Путиннің жеңісі «Еуразия одағы» жайлы сөзді қайта қоздатты

Владимир Путин сайлаудағы жеңісін тойлап, жылап тұр. Мәскеу, 4 наурыз 2012 жыл.

Ресей премьер-министрі Владимир Путин үшінші мерзімге Ресей президенті болып сайланды. «Путиннің Кремльге оралуы Ресейдің ТМД аумағындағы көршілеріне қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?» деген сауал көп адамды ойланта бастады.

Путин 2011 жылдың қараша айында басталған сайлау алды науқанында ТМД елдерімен Еуразиялық одақ құру идеясын көтеріп, интеграциялық жобаны жүзеге асыру жоспарын жариялаған еді.

Ол алдағы бағдарламасы жайлы «Известия» газетінде жариялаған мақаласында «Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аралығын айтарлықтар байланыстыра алатын әрі бүгінгі заманның өзегі бола алатын, мемлекеттен жоғары мықты бірлестік үлгісін ұсынатынын» айтқан.

ПУТИННІҢ «ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫ»

Путин бұрынғы совет елдерін Ресейдің маңына топтастырып, барлық ресурстарын бірлесе пайдалануды көздеді. Енді Кремльге қайта оралған соң өзінің басты жобасын жүзеге асыруға кіріспек.

Бұрынғы совет елдерін Еуразия одағына біріктіруді көздеген Путин «Известия» басылымындағы мақаласынан кейін Санкт-Петербургте Қазақстан, Қырғызстан,

ТМД елдері үкіметі басшыларының жиыны. Санкт-Петербург, 18 қазан 2011 жыл.

​Тәжікстан, Беларусь, Армения, Молдова және Украина елдері премьер-министрлерінің басын қосқан болатын.

Осы жиында Путин еркін сауда аймағын құру келісімі туралы салтанатты түрде жариялап, «бірігудің тиімді тұстары бар екенін» айтты.

– Біз өз нарығымызды ашып отырмыз, бұл тауарлар біздің базарымызға ең төмен бағамен түседі дегенді білдіреді. Бұл бірлескен жаңа кәсіпкерлікті бастауға жақсы жағдай тудырады. Мұның бәрі экономикамыздағы бәсекелестікті күшейтеді, – деді ол.

Путин Ресейдің «Еуразия одағына бірігуге ешкімді мәжбүрлеп отырмағанын», «елдер бұл бастамаға өздерінің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделері негізінде ғана қосылулары керек екенін» айтады.

Ол «Известиядағы» мақаласында: «Еуразия одағы Совет одағының мұрасы негізінде құрылуы керек» дей келе, «бұл инфрақұрылым, қалыптасқан аймақтық өндірістік мамандандыру және ортақ тілдер мен ғылыми-мәдени кеңістік болуы керек – осы ресурстарды ортақ мүддеміз үшін бірлесе пайдалануымыз қажет» деген.

Бірақ Путиннің бұл бастамасын ТМД елдерінің бәрі бірдей қолдай ма, әлде Кеден одағы аясындағы үш елмен шектеліп қала ма – гәп осында.

МӘСКЕУДІҢ ИНТЕГРАЦИЯҒА КӨНДІРУ САЯСАТЫ

Ресейдің көршілері Путиннің бұл бастамасын талқылағанда ұлттық мүдделері көбіне алып елдің жетегінде кетіп жатқанын да, Ресей тарапынан қысымның күшейе түсетінін де болжап отыр.

Мәскеу жуықта Украинаның сүт өнімдері, оның ішінде ірімшік импортына тыйым салып, Еуропа одағына қосылуды көздеген Киевке қысым жасады.

Ресей-Украина парламентаралық тобының мүшесі, украиндық депутат Олег Зарубинскийдің пікірінше, Мәскеудің Киевті осылай қыспаққа алуы тоқтамайды.
Путиннің өзіне тән дөрекілігі, прагматикалық мінезі, кейде сыртқы байланыстарда да шикі саясаттары бар.

– Соңғы бірнеше жылда Кремльде Дмитрий Медведев болғанымен, Ресей саясатының негізгі мәселелерін Путин шешіп отырды. Сондықтан біз түбегейлі өзгерістер болады деп айта алмаймыз. Путиннің өзіне тән дөрекілігі, прагматикалық мінезі, кейде сыртқы байланыстарда да шикі саясаттары бар, – дейді украин депутаты Олег Зарубинский.

Оның ойынша, «Ресей Украинаны Еуразиялық одаққа қосылуға көндіру үшін бірнеше амал табады; керек болса, газды да бермей қояды».

«РЕСЕЙДІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ЫҚПАЛЫН АРТТЫРМАҚ»

Путиннің интеграциялық мақсатын жүзеге асыруы Кавказ елдерінде кедергіге ұшырауы мүмкін. Бұл аймақтағы мұнайға бай Әзербайжан Медведевтің Таулы-Қарабах қақтығысын шешуге тырысқанын мойындағанымен, Путиннің бұл мәселені екі елге қарсы құрал ретінде пайдаланып отырғанын айтады.

Соңғы кездері Баку Батысқа бет бұрып, табиғи газын Ресейсіз-ақ тікелей Еуропа нарығына шығару жолдарын қарастыра бастады.

Түркіменстан да Путиннің Еуразия одағы бастамасына күдікпен қарап отыр.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) және Ресей президенті Дмитрийй Медведев. 23 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Түркімен сарапшысы Аманмурад Бугаевтың ойынша, бұл іске байланысты «Путинге керек мінез – өз идеяларын жүзеге асыруға қажетті сыпайылық».

– Путин Ресейдің Орталық Азияға ықпалын арттыруға тырысары сөзсіз. Путин әрдайым түркімен экономикасын Ресейге тәуелді еткісі келеді. Ол тіпті онысын жасырмайды да, – дейді сарапшы..

Қырғызстандық сарапшы Марс Сариевтің пікірінше, Путин Еуразиялық интеграцияны Ресейдің халықаралық мәртебесін нығайту үшін алға тартып отыр.

– Менің ойымша, сайлаудан кейін Путин ТМД елдерін қосатын өзінің Еуразия одағы туралы ойын жүзеге асыруға тырысады. Сол тұрғыда Ресей Қырғызстанмен өте жақын байланыс құруға тырысып, бізді Кеден одағы және Еуразия одағына қосылуға итермелейді. Егер Ресей ТМД елдерін біріктіре алмаса, одан кейін Ресейдің өзі ыдырайды. Онда ол Еуропаның артқы есігі немесе Қытайдың шикізат бұлағы болып қалады, сондықтан Ресейге басқа жол жоқ, – дейді Марс Сариев.

«ҚАЗАҚҚА ПУТИННІҢ ЖЕҢІСІ ЖАҚСЫ ЕМЕС»

Қазақстандық саясаткер Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша, «Ресейдің Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық кеңістік дегенінің барар түбі – Еуразия одағы екені белгілі болған».

Бірақ саясаткер «бұл бастаманы Путинге президент Назарбаев бастап берді» деген пікір айтады.
Әу бастан осы мәселелерді көтеріп, Қазақстанды Ресейдің құшағына итермелеп келе жатқан Назарбаев қой.
Жасарал Қуанышәлин.

– Әу бастан осы мәселелерді көтеріп, Қазақстанды Ресейдің құшағына итермелеп келе жатқан Назарбаев қой. Ал оның негізгі және сенімді одақтасы – Путин. Сондықтан қазақ үшін Путиннің қайта сайланғаны жақсы емес. Себебі Путин Ресейдің империялық рухын тірілтіп, тәбетін оятты. Ресейді қайтадан ұлы державалар қатарына қосу саясатын жүргізіп келе жатыр. Путиннің кешегі жылап тұрып, «Біз жеңдік!» дегенінің өзі көп нәрсені білдіреді, – дейді саясаткер Жасарал Қуанышәлин.

Алайда қазақстандық саясаткер «Путиннің бұл мақсаты ұзаққа бармайды-ау – себебі Ресейдегі соңғы шерулер оның саясатынан өз халқының да шаршағанын көрсетті» деп болжайды.