Путин «әділ ақпарат» таратқан 300 тілшіні марапаттады

Ресей президенті Владимир Путиннің тікелей эфирі кезінде баспасөз орталығында отырған журналистер. 17 сәуір 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 300-ден астам баспасөз өкілін Қырымдағы оқиғаларды «әділ баяндап, халыққа жеткізгендері» үшін марапаттады.
Бұл жаңалықты салыстырмалы түрде тәуелсіз саналатын ресейлік «Ведомости» газеті мамырдың 5-сі күні хабарлады.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков президенттің журналистерді марапаттағанын «The Moscow Times» басылымына растаған. Ол Кремльдің «бұл жайында егжей-тегжейлі ақпарат бермейтінін» айтқан.

ЖАСЫРЫН СЫЙЛЫҚ

Путин жарлыққа сәуірдің 22-сі күні, Қырымды ресми түрде қосып алғаннан бір ай өткенде қол қойған. Құжатпен танысып шыққан адамға сілтеме жасаған «Ведомости» басылымы «журналистердің Қырымдағы оқиғаларды әділ түрде хабарлап, жоғары кәсіби шеберлік көрсеткендері үшін марапатталғанын» айтады.

Газеттің жазуынша, бұйрық президенттің веб-сайтындағы жарлықтар тізімінде жоқ. Путиннің баспасөз қызметі өкілі «бұл құжаттың көпшілік назарына арналмағанын білдіреді» дейді.

Марапатталушылардың тек біреуі - РТРС телерадиокомпаниясы директорының орынбасары Виктор Пинчук қана «Ведомости» газетіне марапат туралы «білетінін» айтқан. Сыншылар Ресейдегі мемлекеттік БАҚ-ты «жалған ақпарат таратып, Украинадағы сепаратистерді қолдайды, Мәскеудің әрекетін ақтауға тырысады» деп сөксе, билік оларды марапаттап жатыр.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Сочи, 14 мамыр 2013 жыл.

Бұл оқиға Ресейдегі әлеуметтік желілерде түрлі пікір тудырды, Twitter-дегі #орденвстудию хештегі арқылы азаматтар Путиннің сыйлығын сынады.

«Ведомости» дерегі бойынша, «Бүкілресейлік мемлекеттік телевизия мен радио хабарлары компаниясының 100 шақты қызметкері, «НТВ» мен RТ (Russia Тoday) және Life News телеарналарының ондаған журналисі, мемлекеттік «Бірінші арнаның» 60-тан астам өкілі марапатталған.

«ПУТИННІҢ ҚИЯЛЫН ТАРАТАДЫ»

Наурыз айында «Бірінші арнаның» Украинадан Ресейге ағылған босқындар деп, Польша шекарасынан өтіп бара жатқан украиндықтарды көрсеткен кадрының жалған екені әшкереленді. RT арнасы да Украина туралы өз «хикаясын» құрастырып, «қанқұмар украин ұлтшылдары мен жаңа фашистік бұзақылар орыс тілді тұрғындарды құрбандыққа шалып жатыр» деген еді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри өткен айда ағылшын тілді бұл арнаны «Путиннің қиялын таратып, Украина туралы жорамалдарды насихаттайды» деп айыптады.

Russia Тoday телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинге жаңа студияны таныстырып жүр. Мәскеу, 11 маусым 2013 жыл.

RT бас редакторы Маргарита Симоньян да Қырымдағы оқиғаға байланысты «Отан алдындағы еңбегі үшін» марапатын алды. Авторлық бағдарлама жүргізушісі Аркадий Мамонтов, «НТВ» бас директоры Владимир Кулистиков, танымал тележүргізуші Владимир Соловьев те марапатсыз қалмады.

Шамамен 90-ға жуық журналист орден мен медаль тақты. Олардың ішінде либералдық ақпарат құралдары жоқ. Кремль бұқаралық коммуникация, ақпараттық технология және байланыс саласын бақылау федералдық қызметінің жетекшісі Александр Жаровтың да еңбегін ескерді. Ол басқаратын ұйым жақында танымал оппозициялық блогтар мен Grani.ru оппозициялық сайтын жауып тастаған еді.

Бұл қадамды Ресейде бұрын-соңды болмаған, теңдесі жоқ шешім деуге келеді.

2009 жылдың қаңтарында сол кездегі президент Дмитрий Медведев 2008 жылғы Оңтүстік Осетияға қатысты Ресей мен Грузия арасындағы соғысты баяндағаны үшін 11 журналисті марапаттаған еді. Путиннен айырмасы - Медведев сыйлықты көпшіліктен жасырмай берген.

Символдық мәнінен бөлек, марапат иесі бірқатар жеңілдікке ие болады. «Отан алдындағы еңбегі үшін» марапатының иегері ай сайын қомақты жәрдемақы алады. Мемлекеттік марапат иелерінің бәрі еңбек ардагері атануға хақылы, оның да көптеген артықшылықтары бар.

(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)