13 желтоқсанда Қазанда болған сот отырысына екеуі де келді. Егіздер Ресейден уақытша баспана сұрайды.
- Егер мен Қытайға барсам, мені концлагерь не өлім күтеді, - деді Шахдияр.
Шахдиярдың “концлагерь” деп отырғаны – Шыңжаңдағы “қайта тәрбиелеу орталықтары”. 2018 жылдың күзіне дейін Қытай билігі Шыңжаңда мұндай орталықтардың барын үзілді-кесілді жоққа шығарып келген. Бірақ халықаралық ұйымдардың, құқық қорғаушылардың мәлімдемесінен кейін Пекин мұндай орталықтардың барын мойындап, оны “кәсіп меңгеріп шығатын орталықтар” деген. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының есебінде “лагерьге телефонында WhatsApp месенджері болғандар, шетелдегі жақындарымен телефон арқылы тілдескендер, шетелге шыққандар қамалатыны” жазылған.
Концлагерьлердің барын құқық қорғаушылар да, журналистер де растап отыр. Алғашқы сот инстанциясында дәлелдер ұсындық. Бірақ сот дәлелдерді қабылдамады, тыңдағысы келмеді, - деді адвокат Зухра Хамроева.
Адвокат Руслан Нагиев сотта “Қытайда мұсылмандардың қысым көріп жатқанын 22-ден астам ел сынағанын” айтты.
Ағайынды Шавкаттарға татарша аттарын айтуға тыйым салынған. Бұл – адамды алалау, - деді Нагиев.
Егіздер Бүкіләлемдік татарлар конгресінің бағдарламасымен Татарстанға 2014 жылы оқуға келген. Ол кезде Қытайда мұсылмандарға, аз ұлттарға қысым әлі басталмаған еді. Екеуі Қазан федеральдық университетіне оқуға түскен, бірақ ата-аналары оқу ақысын төлей алмай оқудын шығып қалған.
23 жастағы егіздердің сөзінше, олар шешелерімен 2018 жылы ақпанда сөйлескен. Сол кезде шешесі оларға “Қытайға келмеңдер” деген. Шахдияр мен Шахризаттың шешесі – татар, әкесі – ұйғыр.
- Қытайдағы достарымнан ата-анам туралы сұрап едім. Олар басымыз бәлеге қалады деп көп ештеңе айтпады. Тек ата-анамыздың “лагерьде” екенін айтты. Қытайға оралған соң қытай қызға үйленіп, исламнан бас тартуым керек. Сонда ғана маған тыныштық береді, - дейді Шахризат.
Сот отырысында адвокат іске дәлел ретінде Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының Шыңжаңдағы қудалау туралы есебін қосуды сұрады. Бірақ сот қабылдамады.
Бұл – саяси іс. Егер жігіттерді Қытайға жіберсе, өледі де қалады, - дейді “Мемориал” құқық қорғау орталығының өкілі Бахром Хамроев.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытайдағы қысым туралы татарлар да айта бастадыТатарстан ішкі істер министрлігінің өкілі егіздерге Ресейден баспана беруге қарсы болды. Ресей билігі Қытайда мұсылмандарға қысым жоқ деп санайды. Министрлік өкілі Лилия Ахмадуллина соттан ағайындылардың апелляциялық шағымын қанағаттандырмауды сұрады.
- Шавкат соңғы рет ата-анасымен 2018 жылы ақпанда сөйлестім дейді. Осыдан соң бір жыл өткеннен кейін уақытша баспана сұрап, қайырылды. 2019 жылдың 22 наурызында визасының уақыты біткен. Ол бір күн қалғанда уақытша баспана сұрап, арыз жазды. Біз оған уақытша баспана беруге негіз жоқ деп санаймыз, - деді Ахмадуллина.
Нәтижесінде сот Шахдиярға уақытша баспана беруден бас тартты. Татарстанның жоғарғы сотының шешімінен кейін ішкі істер департаментінің көші-қон басқармасы оны Ресейден депортациялауы мүмкін.