2014 жылы Украинамен арадағы жанжалы халықаралық санкциялар мен экономикалық дағдарысқа ұласқан Ресейдің Батыспен егесі қырғиқабақ соғысты еске салады.
Жаһандық әлеуметтік-саяси процестерді зерттеуші, Германиядағы Джордж Маршалл атындағы стратегиялық зерттеулер орталығының құрметті профессоры Александр Гариннің пікірінше, бұл егесті қырғиқабақ соғыспен салыстыруға болмайды. Өйткені бұл мүлде кереғар екі өмір салты мен экономикалық жүйелердің қақтығысы емес.
Ресейдің қазіргі әрекетін Батыс елдері ақымақтыққа салыну, алжасу, күшті елдердің әлсіздің пікірін елеместен әлемді өз мүддесіне қарай бөліске салған заманға оралуды көксеу деп санайды.
- Мұны қырғиқабақ соғыс дегеннен гөрі 19-ғасырда қалып қойған Ресей мен 21-ғасырда өмір сүріп жатқан Батыстың үйлеспеуі деген дұрыс сияқты. Яғни Ресейдің қазіргі әрекетін Батыс елдері әлдебір ақымақтыққа салыну, алжасу, күшті елдер әлсіздің пікірін елеместен әлемді өз мүддесіне қарай бөліске салған заманға оралуды көксеу деп санайды.
Еуропа бұл тәжірибеден өткен, Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстағы ұлтшылдыққа қарсы күрес ол құбылысты түп-тамырымен жойған. Біз бірыңғай еуропалық даму үлгісінің қалай құрылғанын білеміз. Қазір ешкім экономиканы өркендету үшін біреудің нарығын соғыспен жаулап алуға тырыспайды, үлкенді-кішілі елдер тең дәрежеде бәсекеге түседі.
Ал Ресей өзге жол ұсынып отыр. Ресейдің мұнысы ақылға сыйымсыз болып көрінгендіктен де Обама, Меркель сияқты Батыс саясаткерлері жұмсақтық танытып отыр. Олардың пікірі «Кремль позициясы алжасу екенін түсінеміз, біз халықтардың жауласқанын қаламаймыз, ұлтшылдыққа ұрынғымыз келмейді» дегенге саяды. Бұл - утопиялар соғысы емес... Ресей капитализмі бір кооперативтің, бір отбасының қолында, бірақ бұл - жеке меншіктің капитализмі. Бұл тұрғыдан алғанда, Ресей Батысқа «күштер балансын» қалпына келтіруді, яғни 19-ғасырдағы Меттернихті 21-ғасырда қайталауды ұсынып отыр. Ал Батыс бұдан бас тартты. Енді Батыс Ресейдің бұл модельді жүзеге асыруына жол бермеу стратегиясын ұстанбақ. Бұл бір жағынан ортағасырлық радикалдық утопия ұстанатын «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы тұруға да ұқсайды. Оны жеңу өте қиын, бірақ өркен жаюына мүмкіндік бермеуге болады.
Ресейдегі жағдайдың өрбуіне қатысты болжам жасаған Гарин саясаттағы шұғыл бетбұрыстар әдетте сайлау қарсаңында жасалатынын ескертеді.
Революциялық жағдай шамамен 2017-2018 жылдары орнауы мүмкін.
- Елді тығырыққа тіреген басшыдан қалай құтылуға болады? Путин, әрине, «қызғылт сары» революциядан қатты қорқады. Ол вертикаль билікті мызғымастай етіп бекітіп алды. Ол құрған пирамиданың төбесіндегілер бәрін уысында ұстап отыр. Ішкі әскер күшейтілген. Егер ашыққан халық әлдебір бүлік шығармаса (бірақ халықтың тұрмысы нашарлағанымен, жуық арада ондай ештеңе бола қоймайтын сияқты), Ресей соғыс ашуға, яғни Украинаға армиясын ашық кіргізу сияқты тым үлкен ақымақтыққа бара қоймайды. Әбден беріш болып қатып қалған жүйеде ішкі қарсылық болуы мүмкін бе? Ленин айтатын «жоғарыдағылар қаламайтын, төмендегілердің қолынан келмейтін» революциялық жағдай шамамен 2017-2018 жылдары орнауы мүмкін. Өйткені жоғарыдағылар қаласа, қысымды сәл босаңсытып, азды-көпті әділірек сайлау өткізуге мүмкіндік беріп, айыпты басшыны тақтан тайдыруы мүмкін. Ал екінші жағынан жолы болғыш басшыны қырсық айналдыра бастағанын көрген халық одан теріс айналуы мүмкін.
Ежелгі Қытайда азамат соғысы, ашаршылық, сыртқы жаумен соғыс сияқты сәтсіздіктер кезеңі оқтын-оқтын қайталанып тұратын. Ал халыққа бұл көктегі Құдай билеуші әулетке берген мандатын қайтарып алғандай көрінетін де, бұқара енді басқа династия іздеу керек деп ойлайтын. Елде бүлік басталып, халық басқа династия іздеуге кірісетін. Ресей халқының санасында осындай қарабайыр архаикалық психология орныққан. Сондықтан дүкендердегі қымбатшылық қысқан кезде халықтың санасы кешеуілдеп болса да серпіледі, басшысына табынуын қояды. Украинадағы алғашқы «қызғылт сары» революция кезіндегі алаяқтықпен өткен сайлау сияқты жағдай орнап, оның аяғы Ресейде 1991 жылғыдай жаппай көтерілістердің қайталануына ұласуы мүмкін.
Гариннің пікірінше, болашақтағы сайлауға дейін Ресейде болып жатқан құбылыстың мәнін педагогикадан іздеген жөн.
«Қырым біздікі» деп ұрандатқандар алғашында түбекті оп-оңай иемдене салдық деп ойлады. Бірақ қазіргі заманда құр иемденіп алудың заңды күші жоқ екені белгілі болды.
- 2014 жыл құдды бір әдеби туындыдағы шытырман сюжетті құрап бергендей. Бейне бір Құдай оқиғаның уақыты мен орны көрсетілген, жақсылық пен жамандық айқын көрінетін пьеса жазып жатқандай. Ал Ресей, яғни оны басқарып отырғандар, бұл пьесада, өкінішке қарай, үнемі жақсылыққа жармасып жүретін жамандықтың рөлін ойнап отыр. Халықтың «бір оқпен екі қоянды атып алу», «ешкіммен санаспау», «ешқандай ережеге бағынбау» сияқты өрекпіген желігі өткен ғасырдың 30 жылдарындағы Германияның кеудемсоқтығына ұқсайды. Сол кезден бері Германия көп сабақ алды. Енді, меніңше, Ресей де міндетті түрде сабақ алады. Халықтың сабақ алатын негізгі бөлігі қазіргі әлем мүлде бөлек екенін түсінуі тиіс. Олар «әлем, Батыс – шектен шыққан арсыздықтың мекені, Америка да оңып тұрған жоқ - ретін тауып қымқырып қалуға тырысады, қарабайыр үнемнің құлы» деп құлағына құйып тастағанына қарамастан, әлемнің басқаша өмір сүріп жатқанын ұғуы тиіс. Бірақ заманның басқа екенін олар маңдайын тасқа ұрып барып қана түсінетін сияқты.
Бағаның шарықтауы, инфляция, жұрттың жиған-тергенінен айырылуы, өндірістің тұралауы - мұның бәрі сабақ болуы тиіс. Ал бұл - ұзаққа созылатын процесс. Өйткені Михаил Дмитриев айтпақшы, қазір жұрттың «әні-міне Ресей корпорациялары қарызынан құтылады, банктер Батыстан алған қарызын қайтарады, жағдайымыз түзеледі, рубль нығаяды» деген иллюзиясы мықты, бірақ стратегиялық тұрғыдан бұл - қайыры жоқ алданыш. Енді Ресейге қазіргі заманға сай өнеркәсіпті дамытуды ұмыта тұруға тура келеді. Путин бұқараны ұйытуға бар өнерін, бар беделін салып бақты. Бұқара да сабақ алып, бұлай өмір сүруге болмайтынын, кесірі өзіне тиетінін көруі тиіс. «Қырым біздікі» деп ұрандатқандардың аптығы біртіндеп басылып келе жатқаны қазірдің өзінде байқалады. «Қырым біздікі» деп ұрандатқандар алғашында түбекті оп-оңай иемдене салдық деп ойлады. Бірақ қазіргі заманда құр иемденіп алудың заңды күші жоқ екені белгілі болды. Ешбір банк ұрланған дүниені қабылдамайды. Сол сияқты халықаралық қауымдастық та ұрланған мүлікті қабылдамайды.
Ал Путин өзінің саясатымен халықаралық қауымдастықты қалай біріктіргенін сезбей де қалды. Бір кездері Совет Одағында «капиталистердің сараңдығы соншалық, олар өздерін дарға асатын арқанды да өзімен бірге ала келеді, қарау нақұрыстар» деген лениндік риторика болған. Алғашында Ресей нарығына бүкіл әлем тәуелді сияқты көрініп, соның өзі құндылық атаулыны белден басуға мүмкіндік беретіндей желік болды. Бірақ өмір құндылықтардан аттауға болмайтынын көрсетті, қазір Батыс бұл жағынан белін бекем буып отыр. Қырымды ешкім мойындамайды, әлсіздің жерін күшті тартып алатын заман келмеске кеткен. Ешкім 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басына қайта оралғысы келмейді.