Қыркүйектің 11-і күні АҚШ әділет министрлігі RT телеарнасының (Ресей қаржыландыратын Russia Today телеарнасы – ред.) АҚШ-тағы компаниясынан FARA заңына (шетелдік агенттерді тіркеу актісі – ред.) сәйкес, шетел агенті ретінде тіркелуді талап еткені туралы хабар тараған. RT сайттарында "RT America телеарнасына телевизиялық өнімдер әзірлеп, өзге де қызмет көрсететін компания әділет министрлігінен хат алды" деп хабарланған. RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян «қызмет көрсетумен айналысатын компанияға мұндай талап қою журналистер құқығын шектейді» дегенді бұған қатысты алғашқы мәлімдемесінде-ақ айтып үлгерген. "АҚШ истеблишментінің біздің журналистерге қарсы соғысы сөз бостандығына сеніп келген тамаша жандардың бәріне арналады. Оны сөз бостандығын ойлап тапқандардың өздері өлтірді" деп мәлімдеген Симоньян.
RT телеарнасына қызмет көрсететін америкалық компания емес, журналистердің тағдыры жайлы Маргарита Симоньян ғана емес, қыркүйектің аяғына қарай Ресей сыртқы істер министрлігі өкілі Мария Захарова да мәлімдеме жасады. Ал қарашада FARA заңын RT телеарнасына қызмет көрсететін америкалық компанияға қатысты қолдануды РФ президенті Владимир Путин де "сөз бостандығына жасалған шабуыл" деп атады.
Сонымен, RT телеарнасына қызмет көрсететін америкалық компания қарашаның ортасында шетел агенті ретінде тіркелді. Онымен қатар, ресейлік Sputnik мемлекеттік радиосы хабарларын АҚШ-та тарататын Restor Translator компаниясы да АҚШ әділет министрлігіне құжаттарын өткізді.
Шетелдік БАҚ-тарға қатысты "қарымта шаралар" кешенін енгізумен ресейлік заң шығарушылар қыркүйек пен қазан айларында айналысты. Бір кезде оған тіпті шетелдік әлеуметтік желілерді де қосуды ұсынғандар болды. Мемлекеттік думада "шетел агенттері" тізіміне тіпті Батыс елдерінің тез тамақтану мейрамханалары желілерін де енгізу сияқты экзотикалық ұсыныстар айтылған.
"Шетел агенттері" саналуы тиіс БАҚ туралы заң жобасы Федерация кеңесінде талқыланған кезде сенатор Людмила Нарусова құжаттың шикілігі соншалық, ол "талғамсыздыққа немесе жүгенсіздікке жол ашады" деп мәлімдеген.
ВИДЕО: Людмила Нарусованың пікірі (орыс тілінде)
Your browser doesn’t support HTML5
Жаңа заңды қабылдауға қатысты пікірін АҚШ-тың мемлекеттік департаменті де білдірді. АҚШ үкіметінің өкілі FARA заңы мен Ресейдің "шетел агенттері" туралы заңының жер мен көктей айырмашылығы бар екенін айтқан.
"АҚШ-та "шетел агенті" ретінде тіркеу жұртқа жаңалықтарды хабарлап, ақпаратты жеткізу мүмкіндігін мүлде тарылтпайды. Біз саяси жұмыспен айналысатын ұйымдарды немесе жеке тұлғаларды жай ғана тіркейміз. Олар тіркелсе ғана болды, әрі бұл - өте қарапайым процесс" деген Хизер Нойберт ханым.
АҚШ-тағы ресейлік БАҚ-тар мен Ресейдегі америкалық БАҚ-тардың жұмыс істеу мүмкіндіктерінің арасындағы айырмашылықты Азат Еуропа/Азаттық Радиосы медиакорпорациясының президенті Томас Кент те түсіндірген.
Ол "Біздің жұмысымызды шектеудің кез-келген жаңа түрі Азаттық радиосының Ресейде ақпарат тарату мүмкіндігі мен АҚШ-та ресейлік БАҚ-тар пайдаланып отырған еркіндіктің арасындағы қазіргі теңсіздікті тіпті ұлғайта түседі. Russia Today телеарнасы АҚШ территориясындағы миллиондаған адамды қамтитын кабельдік телевизия желілерін пайдаланады, ал Sputnik – радио FM Вашингтонның өзінде хабар таратады. Ал Ресейде "Свобода" журналистері қудалауға душар болған және тіпті соққыға жығылған. Өткен айда Ресей соты медиакорпорацияның Украина қызметіне мақала жазатын журналистердің бірі Николай Семенаны мақаласы үшін мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен соттады, ал тағы біреуін Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер қамауда әлі ұстап отыр" деп мәлімдеген.
Азат Еуропа/Азаттық Радиосы медиакорпорациясының президенті мұны корпорацияға Ресей әділет министрлігі жолдаған ескертуге жауап ретінде мәлімдеген. Ресей тарапынан келген әлгі хабарламада Азат Еуропа/Азаттық Радиосы жұмысында "шетел агенті функцияларын орындау белгілері бар, сондықтан ұйымның қызметіне Ресей Федерациясы заңдарында қарастырылған шектеулер салынуы мүмкін" деп жазылған.
Қарашаның 17-сі күні Азат Еуропа/Азаттық Радиосы медиакорпорациясына барған АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Хантсман "Бізді Ресейде америкалық " Шетел агенттерін тіркеу актісін" қолдануға қарымта жауап беру ықтималдығы алаңдатады. Бұл заң -АҚШ-та шетел үкіметтері қаржыландыратын және белгілі бір саясатты насихаттайтын ақпараттық ұйымдардың жұмысындағы ашықтықты қамтамасыз етуге көмектесетін құрал ғана. Осылайша жұрт оларды кім қаржыландыратынын және белгілі бір позицияның артында кімдер тұрғанынан хабардар болады" деп мәлімдеді.
Your browser doesn’t support HTML5
Желтоқсанның 5-і күні Ресей әділет министрлігі "шетел агенті" статусы берілген бұқаралық ақпарат құралдары тізімін жариялады. Тізімге "Америка дауысы", Азат Еуропа/Азаттық Радиосы (АЕ/АР), Азаттықтың Орыс қызметінің "Фактограф", "Сибирь.Реалии" медиажобалары, "Настоящее время" телеарнасы, "Свобода" радиосының Татар-башқұрт қызметі (AzatliqRadiosi), "Idel.Реалии", "Кавказ.Реалии" және "Крым.Реалии" медиа жобалары енгізілген.
Сол күні әділет министрлігінің әлгі шешіміне қатысты комментариінде Азат Еуропа/Азаттық Радиосы президенті "Біз әділет министрлігі мен Ресейдің өзге де билік органдарының компаниямызға қатысты бүкіл ақпаратын жіті бақылап отырамыз. Сонымен қатар, біз орыстілді аудиториямызға нақты және шынайы ақпарат берудегі журналистік қызметімізді жалғастыра береміз" деп мәлімдеген.
ВИДЕО: Том Кенттің мәлімдемесі (орыс тілінде)
Your browser doesn’t support HTML5
"Интерфакс" агенттігі Ресей әділет министрлігінен "шетел агенттері" саналатын БАҚ туралы заңды қолдану тәртібіне қатысты жайттарды анықтауға тырысқан еді, бірақ «ондай тәртіп жоқ» деген жауап алған. "Интерфакс" сауалына баспасөз қызметінен желтоқсанның 5-і түскен хабарламада " "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" федералдық заңдағы шетел агенті функцияларын атқаратын коммерциялық емес ұйымның құқықтық мәртебесін реттейтін нормаларды шетел агенті функцияларын атқаратын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына қолдану тәртібін Ресей әділет министрлігі бекітеді. Қазір аталған тәртіп ережелері әзірленіп жатыр" деп жазылған.
АҚШ-та RT телеарнасына жалғыз шектеу қолданылған – телеарна журналистерінің АҚШ конгресіне кіруіне аккредитация бермейді. Бірақ бұл шешімді америкалық заң шығарушылар қабылдаған жоқ, бұл жағдайда олар АҚШ конституциясын тікелей бұзған болар еді. Шешімді конгресте жұмыс істейтін кәсіби журналистер цехы қабылдаған. Телерананың америкалық бөлімшесі директорына тиісті хатты "Радио және ТВ тілшілері галереясы" жолдаған.
Ал Ресейде "қарымта шара" қолдануды заң шығару органы ұсынды. Желтоқсанның 5-і күні Федерация кеңесі "шетел агенттері"деп танылған БАҚ өкілдерінің жоғарғы палатаға кіруіне тыйым салу туралы шешім қабылдады. Ресей мемлекеттік думасы бұл тақырыпты сәрсенбі, желтоқсанның 6-сы күні талқылауы тиіс болған.
(Азаттықтың Орыс қызметі арнайы жобаларының жетекшісі Ирина Лагунинаның шолу мақаласы орыс тілінен аударылды)