Қазақстан – АҚШ-тың бала асырау тізімінде жетінші ел

Дондағы Ростов қаласындағы жетімдер балалар үйінде тамақ ішіп отыр. Ресей, 19 желтоқсан 2012 жыл.

Foreign Policy Мәскеу қабылдаған «Дима Яковлев заңына» байланысты қаңтардың 14-і күні жариялаған мақаласында «Ресей үкіметі жетімдердің бақытын байлап отыр» деген ой түйген.
Мақала авторы Франк Якобс америкалық ата-аналардың Ресейден игі ниетпен бала асырап алғысы келетін әрекетіне Владимир Путиннің заң арқылы тоқтау салғанын жақсылыққа баламаған. Оның ойынша, Ресей президентінің бұл абсурд шешімі Ресейдегі мыңдаған балалардың тағдырына кері әсер етуі мүмкін.

«ТҮСІНІКСІЗ КРЕМЛЬ»

«Халықаралық қауымдастық Ресейдің бұл түсініксіз әрекетін болашақта қайта қарайтыны даусыз» деп жазады Foreign Policy («Форин Полиси») .

Француз актері Жерар Депардье (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Ресей, Сочи, 5 қаңтар 2013 жыл.


Мақала авторы Кремль ұстанатын саясаттың кейбір түсініксіз, тіпті күлкілі тұстарына тоқталған.

«Әдетте Мәскеу өз мүддесімен келіспеген көршілеріне әртүрлі экономикалық қысымдар көрсетіп, оларды ядролық қарумен қорқытқанды жақсы көреді» дейді басылым.

2009 жылы мультфильм кейіпкері Винни Пухты тыйым салынған экстремистік материалдардың тізіміне енгізген Ресейдің президенті Путин қаңтар айының басында өз елінде салық төлеуден бас тартқан француз актері Жерар Депардьеге Ресейдің азаматтығын ұсынды.

Мақала авторы француз актеріне көмек көрсетуге сонша ынтық болған бұл ел өз жетімдерінің тағдырына салғырт қарағанына таңданады.

«АҚШ-ТА – 19 БАЛА, РЕСЕЙДЕ – 1200 БАЛА ҚАЙТЫС БОЛҒАН»

Мақала авторының пайымдауынша, Ресейде қаңтардың 1-і күні күшіне енген, шетелге бала беруге тыйым салған, АҚШ-та қаза болған баланың атымен атаған «Дима Яковлев заңы» бір қарағанда жетімдерді қорғау үшін жасалған жоба сияқты көрінеді.

Америкалық ата-ана Ресейден асырап алған Дима Яковлев есімді сәбилерін 2008 жылы күн ыстықта көлікке қамап кетіп, бала содан көз жұмған. АҚШ-та Чейз Харрисон деген атпен өмір сүріп жатқан бұл сәби – соңғы 10 жылда асырап алған америкалық ата-аналарының дұрыс қарамауынан қаза болған ресейлік 19 баланың бірі.

Ресей думасының ғимараты алдында "Дима Яковлев заңына" қарсы акция өткізіп тұрған белсенді. Ресей, Мәскеу, 19 желтоқсан 2012 жыл.


Франк Якобстың жазуынша, осы мерзім ішінде америкалықтар Ресейден жалпы саны 60 мың бала асырап алған. Бірақ дәл осы мерзім ішінде ресейлік ата-аналар асырап алған соң қаза тапқан жетім балалардың саны 1200-ден асады. Сондықтан мақала авторы «Ресей жаңа заңды жетім балалар құқығын қорғау үшін қабылдады» дегенге сенбейді. Оның ойынша, Кремль «Дима Яковлев заңын» АҚШ президенті Барак Обама былтыр желтоқсан айында мақұлдаған «Магнитский заңына» қарымта ретінде қабылдаған. Ресейлік адвокат Сергей Магнитский мемлекеттің талан-таражға түскен 230 миллион доллар қаржысын тексеру кезінде Мәскеу түрмесіне қамалып, сол жерде қаза тапқан. АҚШ үкіметі осыған орай «Магнитский өліміне қатысы болуы мүмкін» деген бірнеше ресейлік басшылардың АҚШ-қа кіруіне заң жүзінде тыйым салды.

РЕСЕЙДЕ 740 МЫҢ ЖЕТІМ БАЛА БАР

Ресей болашақта да АҚШ-қа бала беруден бас тартатын болса, оның орнын басқа елдер басатыны сөзсіз.

Әдетте елдің экономикасы әлсірегенде сол мемлекет үкіметі жетім балаларын шетелдіктерге асырап алуға беруге тырысады. Соғыстан соң жағдайы түзелген Германия сияқты бай елдер өз жетімдерін өздері асырап алуға көшкен.

«Алайда ресейліктер шетелге бала беруге экономикалық ахуалының жақсарғандығынан тоқтау салып отырған жоқ. Олар бұл қадамға негізінен ұлттық тұрғыдан қарсы келеді» дейді мақала авторы. Ресей билігі жетім балаларын шетелдіктерге, әсіресе америкалықтарға беруге намыстанады. Қазір Ресей бір балаға зар боп отырған ата-аналарға бала беріп, жетімдерді бақытты етудің орнына олардың тағдырын тұйыққа тіреп отыр дейді автор.

Басылымның жазуынша, екі ел қатар қабылдаған жаңа заңның зардабын енді Ресейдегі жетім балалар тартпақ. Foreign Policy-дің дерегінше Ресейде 740 мың жетім бала мемлекет қарауында өсіп жатыр. Қазір бала асырап алуға өтініш берген ресейлік ата-аналардың саны 18 мыңнан аспайды. «Дима Яковлев заңы» қабылданғанға дейін жыл сайын ресейлік 3 мың жетім бала АҚШ-тан пана тауып отырған.

АҚШ мемлекет департаментінің дерегі бойынша, америкалықтар 1999–2011 жылдар аралығында шетелдерден 233 мың 934 бала асырап алған. Оның 6 мың 421-і - бұл тізімде 7-орында тұрған Қазақстаннан барған балалар.

1999-2011 жылдары АҚШ-қа асырап алуға бала берген 20 ел
(ел аты және бала саны):
http://infogr.am/children-70843285