Украинадағы соғыста Ресейдің 650-ден астам танкі, 3 мыңға жуық беренді техникасы мен қуатты қаруы жойылғаны хабарланды. Сарапшылар бұған Батыс елдерінің Украинаға берген қару-жарағы, Ресейдің стратегиялық қателіктері мен әскерінің рухының түсуі әсер етті дейді.
Украина Ресейдің 1200-ге жуық танкін жойғанын мәлімдеді. Соғыс жағдайында мұны ашық дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес. Бірақ Oryx әскери-сараптама блогы спутниктен түсірілген суреттерді саралап, 2022 жылғы 13 мамырға дейін Ресейдің 664 танкі мен 3 мыңға жуық беренді және ауыр техникасы қирағанын анықтаған.
РЕСЕЙ ӘСКЕРІ ТАСТАП КЕТКЕН СОҒЫС ТЕХНИКАСЫ
Украинада Ресейдің 664 танкі қираған. Оның 283-ін Ресей әскері тастап кеткен немесе Украина күштері қолға түсірген. Әскери сарапшылар бұл соғыс операциясы жайлы көп нәрсе байқатады дейді: барлау нашар болғандықтан, Ресей командирлері шабуыл операцияларын дұрыс жоспарлай алмаған, ал жеке құрамның шамамен 80 пайызы әскери техниканы кәсіби деңгейде меңгермеген, мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардан тұрады.
Басқыншы күштер өздерін украиндар құшақ жая қарсы алады деп ойлады, бірақ іс жүзінде олай болмағаны мәлім. Ал соғыстың алғашқы күндері мен апталарында шығынның көп болуы Ресей әскерінің моральдық рухын түсірді. Олардың көбі қару-жарағын тастап, позицияларынан бассауғалап қашты.
Ресей күштері өте көп әскери техникасын тастап кеткені сонша, Украина билігі оларды иемденген адамдар ондай техниканы салық төлеу мақсатында декларациялауға міндетті емес деп мәлімдеді.
Your browser doesn’t support HTML5
Әлеуметтік желілерде Украина тракторларының Ресей танктері мен басқа да беренді техникаларын сүйреп бара жатқаны түскен әуесқой видеолар жиі жарияланады. Әдетте мұндай әскери техниканың көбін Ресей күштері тастап кеткен немесе жанармайы таусылған болып шығады. Көбіне оларды Ресейге қарсы соғысып жатқан Украина қарулы күштеріне тапсырады.
ҚИРАҒАН ӘСКЕРИ ТЕХНИКА
Соғыста қираған әскери техникаға келсек, Украинадағы қарулы шайқас Ресей әскери техникасының елеулі кемшіліктерін, материалдарының ескіргенін немесе сапасыз екенін көрсетті.
Қираған танк корпусынан бірнеше метр жерде темір-терсек үйіндісіне айналған танктің үстіңгі бөлігі техниканың құрылымындағы проблемаларды айқын аңғартты.
Ресей танкілерінің көбі, соның ішінде Ресейдің Украинаға басқыншылығы кезінде кең қолданылған Т-72 танкі снаряд оқтаудың автоматты жүйесімен жабдықталған. Ал снарядтар танкінің үстіңгі бөлігінің ішіндегі дөңгелек шығыршықта орналасады да, танкистердің астында көп оқ-дәрі сақталады. Жау оғы танкінің осал тұсына, мысалы, танкінің берені жұқа жоғарғы бөлігіне тиген кезде оқ-дәрі шығыршығы жарылып, тізбекті реакция басталуы мүмкін. Осылайша экипажды күл-талқан етіп, танктің басын тұғырынан бөліп тастайды.
ТИІМСІЗ СТРАТЕГИЯ
Ресей армиясы батальонды тактика тобы деп аталатын автономды әскери бөлімдер арқылы әрекет етеді. Оған танкілер, жаяу әскер мен артиллерия кіреді.
Бұл бөлімдердің міндеті көбіне жылдам шабуылдау болғандықтан, оның құрамында беренді көлік көп болады. Бірақ беренді техника колоннасы шабуылға ұшыраса, жаяу әскер қорғана алмай қалады.
Ресей бөлімдері орасан зиян келтіре алады. Бірақ Украина әскері тиімді тактикасы мен Батыс берген соғыс техникасының арқасында Ресей күштеріне қарсы аса пәрменді соққы жасады.
УКРАИНАҒА БАТЫС ЕЛДЕРІ БЕРГЕН ТАНКІГЕ ҚАРСЫ ҚАРУ
Ресей танкілерінің көбі зымыранға қарсы динамикалық қорғаныс жүйесімен, яғни, реактивті берен қабатымен жабдықталған. Алайда америкалық Javelin қаруында екі оқтұмсық болады. Оның бірі танкінің реактивті берен қабатын бұзса, екіншісі оның астындағы корпусты тесіп өте алады.
АҚШ танкіге қарсы Javelin қаруын 1996 жылы жасап шығарған. Содан бері оны үнемі жетілдіріп отырады.
Ұзындығы: 1.2 м
Салмағы: 22.3 кг
Жойғыш бөлігінің салмағы: 8.4 кг
Бұл қару құрылымында автоматты инфрақызыл көздеу жүйесі қолданылады. Ол қаруды ұстаған адамға оқ атқан соң дереу жасырынуға мүмкіндік береді.
Javelin қаруының жойғыш бөлігі қазіргі заманғы танкіге жоғарыдан соққы жасай алады. Әдетте танкінің бұл бөліктерінің қорғанышы әлсіз болады.
Your browser doesn’t support HTML5
Қарудың басқа түрлерін де Ресей әскери техникасына қарсы аса тиімді пайдалануға болатыны осы соғыс кезінде анық байқалды. Түркия шығаратын Bayraktar TB2 ұшағы 50 шақырымға дейінгі қашықтағы нысананы дәл тауып, анықтай алады.
Украинаға отыздан астам мемлекет қаржылай және әскери көмек көрсетті. Олар танкіге қарсы қару-жарақ, зенит жүйелерін, оқ-дәрі, қорғаныс техникасын жіберумен шектелді. НАТО ауыр қару-жарақ беру Ресеймен ашық текетіреске әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.
Украинаға шабуыл жасамай тұрып Ресей армиясының айдарынан жел есетін. Бұған Ресейдің Сириядағы соғысқа қатысқаны да әсер етті. Бірақ Украина әскері Ресей күштерінен бес есе аз болғанына қарамастан, олардың бұл беделін ақтарылған айрандай қылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
АҚШ-тың "найзасы". Ресей танкілерін "жойып жатқан" Javelin қандай қару?Батыс берген қару-жарақ Украинаға көмектесе ала ма? Сарапшымен сұхбатУкраина күштері Ресей танкілерін дроннан тасталған ескі совет снарядымен жоядыҚара теңізде Ресейдің "Москва" крейсері суға батты. Оған не болды?Ресей "Қанжарын" алып шықты. Мәскеу соғыста гипердыбыстық ракетасын қолданды. Бұл қандай қару?Қазақстанда қандай әскери дрондар бар? Ол дрондардың күші қандай?