Telegram бұғатынан басқа сайттар да зардап шегіп жатыр

Signal, Whatsapp және Telegram эмблемасы. Көрнекі сурет.

Ресей Telegram-ды бұғаттаған соң елдегі Amazon мен Google-ге тиесілі миллиондаған IP-мекенжайдың жұмысы нашарлаған. Кей ресейліктер өздері ұнататын сайттарын аша алмай әлек.

Кремльдің ресейлік кәсіпкер Павел Дуров 2013 жылы бауыры екеуі бірлесіп ашқан хабарлама алмасуға арналған Telegram қосымшасын бұғаттау әрекеті билік ойлағаннан да күрделі болатын түрі бар. Ресейдің Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникацияны бақылау жөніндегі федералдық қызметі (қысқаша “Роскомнадзор” деп аталады) 16 миллион IP-мекенжайды бұғаттап отыр. Қолданушылар Telegram қосымшасы арқылы бір-біріне шифрланған хабарлама жіберіп жатыр. Ал хаттарды мемлекеттік органдар да, басқалар да оқи алмайды.

Telegram иесі Павел Дуров.

Салынған тыйымның шеңберінде Роскомнадзор Америкадағы екі алпауыт Google мен Amazon серверлеріндегі 2,5 миллиондай IP-мекенжайды бұғаттап тастады. Мұны белсенділер сәуірдің 17-і күні Meduza сайтына айтқан.

Сәуірдің 13-ы күні қолданушылардың мәліметінің шифрлау кілттерін Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) беруден бас тартқаны үшін Ресей соты ел аумағында Telegram қосымшасына тыйым салған. Осыдан соң Telegram өз мәліметтерін Amazon мен Google-дың cloud серверлеріне көшірді.

Сәуірдің 16-ы күні Роскомнадзор интернет провайдерлеріне Telegram-ға кіру мүмкіндігін шектеу туралы хат жіберіп, сот шешімін орындауға кірісті. Telegram өзінде бар мәліметтерді Amazon мен Google-ге көшірген соң Роскомнадзор осы екі алпауыт компанияға тиесілі IP-мекенжайларға тыйым сала бастады.

Белсенділердің Meduza сайтына берген ақпараты бойынша, бақылау мекемесі қазірдің өзінде Google Cloud серверлерінде орналасқан 1,5 миллион IP-мекенжайға шектеу қойған.

Олардың айтуынша, Amazon серверлерінде орналасқан тағы миллионға жуық мекенжай да бұғатталып қалған.

ФСБ көп жылдан бері Telegram-нан шифрлеу кілтін беруді талап етіп келеді. Ақыры қауіпсіздік қызметі интернет-компанияны көндіре алмаған соң сот бұл қосымшаға тыйым салу туралы шешім шығарды. Ресейден 2014 жылы кетіп қалған Дуров билікке қолданушылар хабарламаларын оқитын мүмкіндікті беруден бас тартты.

Бұғаттау процесі хабарлама алмасып, қоңырау шалуға арналған танымал Viber қосымшасының қызметіне де әсер етсе керек. Оның өкілдері сәуірдің 16-ы Ресейде Viber арқылы қоңырау шалу қиындағанын айтты. Компания өкілдері “Бұл Amazon серверлеріндегі байланыс мәселелерінен болса керек” деп хабарлады.

Мұндай мәселе басқалардың да басында бар сияқты. Amazon веб-қызметімен немесе Google Cloud-пен байланысы бар мекемелер веб-сайттарының ашылмай жатқанын айтты.

Ресейдегі танымал ВКонтакте әлеуметтік желісі жарияланған ақпаратқа қарағанда, Skyeng ағылшын тілін онлайн оқытатын курстың студенттері сәуірдің 16-ы күні платформаға кіріп, сабақ оқи алмаған.

Ресейдегі интернет сауда да күтпеген жерден Роскомнадзордың құрығын ілінді. Сәуірдің 16-ы күні Amazon хостингін қолданып, Интернет арқылы гүл сататын Giveme.ru сайты бұғатталып қалғаны айтылды.

Ptichka деп аталатын онлайн курьерлік қызметінің сайты сәуірдің 16-ы күні уақытша ашылмай қалған. “Осының салдарынан жүйе шамамен алты сағат тоқтап тұрды” деді курьерлік қызметтің инженері Владимир Кобзев.

2013 жылы ашылғалы бері Telegram-ға әлемде 200 миллионнан астам адам тіркелген. Әлеуметтік желі қолданушылардың көбі Роскомнадзордың бұл шешімін сынға алып жатыр. Олардың айтуынша, осынша көп IP-мекенжайды бұғаттау шешімі заңды жұмыс істеп жатқан веб-қызметтердің жұмысына кедергі келтірген.

Ал Telegram қолданушылар виртуалды жеке желілердің (VPN) көмегімен бұл қосымшаны әлі де қолданып отыр. Оларға Роскомнадзордың құрығы әлі жетпесе керек. Ресейдегі ең ірі интернет-провайдерлер Beeline, Megafon, Yota, MTS және Tele2 клиенттері сәуірдің 16-ы күні Telegram-ға VPN-нің көмегімен кіргендерін айтты.

Роскомнадзор басшысы Александр Жаров құқық қорғау органдарының “Telegram-ды бұғаттауды айналып өтетін құралдарға” қатысты шара қолданатынын ескертті.

Роскомнадзор басшысы Александр Жаров.

Адвокат Саркис Дарбинянның айтуынша, Владимир Путин алты жылдық президенттік мерзіміне жаңа кірісіп, “бөтен пікірге” қысымды күшейтпек болып жатқанда VPN Ресейдегі интернет бостандығының кілтіне айналуы мүмкін.

“VPN қорғаныс құралы тек гиктер (жаңа технологияның фанаттары-ред) үшін ғана емес, интернетке кіріп, өзін еркін сезінгісі келетін кез келген адам үшін өмірлік маңызды нәрсеге айналып келеді” деді Дарбинян Азат Еуропа/ Азаттық радиосының “Настоящее время” телеарнасына берген сұхбатында.

Ал сәуірдің 17-і күні Павел Дуров "Роскомнадзордың әрекетіне қарамастан, бұғаттаудың бірінші күні Ресейдегі Telegram қолданушыларының саны азайған жоқ" деп мәлімдеді.

Роскомнадзор 2018 жылдың соңына дейін Facebook-ті тексеріп, егер компания Ресей билігінің тлабын орындамаса, онда оны ел аумағында бұғаттауы мүмкін. Бұл туралы сәуірдің 18-і күні Роскомнадзор басшысы Александр Жаров "Известия" басылымына берген сұхбатында айтты.

"Настоящее время" телехабарының репортажы негізінде әзірленді. Ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей.