Түркіменнің газына Кремльдің бөгеті

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов газ құбырының ашылу салтанатында тұр. Шатлық, 31 мамыр 2010 жыл.

«Каспий – бейбітшілік пен достық теңізі» деген сөзді теңіз жағасындағы Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан басшыларының қайталап келе жатқанына 20 жылдың жүзі болды.

Енді бұл сөздерінің қаншалық шынайы екені сыналатын уақыт та таяғанға ұқсайды. Еуропа комиссиясының энергетика мәселелері жөніндегі вице-президенті Марош Шефчович 20 жылдан бері талқынып келе жатқан «Транскаспий» газ құбырын салу идеясын талқылау үшін жақында Түркіменстанға келіп кетті.

Ұзындығы 300 шақырым болатын бұл құбыр әлемде газ қоры жөнінен 4-орын алатын Түркіменстанды Әзербайжанмен жалғауы тиіс. Ал Әзербайжан Каспийдің Түркияға, одан әрі Еуропаға шығар қақпасы іспетті.

Ашхабадта Түркіменстан мен Әзербайжанның ресми өкілдерімен кездескен Марош Шефчович «ортақ ұйғарымға келгендерін» және «түркімен газы 2019 жылы Еуропаға жетеді деп үміттенетінін» айтты.

Бұл жақсы жаңалық болғанымен, соңғы 20 жылда аралары ушықпай келген Каспий маңы елдерін араздастыратын мәселеге айналатын түрі бар.

ЕО РЕСЕЙДІ ЫСЫРМАҚ

Еуропа одағы (ЕО) Ресейден алатын газ көлемін мейлінше азайтуға мүдделі. Қазір Ресей Еуропаға жылына 140-150 миллиард текше метр газ жіберіп отыр. Бұл – ЕО-ның газ импортының 30 пайызы. Ресей Қырым түбегін аннексиялап алғалы және Мәскеуді Батыс «Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдайды» деп айыпталғалы Еуропа Ресейден алатын газ көлемін азайтуға бұрынғыдан да қаттырақ ұмтыла бастады.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның TANAP құбыры құрылысын бастауға келіскен сәті. Анкара, 13 қараша 2013 жыл.

Каспий маңындағы Түркіменстан мен Әзербайжаннан Түркия арқылы құбыр тартуды көздейтін «Оңтүстік дәліз» жобасы – Ресей газының ЕО импортындағы үлесін біртіндеп азайту жоспарының бір бөлігі. Сыйымдылығы 60 миллиард текше метр болатын «Трансанатолий» құбырының (TANAP) құрылысы Түркияда биыл наурыз айында басталды.

TANAP салынып бітіп, газ жіберілген күннен бастап Ресейдің мемлекеттік «Газпром» компаниясы ЕО газ нарығындағы үлесінің үштен бір бөлігінен айырылғалы тұр (бұл газдың 6-10 миллиард текше метрін Түркия сатып алмақ). Ал «Газпромның» табысы Кремльдің жалпы кірісінің 25 пайызына таяйды. Оның үстіне, сәуір айында ЕО «Бизнес тәртібін бұзғаны үшін» «Газпромның» үстінен іс қозғаған.

Әзербайжан мен Түркіменстан газын өз жері арқылы өткізгені үшін Грузия да табысқа кенелгелі тұр. Ал бұл Мәскеудің қолайына жаға қоймасы анық.

РЕСЕЙДІҢ СЕСІ

Ресей «Транскаспий» газ құбырының аты шыққалы салынуына қарсылық білдіріп келеді. Оның үнемі айтып келе жатқан уәжі – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі әлі айқындалмаған. Жағалауда жатқан бес елдің өкілдері қанша рет саммит шақырып, түрлі деңгейдегі келіссөздер өткізгеніне қарамастан, Каспийді теңіз я көл деп атау мәселесі бойынша мәміле жасалмай келеді. Егер Каспийді бес ел «теңіз» деп мойындаса, онда әр мемлекет өз секторын өз ықтиярымен пайдалануға мүмкіндік алады. Ал егер Каспий «көл» болып шықса, онда бес ел табыстан түскен пайданы тең бөлісуге тиіс.

Сонымен қатар Ресей Каспий теңізі табанынан өтетін құбыр жобасы мұндағы экологияға зиян келтіруі мүмкін деп алаңдайды.

Әзербайжан, Түркіменстан және ЕО Мәскеуге қарсы уәждерін тынбай қайталаумен келеді. Олардың айтуынша, Баку мен Ашхабадтың құбыр жобасы теңіздің өздеріне тиесілі бөліктерінде жатыр, сондықтан, жағалаудағы басқа елдердің рұқсатын алу міндетті емес. Оның үстіне, Каспийдің статусы әлі күнге анықталмағанына қарамастан, әр мемлекет өз ұлттық секторындағы мұнай және газ кеніштерін игеріп отыр.

Ресейдің Қара теңіз түбінен салған құбырының сызбасы.

Мамандар «техникалық тұрғыдан алғанда «Транскаспий» құбырын салу – аса қиын жоба емес. Оны салу – Қара теңіздің түбінде Ресей салған «Көк ағыс» құбырын төсеуден әлдеқайда оңай» дейді. Осы құбыр арқылы Түркияға газ жеткізіп отырған Ресей енді экспорт көлемін арттыру үшін «Түрік ағысы» деген жаңа жобаны бастауды жоспарлап отыр. Балтық теңізінің табанында жатқан «Солтүстік ағыс» жобасының екі бірдей құбыры Ресей газын Солтүстік Еуропаға, соның ішінде Германияға жеткізеді.

Әзербайжан, Түркіменстан мен ЕО өкілдері Ресейдің Балтық және Қара теңіздегі осы құбырларын уәж ретінде көрсетіп, «Транскаспий» жобасы да іске асады, қауіпсіз болады деп сендіреді.

Каспий табанынан құбыр тартуға қатысты Иран әрдайым Ресей позициясын қолдап келген. Егер ЕО «сол құбыр арқылы Иран да газ жібереді» деп мәлімдесе, Тегеранның бұл райынан қайтуы мүмкін.

Ашхабадтағы кездесуден соң жобаның экологиялық мәселелерін сөз еткен Марош Шефчович ЕО мен Дүниежүзілік банктің құбыр жоспарын экологиялық сараптамадан өткізгенін айтып, «бұл – экологиялық тұрғыдан сенімді жоба» деп мәлімдеді.

РЕСЕЙ ФЛОТЫ

Ресей бұл жобаға қарсы сотқа арыз түсіруі де мүмкін. Мұның өзі жоба құрылысын біраз жылға шегеріп тастауы ықтимал. Алайда Әзербайжан, Түркіменстан мен ЕО-ны толғандырып отырған басты мәселе бұл емес.
«Каспий теңізі - достық пен бейбітшіліктің теңізі» деген ұран көп айтылғанымен, оны іс жүзінді дәлелдейтін мүмкіндік әлі туа қойған жоқ. Мұнда миллиардтаған доллардың шикізаты жатқандықтан, ондағы жерасты байлығына деген қызығушылық та қатты.

Каспиймен шектесетін мемлекеттердің барлығы соңғы 10 жылдың көлемінде әскери-теңіз флотын құрды. Бірақ қазір мұнда Ресейдің күші басым болып тұр. 1921 және 1940 жылдардағы Совет Одағы мен Иран арасында жасалған екі келісім бойынша бар билік СССР-ге берілген. Тегеран Каспийде Мәскеумен егесе алмайтынын білсе керек.

Каспий маңы елдері басшылары саммитінде отырған Ресей президенті Владимир Путин. Ресей, Астрахань, 29 қыркүйек 2014 жыл.

Әзербайжан, Қазақстан мен Түркіменстан тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана өздерінің әскери-теңіз флоттарын құрды, демек олардың қауқары Ресей мен Ирандікінен аз деген сөз.

Ал Ресей күшейген үстіне күшейіп келеді. Жақында Дағыстан мен Татарстан да жаңа қарауыл фрегаттарын жасақтады. Олар теңізді үнемі бақылап отырады. Сәуірдің 28-і күні аяқталған жаттығулардан соң 20-ға жуық әскери корабль Астрахань мен Махачкаладағы айлаққа оралған.

Мұнымен қоса жағалауда Ресейдің 300 километр қашықтыққа атылатын зымырандары орналасқан. Каспий тұйық теңіз болғандықтан, мұнда жатқан газ, мұнай құбырларын қорғауға сырттан басқа елдер әскери көмек көрсете алмайды. Демек, бұл теңізде Ресейдің дегені болады.

Бұл жағдайды Марош Шефчович те білетін сияқты. Оның айтуынша, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовпен кездесу барысында түркімен газын Иран арқылы тасымалдау мәселесі де талқыланған.

Иранға халықаралық санкциялар салынғандықтан, мұндай жобаларға қатыса алмайды. Бірақ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздердің нәтиже бере бастағанына қарап, санкциялар жойылатын күн алыс емес деуге болады. Ондай жағдайда «Транскаспий» құбырын салудың қажеті де болмай қалуы мүмкін. Яғни мәселе ЕО-ның өзінің жылдам қимылдауына да байланысты болып тұр.

Азаттық тілшісі Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.