Мәскеу көршілерінің ЕО-мен жақындасуына қалай қарайтынын ешқашан жасырған емес. Сондықтан болар, Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Грегорий Карасин «Украинаның көретіні әлі алда» дегенде ешкім таңдана қойған жоқ. Бұл – маусымның 27-сі күні Киев Брюссельмен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі аса маңызды келісім-шартқа қол қойғанда айтылған сөз. Дәл осы күні Грузия мен Молдова да ЕО-мен қаржылық әрі саяси байланыстарды нығайтатын шарттарға қол қойды.
Кремль бұрынғы советтік мемлекеттерге жүргізген ықпалының әлсірегенін ауыр қабылдайтыны сөзсіз. Ресей Украина мен Грузияның НАТО-ға кірмеуіне ұзақ уақыт бойы әрекет жасап келеді. Ал Украинаның ЕО-мен қауымдастық жөніндегі шартқа қол қоюына бірер күн ғана қалғанда - 2013 жылдың қарашасында сол кездегі президент Януковичке қысым жасағаны – бөлек әңгіме.
Мәскеудің санкциялармен үркітетін әдісі баршаға белгілі. Мысалы, Ресей бұрындары Грузияның минералды суын, Молдованың шарабын, тіпті Украинаның кәмпиттерін де (өндірушісі – қазіргі украин президенті Петр Порошенко) импорттауға тыйым салған.
Енді ЕО-мен тарихи маңызы бар шартқа қол қойылған кезде көпшілік «Мәскеу бұрынғыдан да сорақы жаза қолданады» деп болжап отыр.
МОЛДОВА
Еуропаның ең кедей мемлекеті Молдоваға кез келген экономикалық шара қатты әсер етеді. Шілденің 2-сі күні Кишинев ЕО-мен жасалған келісім-шартты ратификациялаған. Дәл осы күні Мәскеу Молдовадан импортталатын ет мөлшерін азайтатынын жариялады.
Ресей «тыйым санитарлық себептермен салынғанын» айтады. Енді Молдова өңделген ет өнімдерін, шошқа, жылқы және қой етін Ресейге экспорттай алмайды. Ресей Молдованың ЕО мен Украинадан кейінгі
үшінші ірі экспорттық рыногы болатын. ЕО-ның сауда жөніндегі өкілі Джон Клэнси Брюссельдің бұған «өкініш білдіретінін» айтты.
Ет санкциясынан бөлек Ресей Молдованың тағы бір осал тұсына соққы жасауға тырысып отыр. Бұл – Молдованың сепаратистік көңіл-күйдегі Приднестровье аймағы. Ресейшіл өлкеде Ресейдің советтік замандағы 14- армиясы орналасқан. Бұнда айтарлықтай қару-жарақ қоры бар.
Шілденің 3-і күні Приднестровье мен Ресей экономика, сауда, транспорт, ауыл шаруашылығы және ғылым саласындағы бірқатар келісімге қол қойды. Осы құжат Мәскеудің Приднестровьеде бұрынғыдан бетер орнығуына жол ашып отыр. Ал бұл аймақ Украинаның оңтүстігімен шекаралас. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров «бұл келісім аймақтық және экономикалық жағдай күрделене түскендіктен қажет болып отыр» дейді.
Ал Кишинев шілденің 4-і күні ресейлік жаңалықтар арнасының («Россия-24») лицензиясын тартып алды. Бұған қоса ресейлік бағдарламаларды тарататын төрт молдовалық арнаға санкциялар салынған.
Молдованың телевизия мен радио саласындағы кеңесі бұған «жаңалықтар таратуда пікір плюрализмінің болмауы себеп болғанын» түсіндірді. Ал Мәскеудегі журналистер одағының жетекшісі Павел Гусев «бұл – қастық әрекет және Молдованың орыс тілді азаматтарын шеттету» деп бағалады.
УКРАИНА
Киевтен қол үзген Мәскеу өкініп қалды. Кремль Кеден Одағына Украинаны мүше етуге тырысып-ақ баққан. Қазір құрамына Ресей, Беларусь және Қазақстан кіретін ұйымды ЕО-ға қарсы пост-советтік ұйым ретінде алға тартпақ болған.
Мәскеу өткен жылдың қарашасында Януковичтің ЕО-мен шарт жасауына бөгет болған. Ақыры Януковичті батысшыл Еуромайдан қозғалысы биліктен кетіріп тынды. Ресейдің бұдан кейін Қырымды аннексиялауы мен Украина шығысындағы қанды қақтығыстарды қолдауы – бітімге келмейтінінің белгісі.
Ресей шенеуніктері «ЕО мен Украина мәмілесі күшіне енісімен Киевпен жасалған еркін сауда аймағы жөніндегі келісім-шартты бұзатындарын»
хабарлаған. Мәскеу бұған қоса Минск пен Астана да маған ереді дегенді тұспалдап айтқан.
«Болған жайттардың ешбіріне қарамастан, Ресей украиналық тауарлар импортына кедендік салық салған жоқ. Қазір біз еркін сауда жөніндегі келісім күшін уақытша тоқтату немесе толығымен жою мәселесін қарастырып жатырмыз» деді шілденің 4-і күні Ресейдің федералдық кеден қызметі басшысының орынбасары Татьяна Голендеева.
Дәл осы күні Ресей Украинада өндірілетін бірқатар сүт өнімдеріне «зиян микробтары», қауіпсіздікке қатысты басқа да ресми себептер бар деп тыйым салды. Бұл тыйым киевтік «Милкиланд Украина» деп аталатын компанияның зауыттарында өндірілетін сүт, ірімшік және май өнімдеріне қатысты.
Алайда Украинаның Ресейге төлейтін ең қымбат бағасы әлі алда. Ол – табиғи газ мәселесі. Екі ел газ жөніндегі келіссөздердің нәтижесін жаз соңына қарай шығаруы тиіс. Ал әзірге қарым-қатынастары тым салқын. «Газпром» «украиналық «Нафтогаз» 2013 жылғы берешегі – 2 миллиард долларды келіссөздер басталмай тұрып төлесін» дейді. Украинаның премьер-министрі Арсений Яценюк газ бағасы 485 доллардан 268,5 долларға түспесе келіспейтіндерін айтады. Ал «Газпром» басшысы Алексей Миллер Яценюктің сөзін «ультиматумға саятын, ақылға қонымсыз, жөн-жосықсыз талап» деген.
Ресей газын Украина арқылы алатын ЕО жаз соңына дейін келісімге келуді қалайды. Ресей, Украина мен ЕО келіссөздерді шілденің 7-сі күні қайта бастауы керек.
ГРУЗИЯ
Ресей мен Грузияның қарым-қатынасы 2008 жылы Грузияның сепаратистік аймақтары – Абхазия мен Оңтүстік Осетия үшін болған бес күндік соғыстан бері тым салқындап кеткен. Одан бері екі аймақ та Ресейдің қолдауымен өзін-өзі тәуелсіз деп жариялаған. Алайда біраз уақыттан бері Тблиси мен Мәскеудің арасы оңала бастағанға ұқсайды. Екі ел үкіметтері өзара тікелей байланыстар орнатып, Грузияның суы мен басқа да экспорттық тауарларына салынған тыйымды жоюға келіскен.
Маусымның 27-сі күні келісімге қол қоймас бұрын грузиялық саясаткерлер оптимистік пікірлер білдіріп, «Ресей осы
келісім үшін тым артық кетпес» деген. Қол қоюға небары бірнеше күн қалғанда НАТО Тблисиге мүше болуға ресми ұсыныс жасамайтынын жариялады. Дипломаттардың айтуынша, Украина мәселесі Мәскеудің «шамына тиіп», жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін.
Грузиядағы билік ЕО-мен жақындасу Ресей мен басқа да ТМД елдерінен алшақтау емес екенін байқатты. Ол еркін сауда жөніндегі келісім-шарттардың сақталып қалғанын қалайтынын айтқан. Екі ел бұл мәселені шілденің 7-сінде Прагадағы кездесуде талқылауға келіскен.
Ресей сыртқы істер министрі Грузияға «ЕО-мен келісімге қол қоюдың өз әсері болатынын мейлінше ерте түсінген дұрыс» екенін ескертті. Ресейдің Грузияға қысым жасауға болатын бірнеше амалы бар. Біріншісі – қазір жоғары деңгейдегі грузин экспортына қайта эмгарбо жариялау, екіншісі – Грузияның Ресей мұнайына тәуелділігі, үшіншісі – Оңтүстік Осетияны Қырымды аннексиялағандай қосып алу.
(Азаттық тілшісі Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан).