғы атауын қайтарар еді деп ойлаймын. Бұл анық қателік, қала ортасында тұрған бензин канистрі. Бірақ біздің кедергіміз осы идеяның бенефициары және бастамашысы Минтимер Шаймиев болып отыр.
Қандай бенефициар? Ол досының көңілін көтергісі келді. Өзінің осы жақта елбасы екенін, бұрынғыдай беделді екенін көрсеткісі келді.
Мен бұл көшені бұрынғыдай Эсперанто деп атаймын. Білуімше, Қазан тұрғындарының көбі сөйтеді. Азаматтарға қарсы сол ақпараттық соғысты билік жеңіліп қалды. 2022 жылы Қазақстандағы оқиғалар толқынымен «Назарбаев көшесімен не болады?» деген сұрақтың пайда болғаны бекер емес.