Ресей газы Еуропадағы тұтынушыларға әртүрлі бағамен сатылады.
Жария ақпараттарды талдау барысында Батыс Еуропа мемлекеттері «Газпромға» экономикалық жағынан кедейлеу Шығыс Еуропа елдеріне қарағанда анағұрлым аз төлейтіні анықталды.
Неге Чехия мен Польша Ресейден әр мың текше метр газды 500 доллардан алады да, Германия 400 доллардан төмен төлейді?
Оксфордтың энергетика институтының газ индустриясы бойынша маманы Джеймс Хендерсон:
- «Газпром» бағаны ол елде газдың басқа, балама көздері бар ма, жоқ па – соған қарап белгілейді. Яғни, монополист ретінде әр елге әртүрлі бағасын қояды, - дейді.
Сонымен, жария ақпараттарды талдау барысында мынадай тұжырымдар жасалды:
Еуропаның ең кедей елдеріне Ресей газын қымбатқа сатады.
Еуропадағы ең кедей бес елдің ішінде тек Молдова Ресей газына орташадан төмен баға төлейді. Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, Еуропадағы ең кедей ел Македония газға басқалардың барлығынан көп төлейді (мың текше метріне - 564 доллар). Орташа айлық жалақы көлемі Германиядағыдан бес есе аз Босния-Герцеговина газды 515 доллардан алады.
Ресей газын арзан алатын Еуропаның бай елдері Мәскеуге қатысты жұмсақ саясат ұстанады.
АҚШ пен Еуропа Одағы (ЕО) Ресейге «Қырымды қосып алды, Украинаның шығысында сепаратистерді қолдады» деп, санкциялар арқылы қысым жасай бастағаны белгілі.
Алайда Ресей газын 400 доллардан төмен бағаға алып отырған Германия, Австрия және Франция «Мәскеуге қатаң санкциялар салуға қарсы болды» деген дауға қалды.
Қай елдердің Ресейден қанша газ алатынын төмендегі кестеден біле аласыз (мың текше метрмен):
(Толығырақ ақпарат үшін осы сілтемені басыңыз)
Ресей газын ең көп алатын ел – Германия. Ол 2013 жылы «Газпромнан» 40 миллиард текше метр газ сатып алды. Бұл елдің өндіріс алыптары Ресейге қатаң санкция салғызбау үшін үкіметке қысым жасады.
Франция Ресейге әскери кемелер сатуды көздейтін миллиондаған доллардың келісімінен бас тартпай отыр. Ал «Газпромға» отынның әр мың текше метрі үшін 397 доллар төлейтін Австрия Украинаны айналып өтетін газ құбырының австриялық бөлігін салу туралы келісімге қол қойды.
Бір қызығы - Вена Мәскеумен келісерден бір апта бұрын құбырдың өз аумағындағы бөлігін салуға келісім бергелі отырған Болгарияны айнытқан еді. Болгария Ресей газына Австриядан 100 доллар көп төлейді.
Кремль басқа елдерді арзан газымен Кеден Одағына тартып отыр
Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович ЕО-мен серіктестік келісіміне қол қоюдан бас тартқанда Путин бұл елді Кеден Одағына қосып алмақ болған. Кеден Одағына қазір Ресей, Қазақстан және Беларусь мүше.
15 миллиард доллар берешегін жеңілдетумен қоса, Ресей Украинаға сататын газын арзандатуға да уәде берген. Украинаның сол кездегі билігі Ресей газының әр мың текше метрін 166 долларға алатын Беларусь пен 189 доллар төлеп отырған Арменияның жағдайына қызықса керек. Арменияның былтыр аяқ астынан Кеден Одағына қосылу ниетін мәлімдегені белгілі. Бұл екі ел табиғи газды қазір тек Ресейден алып отыр.
Төмендегі кестеде қай елдің қанша пайыз газы қай елден алынатыны көрсетілген (Ресей газы қызыл түспен, басқа елдерден келетін газ көк түспен берілген):
(Толығырақ ақпарат үшін осы сілтемені басыңыз)
Басқа пост-советтік елдер газды Ресейден қымбатқа алады.
Газ жөнінен күні Ресейге қарап отырған кейбір елдер Мәскеуді сынаудан жасқанбайды. Осы дағдарыс кезінде Украинаны ашық қолдаған Балтық бойындағы үш ел – Латвия, Литва және Эстония табиғи газды 100 пайыз Ресейден импорттап отыр. Украина да газының 72 пайызын Ресейден алады. Бұл елдер газдың әр мың текше метрі үшін 416 доллардан көп төлейді.
Кеден Одағынсыз Мәскеудің қабағы ашылмайды.
Сербия Ресейдің Беларусьтан кейінгі ең жақын одақтасы саналады. Алайда ол газды ең қымбат бағаға – әр мың текше метрін 457 долларға алады. Оның қасында бұрынғы премьер-министр Сильвио Берлусконидің тұсында Ресеймен жақындасқан Италия 440 доллар төлейді.
«Мұнда экономикалық мүдде алда тұрады. Келіссөздерге саясаттың да ықпалы бар, кейде келіссөз өтетін уақыт та көп рөл ойнайды. Бірақ менің байқауымша, Ресей өз газын қаншаға өткіземін десе, соншаға сатып отырған сияқты» дейді Хендерсон.
(Глэн Кейтс пен Ли Луоның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)