Билікпен "келісіп алған" деген айыптауды Собчактың өзі талмай жоққа шығарып келеді әрі мұны құжат жүзінде растайтын айғақ шынымен жоқ. Енді Навальныйдың жақтастары қолымызда Собчактың қитұрқы ойынын дәлелдейтін айғақтар бар деп мәлімдеп жатыр. Олардың пікірінше, Собчак штабы ол сайлауға кандидат ретінде тіркелу үшін жақтастарының санын жасанды жолмен «көбейтіп» жатыр.
ДАУДЫҢ БАСЫ
«ВКонтакте» әлеуметтік желісінде 1600 жазылушысы, Twitter-де 4800 оқырманы бар "Протестная Москва" паблигі қарашаның 28-і күні Ксения Собчактың сайлауалды сайтына тіркелген адамдар санының «қалыптан тыс» көбейіп кеткеніне назар аударған. Собчак штабы өкілдерінің айтуынша, оны президенттікке кандидат ретінде ұсыну үшін кейін дәл осы адамдардың қол қоюы сұралмақ. Сайттағы есептегішке сенсек, тіркелген пайдаланушылар саны сәрсенбі күні таңертең 56 мыңға жуықтаған (ал кандидат ретінде тіркелу үшін 100 мың адамның қолы қажет, оның үстіне, сайтқа тіркелген адамдар кандидатты ұсыну үшін қол қоюға да әзір болуы керек).
Әлгі парақшада осы үшін арнайы құрылған кестеде түзілген статистикаға қарағанда, "Протестная Москва" паблигі Собчак сайтында тіркелген адамдар санын қарашаның 19-ынан бері бақылай бастаған. Әлгі деректерге қарағанда, қарашаның 24-і, түнгі сағат бір мен екі арасында Собчак жақтастары бірден 10 мың адамға көбейген, ал оның алдындағы және одан кейінгі сағаттарда сайтта тіркелген адам сағатына бір мыңға жетпейді.
Бұл аномалияға Алексей Навальный бірден назар аударып, "Протестная Москва" хабарламасын қайта жариялады әрі былай деп жазды:
Егер қазір кем дегенде 50 аймақта штабы болмаса (біздің 81 штабымыз бар), президенттікке кандидаттың 300 мың да, 100 мың да қол жинай алуы мүмкін емес дегенді талай мәрте айтқанмын, тағы қайталап айтамын. Сайлау жақындаған кезде әдетінше кандидаттардың жалған қол жинау шоуын бақылайтынымызды түсінеміз. Бірақ егер сен оппозиция кандидаты болуға ұмтылсаң, қулық істеуіңе жол жоқ. Өйткені сені көзі ашық адамдар бақылап отыр ғой. Олар "қолдаушы қолдардың" кестесін түзуге шамасы келетін адамдар. Оппозицияның пригожиндік боттар мен тролльдер фабрикасынан еш айырмасы болмай шығады. Кремльге керегі де осы - халыққа Ресейде оппозиция бұрмалауға сөз жүзінде ғана қарсы, ал мұнымен өзі айналысады дейтін болады. Мынау масқара.
СОБЧАК ЖАҚТАСТАРЫНЫҢ УӘЖІ
Ксения Собчакқа алғашқылардың бірі болып оның сайлауалды штабы мүшесі Рустем Адагамов ара түсті. Адагамовтың сөзінше, "Собчак - барлық кандидатқа қарсы кандидат" сайтында тіркелген пайдаланушылар қатары сол күні кешке "Ресей" телеарнасынан трансляцияланған "Вечер с Владимиром Соловьевым" бағдарламасының эфирімен байланысты күрт өскен. Бағдарлама Мәскеуде сағат 23 сағат 15 минутта эфирге шығып, шамамен түнгі сағат бір жарымда бітеді. Сайтының аты жазылған футболка киген Собчак жұртты сайтқа тіркелуге шақырған.
Адагамов Twitter-де "Әлдебір аноним адамдар...... бізді @navalnyмен жанжалдастыруға тырысты, бірақ оларынан түк шықпады" деп жазды. Twitter-дегі келесі жазбасында ол «10 000 адамды бір мезгілде, бір сағаттың ішінде тіркей салатын біз нақұрыс емеспіз ғой» деген тағы бір уәж келтірді.
Тіркелушілер санының күрт көбею себебін Собчактың сайтында да осылай түсіндірген. Оның штабының кеңесшісі Виталий Шкляров Соловьевтің бағдарламасы өтіп жатқан кезде Собчак пен оның сайтына ықылас күрт артқанын растайтын скриншоттар мен сілтемелер келтірген.
НАВАЛЬНЫЙ ЖАҚТАСТАРЫНЫҢ УӘЖІ
Оппозициялық саясаткердің жақтастарының көбін "біз нақұрыс емеспіз ғой" деген тіркес иландыра алмады. Олардың ішінде Алексей Навальныйдың "Коррупциямен күрес қорымен" жұмыс істеп жүрген, "IT уголовные дела СОРМ россиюшка" Тelegram-парақшасының авторы Владислав Здольников те бар. Здольников Twitter -де Рустем Адагамовпен дауласып, мынадай уәждер келтіреді:
– "Вечер с Владимиром Соловьевым" бағдарламасын Қиыр Шығыста тікелей эфирде көрсетті, кейін қалған аймақтарда хабардың жазбасы жүрді, бұл - түрлі сағаттық белдеулерде орналасқан аймақ тұрғындарына шоуды ыңғайлы уақытта көруге мүмкіндік беретін стандартты практика. Бірақ сайтта тіркелгендер саны бағдарламаны мәскеулік сағат белдеуінде көрсеткеннен кейін ғана күрт артты. Ал бағдарлама миллионнан аса халық тұратын өзге қалалардың, мысалы, Екатеринбург эфирінде жүріп жатқан кезде Собчактың сайтына жаңа адамдар тіпті бір күн бұрын тіркелгендер санынан да аз тіркелген.
– Тіркелгендер саны тым күрт артты, сондықтан мұны қалыпты әрі табиғи құбылыс деп санауға болмайды. Сағат түнгі 00.00-ден 01.00-ге дейін – 734 адам, 01.00-ден 02.00-ге дейін – 10 000 адам, ал 02.00-ден 03.00-ге дейін - 132 адам тіркелді. Здольниковтің пікірінше, егер бұл жалған тіркелу емес, нақты адамдар тіркелген болса, олардың тіркелген сағаты әркелкі болар еді. 2011 жылы билікті сайлау нәтижелерін бұрмалады деп айыптағанда Ресей оппозициясы дәл осы - "дауыс дұрыс жиналмады" деген қисынға сүйенген.
Vladislav@unkn0wnerror атты интернет қолданушы: «Собчактың штабы өтірікті қалай шімірікпестен айтатынын қараңдар: алаяқтар қолдарды бұрмалаймыз деп омақасты, өйткені олар Соловьевтің хабары Қиыр Шығыста тікелей эфирде шығатынын, ал Мәскеуде шыққанға дейін хабардың жазбасы Ресейдің өзге сағаттық белдеулерінде 7 сағат бойы көрсетілетінін білмейді» деп жазады.
Рүстем Адагамов бұған эфир кезінде Собчак сайтында белсенді тіркелген көрермендер эфир аяқталғаннан кейін "бірден ұйықтап қалған шығар", өйткені хабар біткен кезде мезгіл түн ортасынан ауып кеткен болатын деп жорамалдайды. Өзге пайдаланушылар бұл - Собчак пен Навальныйды жанжалдастыру үшін оның штабы өкілдеріне қазылған ор деп санайды. Тағы бір болжам бойынша, Собчак сайтындағы есептегіш "істемей қалып", жаңа тіркелгендерді көрсетпей қойған, сосын ақау жөнделгеннен кейін оларды бір мезетте қоса салған.
Ал Ксения Собчак штабының баспасөз хатшысы Ксения Чудинова ықтимал болашақ кандидаттың туған күні – қарашаның 5-і күні де тіркелушілер қатары күрт көбейген деп ақталады. Чудинованың "Коммерсант" басылымы келтірген сөзінше, сол күні сайтқа 13 мың қолданушы кіріп, оның жеті мыңы тіркелген. Владислав Здольников «сайтқа кіргендердің 50 пайыздан көбі тіркелді» деген мәлімдемені "нағыз суайттық" деп санайды.
Президенттікке кандидат ретінде тіркелу үшін Ксения Собчак өзін ұсынуға келісетін және 100 мың қол жинауға дайын партияны табуы тиіс болған. Қарашаның 15-і күні Собчак сайлауалды коалициясын "Гражданская инициатива" партиясымен құрғалы жатқанын мәлімдеген. Орталық сайлау комиссиясы өкілдері "Кировлес" қылмыстық ісі бойынша сотталғандықтан, Алексей Навальныйдың сайлауға қатысу мүмкіндігі жоқ деп талай рет мәлімдеген. Саясаткердің өзі «конституцияға сәйкес, шартты жаза адамның елдегі жоғары мемлекеттік қызметке өзін ұсыну құқығын шектемеуі тиіс» деп санайды. Бұған қарамастан, Навальный сайлау науқанын жалғастырып, жақтастарының 100 мың, 300 мың қолын жинауға шамам жетеді деп мәлімдейді. Навальныйға кандидат ретінде тіркелуге рұқсат етсе, 300 мың қол жинау қажет болуы мүмкін, бірақ оны президенттік қызметке ұсынуға келісетін партия табылмайды.
(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Марк Крутовтың мақаласы орыс тілінен аударылды)