Биыл көктемде "Новая газета" Шешенстанда ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер) өкілдері деп болжанатын адамдарды полиция жаппай ұстап жатқанын хабарлаған еді. Ол кезде республика басшылары аймақта гейлер жоқ, ал егер "ондай жандар болса, оларды туыстарының өздері-ақ барсакелмеске жіберер еді" деп мәлімдеген. Тергеу органдары құқық қорғаушылардың мәлімдемелеріне " тексеру жүргізу үшін Шешенстанда зардап шеккен гомосексуалдардан арызтүсуі тиіс" деп хабарлаған. Қазанның 16-сы алғашқы арызданушы Максим Лапунов екені белгілі болды. Наурызда оны Грозный қаласында ұстап әкетіп, азаптаған. Қыркүйекте ол тергеу комитетіне арыз жолдаған. Бірақ құқық қорғаушылардың айтуынша, әлгі арыз бойынша әлі күнге дейін тексеру жүргізілмеген.
Максим Лапунов Шешенстанға 2015 жылы Омбыдан барған. Ол ойын-сауық шараларын жүргізуші болып жұмыс істеген, ал Грозныйда оның қызметіне тапсырыс берушілер әрдайым көп болған. Ол екі жыл бойы Шешенстанда жақсы өмір сүрген, бірақ 2017 жылы наурызда оны Грозныйдың қақ ортасынан ұрлап әкетіп, екі аптадай жертөледе қамап ұстаған.
"Новая газета" редакциясы ұйымдастырған баспасөз жиынында Максим Лапунов "Түнгі сағат 11-де танымайтын екі ер адам жаныма келді, үстерінеазаматтық киім киген. Қолтығымнан шап беріп ұстады да, көлік жаққа сүйрей жөнелді. Айнала қаптаған адам болатын, тіпті біреулер мені құтқаруға ұмтылды, өйткені мен айқайлап, көмекке шақырдым. Бірақ мені көлікке әп-сәтте тыға салды... Сосын мені полиция бөлімшесіне апарды, солай ғой деп шамаладым. Бұл түн ортасы болатын, әлгі жерге үлкен "бастықты" ертіп келді... Мені гейсің деп айыптай бастады. Талайға дейін күш қолданбай Грозныйда тұратын әлдебір әйгілі адамдардың гомосексуализммен байланысы туралы сұраумен болды. Мен бәрін жоққа шығардым. Кейін күштеп жауап алыңдар деген жарлық берілді. Мені өзге бөлмеге апарып, "токпен азаптаймыз, өлімші етіп соғамыз" деп қорқытып, тағы бір адамның аты-жөнін атауға мәжбүрледі. Сосын екеумізді әлгі бөлімшеге, бірақ жертөлесіне бірге алып барды... Мені камераға кіргізді. Ені екі метр, ұзындығы екі метр камера екен, төрттен бір бөлігі әлі қата қоймаған қанға боялған. Сосын мені ұрып-соқты. Ұрып жатқанда камераға біреулер кіріп "гейсің, сен сияқтыларды өлтіру керек" деп айқайлады" деп баяндады.
12 күнге созылған қорлаудан кейін Максимді бостандыққа шығарған, бірақ мұның алдында әлдебір құжаттарға қол қойдырып, қолының таңбасын қаруға мәжбүрлеп бастырған. Максимнің сөзінше, жертөледе отырған кезде ол жерге тағы 30 шақты адамды апарған. Жас жігіттің айтуынша, олар да көбінесе гомосексуализммен байланысты деген күдікке ілінгендер болған. Бірақ шешендерді Максимнен де аяусыз ұрып-соққан, оларды тіпті электр тогымен азаптаған.
Тамызда азаптауға қарсы комитет заңгерлерінің көмегімен Максим Лапунов Ресейдегі адам құқығы жөніндегі уәкіл Татьяна Москальковаға жүгінген. Ол арызын Ессентуки қаласында орналасқан Солтүстік Кавказ округының бас тергеу басқармасына жолдаған. Азаптауға қарсы комитет заңгері Владимир Смирновтың сөзінше, тергеушілер Максим Лапуновтың бірде-бір өтінішін қанағаттандырмаған, ең бастысы - оған қорғауды ұсынбаған әрі жас жігітті заңсыз ұстаған деп болжанатын полиция бөлімін тексермеген. Бар болғаны сот-медициналық сараптамаөткізген, бірақ соққыға жығылғанына бірнеше ай өтіп кеткендіктен, оның денесінен зорлық-зомбылық іздері табылмаған. Бұған қоса, Максимді полиграфтың көмегімен тергеген.
Владимир Смирнов "тексеру тиімсіз жүргізілген" деп мәлімдейді. Ал азаптауға қарсы комитет төрағасы Игорь Каляпин "Тексеру жүргізілмеген" деп қатал мәлімдеді. Сондықтан құқық қорғаушылар тергеу органдарын Шешенстандағы гейлерді қудалау фактілерін дұрыстап тексеруге БАҚ назары итермелейтін шығар деген үмітпен Максим Лапуновтың жағдайын жариялауды ұйғарған.
"Ресейлік ЛГБТ-желі" ("Российская ЛГБТ-сеть") жетекшісі Игорь Кочетковтың сөзінше ұйым сәуірден бері Шешенстаннан 79 адамды эвакуациялаған. Оның 27-сі республикада азаптауға ұшыраған. Тағы 42 адам – ЛГБТ өкілдерінің құқық қорғау органы қызметкерлері қоқан-лоқы жасаған туыстары мен таныстары. Кочетковтың дерегінше, гей деген күдікке іліккен 15 адам туыстарына қайтарып берген соң жоғалып кеткен.
"Адамшылыққа қарсы қылмыс белгілері анық байқалып тұр. Нацистік Германия заманынан бері Еуропа континенті территориясында адамдарды жыныстық бағдары үшін бостандықтан айырып, азаптап көрген емес. Бұл -Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі заманда болып көрмеген қылмыс. Себептері де адам айтқысыз... Орынды себептер іздеудің қажеті жоқ, Шешенстанның басшылары, мысалы Рамзан Қадыровтың сөздеріне сенсеңіздер болды. Жуырда ол "негізі, Шешенстанда гейлер жоқ, бірақ тапсаңыздар, Канадаға алып кетіңіздер, қан тазарсын" деген болатын. Мына кампанияның мақсаты да сол – қан тазарту" дейді Игорь Кочетков.
ЛГБТ-желі өкілдерінің дерегінше, Шешенстан республикасында гейлерді қудалау жалғасып келеді. Азаттықтың Орыс қызметінің "Шешенстанда гомофобиялық жойқын науқан неліктен дәл 2017 жылғы көктемде басталды?" деген сұрағына жауабында Игорь Кочетков бұдан қисын іздемеуге шақырады.
"Бұдан қандай да бір қисынға келетін саяси себеп іздеп керегі жоқ. Ақпанның 21-і күні Зелим Устарханов ұсталған, ал біздің білуімізше ол қазір өліп қалған. Оның телефонынан өзге гейлер жайлы ақпарат тапқан, әлгі ақпарат әлдебір жолмен республика басшылығына жеткен. Ал басшылық Шешенстанда гейлер бар екеніне әрі олардың көп екеніне қайран қалған сияқты".
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Ресейдегі бағдарламалық директоры Татьяна Локшина Шешенстанда тұратын гейлерді қудалау - республикада талай жылдан бері болып жатқан оқиғалардың заңды жалғасы деп санайды.
"Шешенстан полициясы жылдар бойы «жиһадшыларға» бүйрегі бұратындарды, салафит мұсылмандарды, есірткі қолданады деп болжанған жандарды, балгерлерді, Шешенстан билігінің саясатын сәл де болса сынағаны үшін ұнамсыз топ өкілдерін бейресми түрде ұстап әкетіп, заңсыз қамау орындарында азаптап келеді. Биыл көктемде Шешенстанда гейлерге дәл солай істеген" деп мәлімдейді ол.
Азаптауға қарсы комитет төрағасы Игорь Каляпин Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында тергеу органдарының Максим Лапуновтың ісін тексеруден неліктен бас тартқанын түсінбейтінін айтты.
"Мына жағдай бойынша тиісті тергеу амалдары неліктен жүргізілмегенін, қылмыстық іс неге қозғалмағанын, жедел тексеру шаралары неге жүргізілмегенін шынымен түсінбеймін. Меніңше, мұнымен айналысулары тиіс болған. Менің білуімше, нақты Максим Лапуновпен ешбір жоғары лауазымды тұлға жұмыс істемеген. Егер қазір ол жақта біреулерді қылмыстық жауапқа тартып, қызметтік өкілеттігін асырғаны үшін үш-төрт жылға түрмеге жіберсе, бұдан Ресей билігінің де, тергеу комитетінің де беделі артар еді. Ал Шешенстан билігі қоғам гомофоб болуы мүмкін, бірақ билік мұндай сұмдық оқиғаларды қоздырмауы тиіс деген сабақ алар еді. Сонымен бәрі тоқтар еді... Ал биліктің мұндай реакциясы – барып тұрған салғырттық, жасырып қалушылық, арандатушылық".
Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Светлана Павлованың мақаласы орыс тілінен аударылды.